Театр • 21 Қыркүйек, 2021

Ұлтты ұлықтайтын суреткер

844 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Кейде, қолым бір қалт етіп босай қалған сәттерде, театрдан немесе теледидардан кісінің көптен бері қалғып кеткен ойлары мен кейбір сезім күйлерін қозғайтын тартымды спектакльдер мен кинофильмдерді іздеп жүріп көретінім бар. Өкінішке қарай, ондай классикалық дүниелер күнде туа бермейді емес пе, сондықтан да мұндай бақытты сәттер қай-қайсымыздың да басымызда көп ұшыраса қоймайды.

Ұлтты ұлықтайтын суреткер

Осы жуырда республикалық Abai TV телеарнасынан сондай сирек дү­ниелердің бірі, талантты драматург, жазушы Се­рік Асылбекұлының Ал­ма­тыдағы М.Әуезов атындағы ұлт­тық ака­­де­миялық драма театры сах­нала­ған «Империядағы» кеш» деп ата­­­ла­тын спектаклі көрсетілді. Ең ал­ды­мен байқағаным, айтулы, таңдау­лы музыкалық шығармалар­дың өзі­­нің ал­ғашқы аккордтарымен-ақ кісі­ні баурап, тартып ала жөне­леті­ні секілді бұл спектакль де мені ал­ғашқы кадрларымен, сахна­лық кө­ріністерімен-ақ қызықтыра бас­тады.

Кейінірек мұның сыры не­де деп ойлап көрсем, бұл спек­такль­­­де шыншыл, талантты жа­зыл­ған пьеса авторы мен да­рын­­­ды ре­жиссердің (спектакль режис­се­рі – Қазақстанның ең­бек сіңір­ген қайраткері Алма Кә­кі­шева) су­реткерлік қолтаң­баларының және осылармен бір­ге Жас­ұлан Байсалбеков, Нұржан Бек­сұл­танова, Дулыға Ақмолда, Жал­ғас Тол­ғанбай, Гүлнар Жақыпова, Анар Бөкенбай се­кілді т.б. актерлер ойын­дарының бір-бірлерімен та­биғи үйлесім тапқан ан­самблі бар екен.

Екіншіден, спектакльдің өмір­лік ма­­териалы барынша шынайы, сондық­тан ол көрерменді қапысыз сендіреді. Өз басым сахнадан кәсіби актерлер­дің ойынын емес, өзіміз талай куә бол­ған өмірдің шынайы көріністерін қайта бір тамашалап отырғандай күй кештім. 

Спектакльде күні кеше ғана со­циа­лизм деп аталатын қоғамдық форма­цияда өмір сүрген қазіргі қалалық қа­­­­зақ­тардың капитализм, нарықтық эко­­­­­номика деп жүрген мүлде жаңа эко­­­­номикалық, сая­си-әлеуметтік қа­рым-қатынастар жүйесіне өткен кезең­дегі сана-се­зімдерінде, дүниеге көз­қа­­­рас­та­рында болған психологиялық өз­­ге­­рістердің трансформацияла­нуы бей­­­неленеді. Оқиға «Импе­рия» деп ата­­латын сән-салтана­ты келіскен зама­науи ­ресторанда өтеді. Бір кезде уни­верситетте­гі бір кафедрада бірге жұмыс істе­ген бір топ оқытушы сонау жылда­ры өздерімен қызметтес болған, ал бұл күндері атағы мен абыройы бір ба­сына жетерлік әйгілі коммерсант, «Им­перия» ресторанының қожайыны Айдар Сейітқалиұлын туған күнімен құттықтап келеді.

Жанға жайлы кеш. Алматы­ның қақ төрінде орналасқан атал­ған мекемеде қонақтарға арнап аста-төк дастарқан жа­йылған. Ақ­жарма тілектер, бір-бірін қат­ты сағынысқан бір кездегі әріп­тес достардың әдеттегі тост үс­тін­де айтыл­ған тәтті-тәтті сүйіс­пеншілікке толы ле­­біздері. Осы­лардың бәрін көріп отыр­ған кө­рер­мен алғашында «Шіркін, тоқ­­шы­лық, байлық деген адамды қалай ба­қытты етеді, сондықтан мына өмір осы­нысымен ғана сәнді, осынысымен ғана мәнді екен ғой» деп іштей елтіп отырады.

