Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,
Мемлекеттік хатшы, Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы
Бағдарлама аясында, Ұлттық комиссияның және министрліктің ақпаратына сәйкес, бірнеше ауқымды жобалар іске асты. Олар біздің елдегі, әсіресе ғылым мен білімді, қоғамдық сананы жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізуде. Осы мақсатта Қазақстанның интеллектуалдық тарихында бұрын-соңды болмаған көлемді де күрделі ғылыми аударма жобасы жасалды. Бүгін сол үлкен жұмыстың нәтижесін көрдік.
Қазір дүние жүзіндегі ғылымның 70-80 пайызы ағылшын тілінде жасалады. Өзге тілдер заманға қажет білімді, технологияны, жалпы жаңалықтарды ағылшын тілінен алады. Ғылым мен білімді жедел дамытамыз десек, жаңа ұрпақты ХХІ ғасырдың талабына сай жаңаша тәрбиелеп, өсіреміз десек, бізге де өз тілімізді, қазақ тіліндегі білім мен ғылымды өзге тілдерде жасалған академиялық контентпен байыту қажет. Сондықтан да, әлемге танымал ғалымдардың, ілгері оқу орындары мен ғылыми орталықтардан шыққан кітаптар мен ғылыми әдебиетті қазақ тіліне аудару өте маңызды. Бұл жұмысты біз оқулықтардан бастадық.
Аударма бізге ғылым мен білімді дамытумен қатар, қазақ тілін де заманға сай дамытуға зор мүмкіндік береді. Атап айтсақ, тілімізге жаңа білім, заманға сай жаңа мазмұн әкелу арқылы біз оның қуатын, тартымдылығын, бәсекелік күшін арттырамыз. Қазіргі заманда кез келген тілдің қуаты, оның болашағы сол тілдегі мазмұнның сапасымен анықталады. Сондықтан да «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бір бөлігі аудармаға арналды.
Маңызды аударма жобаларын іске асыру үшін «Ұлттық аударма бюросы» деп аталатын арнаулы мемлекеттік емес және коммерциялық емес қоғамдық қор құрылды. Оның мақсаты – ғалымдарды, аудармашы мамандарды, оқу орындары мен ғылыми орталықтардың мамандарын бір жерге жинап, аударма сапасын қамтамасыз ететін ортақ платформа болу. Бұл жұмысқа қазақстандық білім ошақтары ғана емес, ең беделді деген халықаралық ғылым мен білім ұйымдары да атсалысты. Жалпы саны кітаптарды аударып, баспаға дайындауға 300-ден аса маман қатысты. Бүгін таныстырылған 100 оқулықтың әрқайсысы 10 мың данамен басылып шығарылды, ол кітаптар біздің барлық оқу орындарына, соның ішінде жекеменшік университеттерге де таратылды.
Дүниедегі ең озық оқу орындарының бағдарламасына кірген ғылыми әдебиет, академиялық бестселлер еңбектер қазақ тіліне аударылды. Олар бұған дейін әлемнің ондаған тіліне аударылып, ілгері дамыған қоғамдарда миллиондаған тиражбен тараған. Біздің де оқытушылар мен студенттердің осындай мазмұнға қол жеткізуі үлкен олжа. Бұл, қажет десеңіздер, «Болашақ» бағдарламасының ауқымы кең жалғасы. «Болашақ» бағдарламасының арқасында біздің 20 мыңдай студентіміз әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінен білім алды. Ал енді өз елімізде оқитын жарты миллион қазақстандық студент сол Кембридж, Оксфордтың, Гарвардтың үздік оқулықтарымен қазақ тілінде білім алуға мүмкіндік алды.
Мұндай бағдарлама әлемнің басқа бірде-бір елінде жоқ! Оның ауқымы қандай кең болса, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігі де сондай ауыр. Сол себепті бұл жоба алғашқы күннен қоғамның назарында, мемлекеттің қадағалауында. Аударма сапасы және мазмұны тұрғысынан, сондай-ақ жұмысты ұйымдастыру тұрғысынан бұл жоба қоғам және тиісті мемлекеттік органдар тарапынан оң бағасын алды. Сондықтан «Ұлттық аударма бюросы» өз міндетін тиісті деңгейде атқарды деп ойлаймыз. Ол үшін бюро қызметкерлері мен жобаға қатысқан барлық маманға ризашылық білдіреміз.
