Теннис • 23 Қыркүйек, 2021

Попко мен Скатов сүрінді

216 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан ATP Tour сериясындағы Astana Open турнирінің үшінші күні өз мәресіне жетті. Өкінішке қарай, қазақстандық теннисші Тимофей Скатов екінші кездесуінде ұтылып, келесі кезеңге шығу мүмкіндігінен айырылды.

Попко мен Скатов сүрінді

Тұсаукесер бәсекесінде Италияның мықты ойыншысы, әлемнің бұрынғы 18-ракеткасы Андреас Сеппиді сан соқтырып, жергілікті жанкүйерлерді қуантқан жерлесіміз кеше Илья Иваш­комен кездесті. 27 жастағы Беларусь өкілі бұл күндері АТР рейтингінде 52-орында тұр. Биыл ол Уимблдонның төртінші кезеңіне дейін жетсе, АҚШ-тың ашық біріншілігінің үшінші айналымында өнер көрсетті. Бұл кездесуде Ивашконың шеберлік деңгейі Скатовтан бір бас жоғары екені анық байқалды. Бәсеке 6:2, 6:3 есебімен бело­руссиялық теннисшінің пайдасына шешілді. Осылайша, ол Astana Open додасына қатысушылар арасында алғашқы болып ширек финалға жолдама алды.

Дмитрий Попко мен аустралиялық Джон Миллманның арасындағы бәсе­кеде отандасымыз осалдық таныт­ты – 6:3, 1:6, 4:6. Кеше кешкісін Михаил Кукушкин жасыл құрлықтың тағы бір өкілі Джеймс Даквордпен күш сынасты. Бүгін Александр Бублик сербиялық Миомир Кецмановичпен сайысқа түседі. Енді осы екі жерлесімізден жеңіс күтеміз. Кукушкин де, Бублик те АТР додалары мен «Үлкен дулыға» са­натындағы турнирлерге үздіксіз қа­тысып келе жатқан сақа спортшылар.

Естеріңізге сала кетейік, Astana Open турнирі 26 қыркүйекке дейін жалғасады. Әлемдік корттарда біраз бедел жинаған ойыншылардың басын қосып отырған айтулы жарыстың жүлде қоры биылғы жылы 480 мың АҚШ долларын құрайды.

Нұр-Сұлтандағы турнирден бө­лек, тағы бірнеше жерлесіміз түрлі бәсекеде бақ сынауда. Атап айтсақ, Чехияның Ос­тра­ва қаласындағы WTA дода­сының тұсаукесер кез­де­суін­де Елена Рыбакина ре­сейлік Вероника Кудер­метованы 6:1, 6:3 есебімен қапы қал­дырды. Юлия Путинцева аса шиеленісті өткен ойында қытайлық Чжан Шуайды шаң қаптырды – 5:7, 7:6, 6:4. Бұл бәсеке 3 сағат 24 ми­нутқа созылды. Екінші кезеңде Ры­бакина польшалық Магда Линетпен жолықса, Путинцева да аталған мем­лекеттің өкілі Ига Свентекпен сайысқа түседі.