Алайда бұл сезім көпке ұзамай­ды. Бірнеше рюмка «ақаңды» іш­тері­не тас­тап-тастап алған кейіп­керлеріміз бі­раздан кейін өздерінің шын бет-бей­нелерін аша бастайды. Сөйтсек бү­гінде кемеліне ке­ліп, төрт құбыласы түген­делген Айдар Сейітқалиұлы бұрынғы қоң­торғай, жалаңаяқ әріптестерін қазір іштей менсінбейді екен. Ол бір кездері оларды құрмет тұ­тып, сыйласа, дәл қазір өйтуге онша-мұнша құлқы жоқ көрінеді, сондықтан да ішіп алып, оларға өктемдігін көрсетуді де өзіне еш­қандай артық санамайды енді.

Бар пәле ресторан қожайы­нының (әртіс Жасұлан Байсал­беков) өзін құт­тықтауға келген бір кездегі өзінің бас­тығы кафедра меңгерушісі, профессор Сұл­танбек Ертуғанұлының (актер Жал­ғас Толғанбай) жанына ертіп келген нақсүйер сұлу аспиранткасы Гүлденге (актриса Анар Бө­кенбай) қырындауы­нан басталады. Профессор алғашында мұ­ны байқамаған, елемеген болады. Бі­рақ Айдар Сейітқалиұлының «өз меншігіне» шындап қол сала бас­тағанына анық көзі жеткеннен ке­йін, қанша айтқанмен еркек емес пе, ол қаһарына мінеді. Сөйтіп тым әдемі өтіп жатқан туған күн кешінің топалаңы шығады.

Негізі адамдардың шынайы бет-бей­несі көркем шығармада­ғы конфликт, кол­лизия өзінің апо­гейіне жеткенде ашы­лады емес пе, «Империядағы» кеш­те» де солай болады. Бір-бірімен сал­­ғы­ласып, төбелесуге дейін бар­ған Айдар мен профессор осы спек­такльде тек өздерінің шын болмыстарын ға­на әшкерелеп қоймай, осы драманың бас­қа да кейіпкерлерінің психологиялық порт­реттерін біздің үш ұйықтасақ түсі­мізге кірмеген жаңа бір қыр­ларынан ашу­ға нағыз бір таптырмайтын жарқын мы­салдар болады. Өйткені енді спек­такльдің қалған кейіпкерлерінің осы дра­маның басты кейіпкерлері Айдар мен Сұлтанбектің қайсысының жағына шығарын білмей бастары қатады.

Шынында да аяқастынан сах­нада­ғы ситуация жүз сексен гра­дусқа бұры­лып, өте күрделеніп ке­теді. Әсіресе аға оқы­тушы Той­болдыға (актер Дулыға Ақмолда) қиын-ақ! Ол үшін «олай тарт­саң – өгіз өледі, былай тартсаң – арба сы­надының» кері. Өйткені Тойболды про­фессорды тәрк етіп, бір кездегі қан­ды көйлек досы, оны былай қойған­да, қайбір жылы аяқастынан істі болып қалған туған балдызын соттан аман алып қалу үшін жағдай айтып алдына бар­­ғанда сейфінен сөзге келместен қа­рызға бұған он мың долларды суырып бере салған Айдардың жағына шығайын десе, алдағы бүкіл қызметтік ман­сабы кафедра меңгерушісі Сұл­танбек Ер­ту­ғанұлына байлаулы. Өйткені Сұл­тан­бек тек кафедра меңгерушісі ғана емес, уни­вер­ситеттегі кандидаттық, док­­­­­­­торлық қорғайтын диссертация­лық к­е­­ңес­тің білдей төрағасы. Сон­дық­тан ке­­зінде «Жетісуда Кеңес өкіметін ор­на­тудағы Коммунис­тік партия­ның рөлі» атты канди­дат­тық дис­сертациясын ен­ді әне-міне қор­ғайын деп тұрғанда, қасақа­на тап соны күтіп тұрғандай сол Ке­ңес өкіметінің өзі 1991 жылы аяқ­асты­нан тыраң асып, құлап қал­ғ­андықтан диссертациясының ал­ғашқы тақырыбы өзектілігін жо­ғалтып, сол себепті енді қазір «Алаш» ұлттық-демократия­лық пар­тиясының тарихын зерттеуге көшкен Тойболдының профессордан сырт айна­луға еш мүмкіндігі жоқ еді.

