Қазақстандық жұлдыздың балеттік маусымы тамыз айында Италияда басталып, онда ол «Роберто Болле және оның достары» атты гала-концертке қатысса, таяуда Рим операсы театрында алғаш сахналанған белгілі хореограф Ролан Петидің «Париж Құдай анасының соборы» балетінде Квазимодо партиясын ұсынды. Енді дарынды өнерпаз Ресей, Ямайка және Аустралия елдерінде өнер көрсетеді.
Танымал бишінің талантына дән риза болған La Voce di New York интернет-газетінің америкалық тілшісі Мария-Тереза Антониоцци өз мақаласында ол туралы:
«Кеш шымылдығы Риккардо Дригоның музыкасына Мариус Петипаның хореографиясындағы «Корсармен» ашылды, сахнада – таңғажайып Бақтияр Адамжан, ол өзінің жылдам қимылдарымен, шебер техникасымен көрер-
ді баурап алды...», деп жазыпты.
Өрелі өнер иесі биылғы 2 және 3 тамыз күндері жоғарыда айтып өткен «Роберто Болле және оның достары» атты екі гала-концертте, әлемнің қос жұлдызы – Вена операсының прима-балеринасы Людмила Коновалова және Нидерланд Ұлттық балетінің прима-балеринасы Майя Махателимен бірге сахнаға шығып, тыңдармандарын жылы әсерге бөледі. Сондай-ақ оның «Париж Құдай анасының соборы» қойылымындағы Квазимодо партиясы да көрермендердің көңілінен шықты.
− Алдағы қазанда Андрис Лиепаның шақыруымен Ресейдегі Кремль сарайының сахнасында өнер көрсетемін. Ал қаңтарда The Ballet International Gala жобасына қатысуға Аустралияға барамын. Бұл ауқымды шараға сол елдің мемлекет басшысы көңіл бөліп отыр, сол үшін әлемдік театрларға арнап үздік алаң жасақталған. Осында бірге өнер көрсетуге труппамыздың балет солисі Шұғыла Әдепханға ұсыныс жасадым. Қолымнан келгенше отандық балеттің жоғарғы деңгейде екендігін таныту – мақсатым, − дейді Бақтияр Адамжан.