Теннис • 22 Қыркүйек, 2021

Тимофей Скатов пен Дмитрий Попко қарсыластарына есе жіберді

91 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан ATP Tour сериясындағы Astana Open турнирінің үшінші күні өз мәресіне жетті. Өкінішке қарай, қазақстандық теннисші Тимофей Скатов екінші кездесуінде ұтылып, келесі кезеңге шығу мүмкіндігінен айырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тимофей Скатов пен Дмитрий Попко қарсыластарына есе жіберді

Тұсаукесер бәсекесінде Италияның мықты ойыншысы, әлемнің бұрынғы 18-ракеткасы Андреас Сеппиге сан соқтырып, жергілікті жанкүйерлерді қуантқан жерлесіміз кеше Илья Ивашкомен кездесті. 27 жастағы Беларусь елінің өкілі бұл күндері АТР рейтингінде 52-орында тұр. Биыл ол Уимблдонның төртінші кезеңіне дейін жетсе, АҚШ-тың ашық біріншілігіннің үшінші айналымында өнер көрсетті. Бұл кездесуде Иваншконың шеберлік деңгейі Скатовтан бір бас жоғары екені анық байқалды. Бәсеке 6:2, 6:3 есебімен беларуссиялық теннисшінің пайдасынан шешілді. Осылайша, ол Astana Open додасына қатысушылар арасындағы алғашқы болып ширек финалға жолдама алды.  

Дмитрий Попко мен аустралиялық Джон Миллманмен арасындағы бәсекеде отандасымыз осалдық танытты – 6:3, 1:6, 4:6. Кешке кешкісін Михаил Кукушкин жасыл құрлықтың тағы бір өкілі Джеймс Даквордпен күш сынасты. Бүгін Александр Бублик сербиялық Миомир Кецмановичпен сайысқа түседі. Енді осы қос жерлесімізден жеңіс күтеміз. Кукушкин де, Бублик те АТР додалары мен «Үлкен дуылға» санатындағы турнирлерге үздіксіз қатысып келе жатқан сақа спортшылар.

Естеріңізге сала кетейік, Astana Open турнирі 26-қыркүйекке дейін жалғасады. Әлемдік корттарда біраз бедел жиған ойыншылардың басын қосып отырған айтулы жарыстың жүлде қоры биылығы жылы 480 000 АҚШ долларын құрап отыр.  

Нұр-Сұлтандағы турнирден бөлек, тағы бірнеше жерлесіміз түрлі бәсекелерде бақ  сынасуда. Атап айтсақ, Чехияның Острава қаласындағы WTA додасының тұсаукесер кездесуінде Елена Рыбакина ресейлік Веронка Кудерметованы 6:1, 6:3 есебімен қапы қалдырды. Юлия Путинцева аса шиеленсті өткен ойында қытайлық Чжан Шуайға шаң қаптырды – 5:7, 7:6, 6:4. Бұл бәсеке 3 сағат 24 минутқа созылды. Екінші кезеңде Рыбакина польшалық Магда Линетпен жолықса, Путинцева да айтулы мемлекеттің өкілі Ига Свентекпен сайысқа түседі.  

Соңғы жаңалықтар