Біз бүгінде жастардың бойына ашықтық пен бәсекеге қабілеттілік деген қасиеттерді сіңіргіміз келеді. Ал бұл қасиеттерді сіңірудің басты жолы – жастардың қандай білім алып жатқанына тікелей байланысты. Өйткені оқыған дүниеңнің мазмұны арқылы әлем мен өзіңді тани аласың.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы арқылы әлемдік деңгейдегі мамандар әзірлеген маңызы зор және сұранысқа ие оқулықтар біздің аудиторияларымызға келді. Соның арқасында біздің гуманитарлық оқу орындарымыздың мазмұны байып, аудиториялардағы дискурстың деңгейі әлемнің үздік университеттерінің дәрежесіне жетті.
Осы жобаның арқасында қазақ тіліндегі аудармашылардың жаңа академиялық мектебі қалыптасты. Енді осы бар дүниеден айырылып қалмай, оның кәсіби әлеуетін одан әрі өз игілігімізге пайдалану маңызды. Тілді білуге ұмтылмайтын адамды оқыту қызықсыз деген пікірді жиі естиміз. Тіл дегеніміз өзінің мазмұнымен өміршең әрі қызықты болмақ. Тіл – табиғи түрде қажеттілікке айналуы керек. Ал ол үшін аталған тілде заманауи шығармалар жарық көруге тиіс. Жастардың тұлға және маман ретінде қалыптасуына қатысты білім бере алмайтын тілдің болашағы болмайды. Осы тұрғыдан алғанда қазақ тілі барлық гуманитарлық ғылым бойынша жаңа мазмұнға, түсінікті ақпаратқа және мән-мағынаға ие болды. Бұған дейін бұлай болмап еді. Бастысы бұл болашақ үшін жұмыс істейді.
100 жаңа оқулықтың арқасында біз қоғамдық сана үшін аса маңызды бірқатар гуманитарлық білім саласының мазмұнын түбегейлі түрде жаңарттық. Көп жағдайда әлі де таптық, формациялық, идеологиялық сипатта баяндалып келген философия, тарих, әлеуметтану, саясаттану, заң мен құқықтану, журналистика, мәдениет және өнертану, тіл білімі, шығыстану, әдебиет теориясы, педагогика және психология секілді ғылымдар пәнаралық, өркениеттік және гуманистік бағыттағы жаңа мазмұнға ие болды.
Сонымен бірге осы жобаның арқасында біз қазақ тілінде әлі дами қоймаған бірқатар мүлде жаңа салаларды аштық. Экономика, микро және макроэкономика, менеджмент және маркетинг, қаржылық сауаттылық, ағылшын заңы, статистика, сандық және сапалық зерттеу әдістері, этика мен эстетика, антропология, интернет психологиясы, медиа этика, өнер тарихы, театр және кинотану, сценаристика секілді тұтас жаңа бағыттар пайда болды.
Нобель сыйлығының лауреаты Бертран Расселдың «Батыс философиясының тарихы», Эрнст Гомбихтың атақты «Өнер тарихы», бүкіл әлем оқитын Филип Котлердің «Маркетинг принциптері», Эндрю Хейвудтың «Саясаттануы», Мальколм Шоның «Халықаралық құқық» оқулығы, Юрий Лотманның «Семиосферасы», Эдварт Саидтың «Ориенталзмі», Стивен Пинкердің «Тіл – инстинкт» атты атақты зерттеуі, Қытай, Үнді, Жапон философиясының антологиялары алғаш рет қазақ тілінде жарық көрді. Бұл үлкен еңбек, зор жетістік, қазақ қоғамы үшін үлкен олжа. Бұл біздің жастарымызға жасалған керемет мүмкіндік, білім беру жүйесіне жасалған қолдау және әрине, ана тілімізді дамытуға қосылған зор үлес!
Аударма арқылы өзге тілден жаңа мазмұн алу өте маңызды. Сонымен қатар аударма арқылы өз ерекшелігімізді, қазақ мәдениетін, руханиятын басқа тілдерде таныстыру, әлемде насихаттау да аса маңызды. Бұл алыс-беріс екіжақты болғаны дұрыс. Бұл бағытта да «Ұлттық аударма бюросы» арқылы бірнеше көлемді, сәтті жобалар іске асты. Атап айтсақ, 60 қазақстандық ақын-жазушылардың таңдаулы шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 ресми тіліне аударылып, осы 6 тілде сөйлейтін 90 елдің кітапханаларына таратылды. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен Абайдың 175 жылдығына орай ұлы ақынның жинақтары әлемнің 10 тіліне аударылып, таратылды. Аталған жұмыстарға Кембридж университетінің баспасы, Сервантес институты, Араб мемлекеттері лигасының Білім, ғылым және мәдениет ұйымы, Қытайдың Ұлттар баспасы, Мәскеу мемлекеттік университетінің баспасы және басқа да беделді халықаралық әріптестер қатысты. Бұл біздің елдің абыройы, әдебиетіміздің мерейі, мәдениетіміздің жаңа көкжиегі. Былтыр осы жобаларға атсалысқан бірқатар шетелдік мамандарды «Достық» ордендерімен марапаттадық. Олар енді қазақ мәдениетінің жанашырлары әрі жаршылары. Сол мамандармен және осы жұмысқа атсалысқан орталықтармен байланысты үзбеуіміз керек.