Осылайша, екі лапылдап жан­­ған от­тың ортасында қал­ған аға оқытушы енді жанын шү­­бе­рекке түйіп, осы кеш­тің екі бас­ты геройының бірі жоқта екін­­­ші­сінің, екіншісі жоқта бірін­ші­с­і­нің сөз­ін сөйлегенсіп, әбден әуреге түседі. Спек­такльде осы бір тосын тұрмыстық коллизияны актер Дулыға Ақмолда шы­ра­йын шығарып, керемет бейнелеп бе­реді. Дегенмен «өтіріктің құй­­рығы бір-ақ тұ­там» демекші, Той­болдының бұл екіжүзді ойы­ны Айдарға да, Сұлтанбек Ер­ту­ғанұлына да көп ұзамай әшкере болып қалады. Сөйтіп аға оқыту­шы байғұс осы кеште аяқастынан тұ­танған конфликтінің ең басты құрбанына айналады.

Иә, бұл кеште бұдан басқа да адамзат тіршілігінің талай құ­пиясы ашылады. Сөйтсек сырт көзге төрт құбыласы тү­гел, әдемі, жайсаң жұп болып көрінетін Айдар Сейітқалиұлы мен оның зайы­­бы Ұлжалғастың (актриса Нұржан Бек­сұл­танова) аралары да шын мәнінде ит пен мысықтай болып шығады. Соның бұл­тартпас дәлеліндей спектакльдің фи­на­лында Ұлжалғас удай мас болып, рес­торанда ұйықтап қалған күйеуін жалғыз тастап, көңілдес жігітінің ыстық құшағымен табысу үшін түн жарымында түнгі клубқа тартады.

Спектакльді көрген күннің ер­теңіне мен әдейі салыстыру үшін «Империя­да­ғы» кештің» қағазға басылған түпнұс­қа мәтінімен де танысып шықтым. Иә, бәрі дәл сол спектакльдегідей; сол кө­­ріністер, кейіпкерлер айтатын сол сөз­дер, адамдар арасын­да бо­латын сол тұр­мыстық, әлеу­мет­тік, психологиялық қай­шы­лық­тар, күнделікті өмірдегі кол­ли­­зиялар. Шынында да, кітап беті­мен са­нағанда қырық екі беттен тұратын драмаға адамдардың арасындағы пен­делік бәсекеге, мақтангершілікке, қай­шылыққа толы біздің қазіргі жаңа за­ма­нымыздың талай шындығы сыйып кеткен екен және бір байқағаным, атал­ған әдеби туындыны оқып отыр­­ғанда ешқандай бір авторлық по­зиция байқалмайды. Бейне бір пьесада су­реттелетін өмір көрі­ністерін біреу қо­лына қалам алып жазып шықпағандай, бей­не бір ондағы оқиғалар ешкімнің қа­тысуынан тыс өмірдің өзіндегідей объек­тивті түрде жүріп жатқандай. Меніңше, жазушы, драматург С.Асыл­бекұлы шы­ғармаларының осы бір сипаты атал­ған автор та­лан­тының ең басты даусыз дәлелі, айқын көрсеткіші болса керек.

