Әлем • 21 Қыркүйек, 2021

Норвегияның ұлттық міндеті

376 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

БРЮССЕЛЬ. Норвегиядағы кейінгі оқиғалар алдағы қарашада Глазгода өтетін БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі кон­ференцияда (COP 26) айтылатын климатқа қатысты мін­дет­те­мелерге әсер етуі мүмкін.

Норвегияның ұлттық міндеті

Тамызда аталған ел үкі­ме­ті бекіткен арнайы комитет Ұлт­тық әл-ауқат қорын 2050 жыл­ға қарай парниктік газдар­дың шығарылымын нөлдік дең­гей­ге түсіріп, Норвегияның ха­лықаралық қоғамдастық ал­дын­­­дағы міндеттемесін орын­дау­­ға жұмсауды ұсынды. Көп ұза­май, Еңбек партиясы атынан сынға түсіп жатқан Йонас Гар Сторе егер Норвегия премьер-министрлігіне сайланса, қор қаражатын парниктік газдарды жою мақсатында жұмсайтынын растаған-ды. Сторе осы айда өткен парламенттік сайлауда же­ңіс­ке жетті. Енді оның міндеті – уәдесін орындауға мүмкіндік беретін коалиция құру.

Норвегияның құны 1,4 триллион долларлық Мемлекеттік зейнетақы қоры – әлемдегі ең ірі әл-ауқат қоры. Бірақ ондағы қаражатты халықаралық мін­дет­темесін орындауға жұм­сау­ға батпаған еді. Бұл тұрғыда Нор­ве­гия жалғыз емес.

Қолданыстағы халықаралық ке­лі­сім­дерге сәйкес, климат жө­­­ніндегі міндеттемелер әр ел­­­дің физикалық шекарасынан бөлінетін парниктік газдар кө­­лемін бақылайды. Ал ш­е­тел­дік активтерді иеленуі ке­зін­де шығатын зиянды газдар есепке алынбайды. Осылайша, би­лік шығарылымды қысқарту мақ­сатында өз экономикасын мұ­қият бақылағанымен, әл-ауқат қор­ларын есепке алмауға бе­йім. Нәтижесінде, бір егеменді қор ғана – Германияның KENFO қоры БҰҰ бастамашы болған Net-Zero активтер меншік ие­ле­рі­нің альянсына қосылды. Бұл альянс 6,7 триллион дол­лар­ға жуық активтерге иелік ете­ді. Оның ішінде 46 зейнетақы қоры мен сақтандыру компания­сы бар.

Норвегияның зейнетақы қо­ры­на әлемдегі листингілік ком­паниялардың 1,4 пайызы тиесілі екенін ескерсек, елдегі көңіл күйдің өзгеруі символдық тұр­ғыдан да, практикалық тұр­ғы­дан да маңызды. Нор­ве­гияның жаңа үкіметі Халықаралық валюта қорының бұрынғы бас экономисі Оливье Бланчард пен алдағы COP 26 жиынында Net-Zero Alliance-ға тіркелуді сұраған басқа да сарапшылардың өтініштерін ескермек.

Бірақ Норвегия мұнымен тоқтап қалмақ емес. Жалпы, ұлт­тық қорлар еншісінде 10 трил­лион долларға жуық актив бар. Бұл Норвегиядағы Ұлттық әл-ауқат қорынан шамамен жеті есе көп. Әлемдегі ең ірі қоры бар ел болғандықтан, Норвегия COP 26 жиынында ұлттық қорларды парниктік газдарды шығару кө­ле­мін нөлдік деңгейге түсіру міндетін орындауға шақырып, дипломатиялық күш-жігердің басы-қасында жүруі керек.

Норвегия белсенді халық­аралық дипломатиясының тарихымен мақтана алады. Оның ха­лықаралық аренадағы жоғары қа­білеті әлемдегі қарулы қақ­ты­ғыстарды тоқтатуда ара­аға­йын болуда маңызды рөл ат­қар­ды. Сондай-ақ Ұлттық қорды басқаратын Norges Bank Investment Management әлемде алпауыт әрі беделді инвес­тор са­налады. Мұның бәрі Нор­ве­гия­ның абыройын асырып, басқа ұлттық қорларды «нөлдік деңгейге» түсіруге шақыруға мүмкіндік береді.

Қуаныштысы, кейбір ұлт­тық қорлар климатқа қатысты ұста­ны­мы өзгеріп келе жатқанын көр­сет­ті. Норвегия тарапы Франция, Ирландия, Жаңа Зеландия, Сингапур және Біріккен Араб Әмірліктері секілді елдерден әлеует­ті серіктестер іздей алады. Атал­ған мемлекеттердегі ұлттық қорлар «нөлдік деңгейге» қол жеткізуге инвестиция құя алады. Мұндай қадамға барғанда әлі климатқа қатысты міндеттемесін орын­дауға кіріспеген немесе қаражаты шектеулі ұлттық қор­лар жаһандық келісімге үлес қоспақ.

Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық панельдің соңғы баян­дамасына сүйенсек, жаһан­дық жылыну апатының алдын алу қиынға түсіп барады. Себебі көптеген мемлекет өз аума­ғындағы шығарылымды қыс­­қартуға қабілетсіз не оған ние­ті жоқ.

Осындай қиын жағдайда, ірі шетелдік активтерге ие елдер климаттың өзгеруін өз шекараларында ғана емес, сондай-ақ өздеріне тиесілі және әсер ете алатын барлық активтері бар аймақта да жүргізудің жолдарын іздеуі керек. Ұлттық қор ак­тивтері ішкі жалпы өнім көле­мі­нен асып кететін Норвегия мен Парсы шығанағы елдері үшін климаттан түсетін үлкен пайда ұлттық қор портфелінде жатыр.

Ұлттық қорлары бар елдер климаттық тәуекел мен климатқа қатысты салаға инвестиция салу енді жеткіліксіз екенін мойын­да­уы керек. Шындығында, қа­зір Ұлттық қордың көмегімен климаттық дағдарыстың алдын алуға талпынған елдер ғана оза шауып тұр.

Халықаралық бейбіт келіс­сөз­дердің жұлдызы – Норвегия жаһандық егеменді қорының қозғалысын басқару мүмкіндігін пайдалануы керек. Бұл оны халықаралық климаттық дипломатия мен көшбасшылықтың чем­пионы ретінде көрсетеді. Теңіз түбінен көмірсутектерді сорып алып, оларды экспортқа шығару арқылы байлыққа қол жеткізген ел үшін бұл дұрыс қадам.

Кристиан ФИГЕРЕС,

Жаһандық оптимизмнің негізін қалаушы, The Future We Choose: The Stubborn Optimist’s Guide to the Climate Crisis бестселлер кітабының авторларының бірі. Ол 2010-2016 жылдары БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы негіздік конвенциясының атқарушы хатшысы болды, климаттың өзгеруі туралы 190 ел мен Еуропалық одақ қабылдаған Париж келісімін қадағалады.

Хевард ХОЛЛАНД,

ЭЫДҰ Даму орталығының
аға экономисі,

Кнут Антон МОРК,

Норвегия Ғылым және технология университеті экономика ғылымдарының құрметті профессоры

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org