Аталған аударма басылымдар және ұлттық «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде, мемлекеттің қолдауымен шыққан барлық туынды Қазақстанның ішінде де, сыртында да еркін тарауы тиіс. Мемлекеттік органдар немесе жұмысты орындаған мекемелер авторлықты меншіктеп, оның таралуын шектемеуі қажет деп есептейміз.
Аударма интеллектуалдық еңбектің ең күрделі түрінің бірі. Аудармашы даярлау, оны кәсіби өсіру оңай емес. Іскерлік, саяси аударма қиын, ғылыми аударма одан да қиын, ал көркем аударма – аударма өнерінің шыңы. Біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы аударма жобаларының арқасында қазақ аударма мектебін, аудармашылардың ортасын күшейттік. Естеріңізде болса, Абай данышпандығының бір қыры – аудармашылық, XX ғасырдың басында «Алаш» қайраткерлері де аудармаға ден қойды. Кеңестік заманда да аударма арқылы қазақ мәдениетіне көп жаңалық келді. Ал XXI ғасырдағы жаһандану, мәдениеттер арасындағы алыс-берістің қазіргідей қызған кезінде аударманың мәні мен маңызы арта түсті. Бүгін таныстырылған оқулықтар мен аталған басқа да аударма жобалары арқылы біз зиялы бабалар дәстүрін жалғастырдық, аударманың арнасын кеңейтіп, оны мүлде басқа белеске шығардық.
Бұл жұмыс жалғасуы керек. Оқулықтар және көркем әдебиетпен ғана шектелуге болмайды. Тәуелсіздігін нығайтып, ілгері дамығысы келетін, келешектен үміті зор біз секілді елге аударманың берері мол.
Көзі ашық, көкірегі ояу, ұлтын сүйетін, әлемдік өркениеттен де хабары мол, заманға сай жаңа Қазақстан азаматын тәрбиелеу үшін бізге жаңа деңгейдегі, сапалы ағартушылыққа ден қою керек. Балалар мен жастар тұтынатын мазмұн әлем бойынша өте тез бір арнаға тоғысып келеді. Талқылайтын идеялар да, еліктейтін кейіпкерлер де ортақ. Оған қарсы тұру өте қиын, бірақ сапалы аударма арқылы жат мазмұнды да өзімізге жақындатуға, өз мүддемізге қызмет еткізуге болады. Әсіресе, балалар әдебиетіне, іскерлік әдебиетке, кең қолданысқа ие аудио-визуалды контенттер, ойындар, электронды оқу құралдарына ерекше назар аудару керек.
Аударылған оқулықтардың негізінде онлайн курстар қоры жасалды. 100 оқулық негізінде қазақ және орыс тілдерінде 200 онлайн курс дайындалып, 5 мыңнан аса бейне-лекция жазылған. Бұл жұмысқа Қазақстанның алдыңғы қатарлы ұстаздары атсалысты. Осы оқу материалдары келешекте Қазақстан ашық университетінің негізін қалай алады деп есептейміз. Бұл да заман талабына сай, қашықтан оқу технологияларын дамыту, білім беру саласын цифрландыру бағытындағы жақсы бастама, технологиялық болашаққа жасалған үлкен қадам болмақ. Дүние жүзінде бұл технология мен онлайн оқу әдістемесі кеңінен тарап, білім беру үрдісі тез өзгеріп келе жатыр.
Мәселен, Курсера (Coursera) деген онлайн оқу платформасы бар, 150 университеттің
4 мыңнан аса курсын ұсынады. 60 миллионнан аса тіркелген қолданушысы бар. Жақында Курсера платформасы IPO-ға шығып, 5 миллиард долларға бағаланды.
Студент саны бойынша Британияның ең үлкен университеті, негізінен онлайн диплом ұсынатын Open University, 174 мың студенті бар!