Талдап, толғап жазатын дра­матург С.Асылбекұлының қала­мынан осы кез­ге дейін «Рәбиға­ның махаббаты», «Жел­­тоқсан желі», «Күзгі романс», «Им­­периядағы» кеш», «Қазақша ашылып сайрау» деп аталатын бес айтулы дра­­ма­лық шығарма, яғни пьеса дү­ние­ге келіпті. Олардың ең соңғысынан бас­қасы Қазақ және Қырғыз ұлт­тық ака­демиялық театрларының, сондай-ақ кей­бір облыстық драма театрларының сах­наларында табыспен қойылып жүр. Соның дәлелі ретінде айта кетейік, оның «Желтоқсан желі» пьесасы бо­йынша қойылған спектакліне (ре­­жиссері – Қа­зақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Мұрат Ах­манов) 1998 жылы Тараз қа­ла­­сында өткен VI республикалық ­театр фестивалінде осы заман шын­дығын шы­найы бейнелегені үшін бас жүлде берілсе, «Күзгі романс» атты драма­сы 2005 жы­лы Қазақстан ұлттық кітапха­насы мен «Самсунг электроникс» кор­порациясы бірігіп өткізген рес­публикалық әдеби конкурстың Гран-приін иеленді. Сонымен қатар біз жоғарыда талдап, тара­зылаған «Империядағы» кеш» қо­йылымы Ақтөбеде өткен XXI рес­пуб­­ликалық театр фестивалінің бас жүл­дегері болса, аталған автор­дың «Қазақша ашылып сайрау» атты пьесасы 2017 жылы «Рух» халықаралық әдеби конкурсын­да «Үздік драмалық шығарма» аталымы бойынша бас жүлдегер атанды.

Әлқисса, сөздің соңына қарай С.Асыл­­бекұлының прозалық шы­ғар­­ма­­ларына да азғантай болса да тоқтала кет­­песек, бұл ақиқатқа жа­салған үлкен қия­нат болар еді. Себебі біз бұл авторды әу баста бо­лашағынан үл­кен үміт күттіретін дарынды проза­шы ретінде таныған болатынбыз. Оның «Оттан да ыстық өмір» (кейін бұл шы­­­ғар­маның атауы «Қалқаш» деп өз­гер­тіліпті), «Жезкиік» деп аталатын по­вестері 1970-жылдардың соңы мен 1980-жылдардың басында «Жалын» баспасы мен осы аттас әдеби альманахтың жас­өс­пірімдер өмірін бейнелейтін үз­дік әдеби шығармаларға арналған рес­публикалық конкурсында қа­тарынан екі мәрте бәйге алып, әдеби қауымды бір елең еткізгені әлі есімізде. Содан бері бұл жазу­шының қаламынан отыздан астам әңгіме мен сегіз повесть дү­ниеге келіпті. Олардың арасында жа­ңа­ғыдай республикалық қана емес, халық­аралық конкурста жүл­де алғаны да бар. Мысалы, Се­рік­тің ең таңдаулы прозалық шығар­маларының бірі саналатын «Бөтеннің тойы» әңгімесі 2016 жылдың 25-28 қарашасы ара­лығында өт­кен әлемнің 43 елінен 1400 шығарма келіп түскен Open Eurazian literature festival book forum – 2016 халықаралық әде­биет фестивалінде «Көркем шы­ғарма» аталымы бойынша лауреат атан­ды. Бұл байқауды Еуразиялық шығар­машылық одақ (Лондон) пен британдық Hertfordshire Press баспа орталығы ұйымдастырған болатын.

С.Асылбекұлының прозалық шығар­маларында қазіргі қазақ қоғамында орын алып отырған талай әлеуметтік, пси­хологиялық қайшылықтар, үлкен ауқымды адамгершілік мәселелері қоз­ға­лады. Жалпы, өткенге көз жүгірт­сек, адамзат тарихында бүгінге дейін еш­қандай бас қатырар проблемасыз бір­де-бір қоғам болмаған екен. Сондай қоғамдардың бірі қазіргі қазақ қоғамын­да да, құдайға шүкір, түйіні тарқатылмаған талай мәселелердің бар екендігіне, сірә, ешкім күмән келтіре қоймас.

Социумның осындай жан жа­ралары, ал көркем әдебиет де­геніміздің өзі адамның, қоғамның жан жарасын көрсетпей ме, біз сөз етіп отыр­ған су­реткердің назарынан тыс қал­мапты. Мәселен, ол өзінің сонау 1987 жылы жа­зылған атақты «Рәбиғаның махаббаты» повесінде жасөспірімдер арасындағы суицид проблемасын қазақ қаламгерлерінің арасынан алғаш­қылардың бірі болып көтерсе, «Шер тарқату» әң­гімесі мен «Ақ қарға» (ал­ғаш­қы атауы – «Алтыбақан») по­ве­сінде постиндустриалдық қо­ғам адамдары­­ның басындағы жал­ғыздықты көркем­өнер­дің заң­ды­лықтары, ерекшеліктері тұр­ғысынан интерпретациялайды. Сөй­­тіп оқырмандардың назарын қа­зіргі заман үшін өте өзекті болып тұрған әл­гіндей мәселелерге аударады және мұн­дай рухани күйзелістердің қандай әлеуметтік, саяси, психологиялық себеп­терден туындап жатқанын өз шығар­маларындағы қаһармандардың тағ­дырлары арқылы астарлап жет­кізеді.

