Саясат • 23 Қыркүйек, 2021

Ел шежіресін сақтаған қарашаңырақ

295 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанның Ұлттық архивінің 15 жылдық мерейтойына орай елордада белгілі ғалымдар мен көрнекті тұлғалардың басын қосқан халықаралық конференция өтті.

Ел шежіресін сақтаған қарашаңырақ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітап­ханасы мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлесе ұйымдас­тырған «Тәуелсіздік және Елбасы: жасам­паз­дықтың жаңа тарихы» тақыры­бындағы халықаралық конферен­цияға еліміздің бірқатар жоғары оқу орнының, ғылыми-зерттеу институттарының, мемлекет­тік органдардың, сонымен қатар Ресей, Түркия, Біріккен Араб Әмірлік­тері, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің өкілдері қатысты. Қатысу­шыларға Мемлекеттік хатшы Қырым­бек Көшербаев, Үкімет басшысы Асқар Мамин мен Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің Басшысы Махмұд Қасымбеков құттықтау жолдады.

«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлігі мен көрегендігінің және халқымыздың тағаттылығы мен ынтымақ-бірлігінің арқасында асқар асулар мен биік белестерді бағындырдық. Еңселі елге айналдық. Адам санасы тұңғиығына жетіп болмайтын, ұшы-қиырсыз тарихтың асыл қазынасы – архив. Архив – шежіре-кеніш, шежіре-сыр. Архивтегі дәлелдер мен деректер қоры – өткеннің өшпес өнегесін өшірмей, өскелең ұрпаққа аманаттайтын ақиқат айнасы. Олай болса, мерейлі мерекеміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған тарихтың қарашаңырағы – Ұлттық архивтің 15 жылдық мерейтойы құтты болсын! Еліміздің байтақ тарихи шежіресінен сыр шертетін архивтегі әр құжат құнды. Мұндағы әр іс-қағаз өскелең ұрпаққа шашауы шықпаған күйде жеткізіледі», делін­ген Қырымбек Көшербаевтың кон­ференция қатысушыларына арнал­ған құттықтау сөзінде.

Аталған іс-шараның ашылу салтанатында сондай-ақ Премьер-Министр Асқар Маминнің Ұлттық архивтің 15 мерейтойына орай құттықтау сөзі оқылды.

«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығымен орайлас келген 15 жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде мемлекет тарихының деректі ескерт­кіші, құндылықтар қазынасы саналатын Ұлттық архив – Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Және архив тарихи, ғылыми, экономикалық, саяси маңызды құжаттарды сақтаушы ұлттық ресурстар қоймасына айналды. Жас мемлекеттің жаңа тарихын мазмұнымен байытып келе жатқан елеулі оқиғалардың шежіресін жинау, еңселі егемендігіміздің әрбір сәтін болашақ ұрпаққа мирас етіп қалдыру, көздің қарашығындай сақтап қалу – сіздер атқарып жатқан ізгілікті іс екені сөзсіз», делінген А. Маминнің құттықтауында.

Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Кеңсе­сінің Басшысы Махмұд Қасым­бековтің қа­тысушыларға жолдаған құттықтау хатында архивтің мемлекет тарихындағы орны мен рөлі жайлы айтылған.

«Кез келген мемлекеттің мұрағаты сол елдің қағазға қатталған өткені мен бүгінін көздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа аманат етеді. Архив – ұлт тарихының алтын қоймасы, қастерлі қазынасы. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іргесі қаланған Қазақстан Рес­пуб­ликасының Ұлттық архиві егемен ел­дің құнды құжаттарын шашау шығар­мастан болашаққа жеткізу миссиясын бұлжытпай орындап келеді», делінген М.Қасымбековтің құттықтау хатында.

Ол конференция қатысушы­­­лары­на жол­даған хатында сондай-ақ Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Архив-2025» бағдарламасы Ұлттық архивтің жұмысына соны серпін беріп, әлем елдерінің түкпір-түкпірінен елімізге қатысты тың деректерді іздеп тауып, саланың қайта жаңғыруына жол ашқанын атап өтті.

Қазақстандағы архив ісі және құжаттама саласына жетекшілік ететін уәкілетті мемлекеттік орган – Мәдениет және спорт министрлігі. Ведомство атынан вице-министр Ғабидолла Әбдірахымов сөз алып, сала мамандарын мерейтойымен құттықтады. Ол сондай-ақ атқарылған іс пен саланың даму болашағы туралы ой қозғап, архив ісі саласының жетістіктеріне тоқталды.

Конференцияға қатысып, баяндама жасағандар қатарында Қазақстан­ның Ұлттық архиві Ғылыми кеңесі төрағасының орынбасары Мирболат Жақыпов, Түркия президентінің жанын­дағы Мемлекеттік архивтің дирек­торы Угур Юнал, Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы, академик Дархан Қыдырәлі, Ресей Ғылым академиясы Ресей тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профес­сор Дина Аманжолова, Қазақстан Пре­зиденті архиві директорының орынбасары Бейсембай Жұмабеков, БАӘ Ұлттық архивінің бас директоры, доктор Абдулла Мухаммад әл-Раиси, Орталық мемлекеттік архив директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай, Қырғыз Рес­пуб­ликасы Орталық мемлекеттік архиві­нің директоры Жұмабай Бечеков, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабек­ұлы сынды отандық және шетелдік көрнекті ғалымдар болды.

Алқалы жиынға қатысқан белгілі ғалымдар архив саласын дамытудың өзекті мәселелерін қарап қана қоймай, таяу және алыс шетелдердің архив мекемелерінің өзара ынтымақтас­ты­ғын арттыру мәселесін де талқы­лады. Халықаралық конференция жұмысының қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданды. Құжатта тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан тарихы бойынша зерттеулер мәселесін кешенді қарастыру, тәуелсіз Қазақ­стан тарихын зерттеудің теориясы мен әдіснамасы саласындағы тұжы­рымдамалық тәсілдерді әзірлеу бо­йынша ғылыми қоғамдастықтың өзара іс-қимылын күшейту, кейінгі ұрпақ үшін тәуелсіздік кезеңінің зерттеу базасын жүйелеуге жан-жақты ықпал ету, нормативтік-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру, цифрлы архив жүйесін енгізу үшін отандық және шетелдік архив мекемелерімен жан-жақты ынтымақтастық орнату, архив мекемелерінің материал­дық-техникалық базасын нығайту, архив­терді қазіргі заманғы техникалық құралдармен және технологиялармен қамтамасыз етуге және архив ісін дамытудың нормативтік және ғылыми-әдістемелік базасын жетіл­діруге барынша ықпал ету жайы атап көрсетілген.