Қазақстандық студенттер де жылдан-жылға осындай онлайн оқу орындарын көптеп таңдап жатыр. Олар негізінен ресейлік университеттердің онлайн дипломдарын ұсынатын платформалар, оларда қазір ондаған мың қазақстандық студент оқиды екен. Осыған балама қазақстандық онлайн платформалар болу керек. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы. Сондықтан келешекте Қазақстандық ашық университет платформасын, ондағы оқулықтар мен курстарды барлық оқу орындары, ұстаздар және студенттердің еркін, тегін қолдануына жағдай жасау керек.
Жалпы, «Білім туралы» Заңға қашықтан оқу деген түсінікті енгізіп, барлық деңгейдегі онлайн платформаларға қойылатын талаптарды анықтайтын кез келді.
100 жаңа оқулық жобасы арқылы біз әлемдегі ең жақсы деген оқу құралдарын, ең танымал ғалымдардың идеялары мен еңбектерін Қазақстанның әр студентіне жеткіздік. Олар кітап түрінде, онлайн курс ретінде ашық және қолжетімді. Мұның барлығы оқимын, білім аламын деген жастарға жасалған жағдай, мемлекеттің қамқорлығы.
Бүгінгі кездесуді пайдалана отыра, Ұлттық комиссия атынан келесі хаттамалық тапсырмаларды беруді жөн санаймын:
Біріншіден, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, мемлекеттік қолдаумен шыққан барлық шығармашылық туындылардың қоғамдық игілік ретінде еркін тарауы қамтамасыз етілсін. Мемлекеттік органдар мен жекелеген ұйымдар оған иелік етпеуі тиіс;
Екіншіден, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылып шыққан оқулықтар мен ғылыми әдебиеттің оқу бағдарламаларына енгізіліп, тиімді қолданылуы қамтамасыз етілсін;
Үшіншіден, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына қашықтан оқытуды және қашықтан білім беретін оқу орындарын заңдастыратын және онлайн оқыту қызметін реттейтін толықтыру қажет;
Төртіншіден, «Ұлттық аударма бюросы» негізінде жинақталған тәжірибе мен мамандардың потенциалын жоғалтпау маңызды. Қазіргі сұраныс пен қажеттілікті ескере отырып, балалар және жасөспірімдер әдебиеті, гуманитарлық және техникалық оқулықтар мен әдебиет, іскерлік әдебиет және басқа да өзекті аударма бағыттарын қамтитын тұрақты жұмыс жоспары жасалып, іске асырылсын;
Бесіншіден, «Ұлттық аударма бюросы» және Оксфорд университетінің баспасы дайындаған «Қазақ-ағылшын», «Ағылшын-қазақ» Оксфорд сөздігі (Qazaq Oxford Dictionary) басылып, барлық орта және жоғары оқу орындарының кітапханаларына жеткізілсін;
Алтыншыдан, латын графикасына кезең-кезеңмен өту жоспары аясында аударылған 100 оқулықтың электронды мәтіндері Қазақстандық ашық университет негізінде жаңа алфавитте жариялансын. Сонымен бірге мектеп бағдарламасына кірген қазақ әдебиетінің классикалық туындылары Kitap.kz – Қазақстанның ашық кітапханасы негізінде латын графикасына көшірілсін;
Бүгін Ұлттық комиссияның кеңейтілген мәжілісінде таныстырылған оқулықтардың, жалпы осы шараның еліміздегі білім мен ғылымның дамуы үшін, ана тіліміз үшін, тіпті тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін маңызы аса зор екенін ерекше атағым келеді.
Сондықтан осы жобаны үйлестіруші Президент Әкімшілігі, Үкімет, Ұлттық комиссия, Білім және ғылым министрлігі бүгін айтылған мәселелерді, берілген тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауда ұстауы керек.
Біздің келешекке артқан үкілі үмітіміз бен асыл арманымыз сіздермен байланысты, құрметті жас достар, студенттер қауымы! Қазіргі бар игі тілегіміз бен болашаққа бағытталған барлық амалдарымыз сіздерге арналады.
Бүгін таныстырылған 100 оқулық пен басқа да сөз еткен іс-шаралардың бір ғана мақсаты бар, ол – жастарымыздың елге тірек, қоғамға тұтқа болатын мықты тұлға болып өсуіне, білікті маман болуына жағдай жасау, хакім Абайдың өсиетіне сәйкес «толыққанды адам» болу. Осы оқулықтар арқылы алатын білімдеріңіз сіздерді ойлаған армандарыңызға жеткізетін басты құрал.
Барлық армандарыңыз орындалсын!
Барлық жоспарларыңыз іске ассын!
Біз жастарға сенеміз!