Тағы бір айтпай кетуге бол­май­тын жайт, Серік – біздің ұлт­тық әдебиетіміз­де қазақ жас­та­ры образдарының үл­кен көр­кем галереясын жасаған санау­­лы суреткерлеріміздің бірі. Олар­дың арасында қарапайым мектеп оқушысы­нан бастап, жас жұ­мысшылар мен мал­шы­лар­ға, абитуриенттер мен студенттерге, аспиранттарға дейінгі бү­гінгі жас қауымның сан алуан әлеу­меттік топ­тарының көркем бей­нелері бар. Осы атал­ған шығар­малардың табиғатын тап басып, танып талдаған белгілі әде­биет зерттеушісі, филология ғы­лым­­дарының докторы Қанипаш Мә­­ді­­баева бұл хақында былай дей­ді: «Се­рік Асылбекұлы – қазақ хал­қының әңгі­мешілдік дәстүрін әлем әдебиетінің классикалық үрдістерімен ұштастыра білген шебер жазушы. Оның көпшілік туындылары жас адамның албырт бір кезеңдеріндегі айлы түн­дегі, бейуақыт ымырттағы алғашқы махаббат аңсарына, сезім­тал жүрегінің алып-ұшып бір тын­бай салған әніне бөгіп тұ­рады. Серік­тің «Мектеп бітіру кеші», «Үлкен қала­дағы кішкентай оқиға», «Сарықыз», «Қара­шадағы үйлену тойы», «Түнгі қала­ның әні», «Эх, Россия!..», т.б. әңгіме­ле­рінде бозбала жігіт пен бой­жеткен қыздардың асық көңілдері ­мен ­аяулы сезімдері тұнып тұр». Ме­­нің жазушы әңгімелерінің ерекше-­­
лігін дәл бейнелеген осы пікірге көп алып-қосарым жоқ.

Енді жоғарыда айтылған жайларды түйіндей келе, сөз соңын жазушы С.Асылбекұлының мына бір ойымен қорытындыласам дей­мін. Ол өзінің бастауларын сонау ерте замандардағы мифтерден, ертегілерден, аңыздардан, ауызекі әңгімелерден, бір сөзбен айт­қанда, халық прозасынан алатын қазақ повесінің жүз жылдан астам даму тарихын егжей-тегжейлі зертте­ген ғылыми еңбегінде: «Суреткер­дің бір бойында туабітті дарынмен қоса жазушылық шебер­лік, елін шын сүйген азаматқа тән үлкен жүрек тоғысқанда ғана, сөз жоқ, ол халық жүрегінен бе­рік орын алған үлкен тұлғаға айналмақ. Мұндай суреткерлер – бүкіл қоғамның, ұлттың, қала берді адамзаттың ырысы, игілі­гі, өйткені олар өздерінің өлмес шы­ғармалары арқылы қоғам­ның, ұлттың өздерін өздеріне танытады. Ендеше олардың абзал есім­­дерін, баға жетпес құнды туын­­дыларын ұлт, қала берді адам­­зат игілігі үшін кір шалдырмай сақтауымыз ләзім. «Қызыл кітапқа» енген, жойылып бара жатқан сирек өсімдіктер мен жан-жануарларды қамқорлығымыз­ға алғанымыз секілді оларды да қор­ғауымыз қажет. Өйткені өсім­діктер мен жан-жануарлардың түр­­лері жойылған сайын таби­ғат балансы, ал суреткерлер мен олар­дың шығар­малары азай­ған сайын адамзат қоға­мының има­ни-адамгершілік ахуалы бұзы­лады», дейді.

Көркем әдебиеттің адамзат өмірінен алатын орны мен атқа­ратын қасиетті қызметін бұдан артық дәл анықтап беру қиындау соғуы мүмкін.

 

Бақтияр СМАНОВ,

ҰҒА академигі