Қазақстан • 23 Қыркүйек, 2021

Қазақстан мен Тәжікстан парламенттері ынтымақтастықты күшейтеді

260 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгін Қазақстанға ресми сапармен келген Тәжікстан Республикасы Оли Мажлисі Милли Мажлисінің төрағасы Рустами Эмомалимен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Тәжікстан парламенттері ынтымақтастықты күшейтеді

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы берік байланыстар біздің халықтарымыз арасындағы көпғасырлық достық пен бауырластық байланыстарына негізделгенін, ал екі мемлекет сенімді стратегиялық әріптестер мен одақтастар болып табылатынын атап өтті.

Сенат Төрағасы биыл Қазақстан Президенті Тәжікстанда екі рет болғанын атап өтті. Мұндай сапарлардың жиілігі және осы кездесулер барысында қол жеткен уағдаластықтардың деңгейі екі мемлекет басшылары орнатқан ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетеді.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы мамырда Тәжікстанға жасаған ресми сапары аясында өзара қарым-қатынастарымызды одан әрі нығайтудың келешегі айқындалды. Екі ел Президенттерінің бірлескен мәлімдемесінде стратегиялық әріптестік қатынастарын дамытуға нық ұстанымдарын білдірді. Екі ел Президенттері орнатқан ынтымақтастықтың жоғары деңгейін Қазақстан мен Тәжікстан парламенттері байланыстары бойынша қолдау мен ілгерілетудің маңызы зор»,  деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

з

Рустами Эмомалидің айтуынша, Тәжікстанның сыртқы саясатында Қазақстанмен ынтымақтастық басым орынға ие. Оли Мажлисі Милли Мажлисінің Төрағасы екіжақты және көпжақты сипаттағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға зор маңыз беретінін атап өтті.

«Қазақстан Орталық Азияның саяси және экономикалық өмірінде маңызды рөл атқарады. Сіздің еліңіз тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік-экономикалық даму мен халықаралық аренадағы өзінің беделін нығайтуда зор табыстарға қол жеткізді. Елдің ұзақ мерзімді келешекке негізделген көптеген даму бағдарламалары мен стратегиясы әзірленіп, табысты іске асуда. Осы орайда Сізді және бауырлас Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің алдағы 30 жылдық мерейтойымен құттықтағым келеді», деп атап өтті Рустами Эмомали.

Тараптар әңгіме барысында екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың барлық салалары бойынша сындарлы диалогты қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, инвестициялар, сауда-экономикалық байланыстар, ауыл шаруашылығы, көлік-коммуникациялық инфрақұрылым, цифрландыру мәселелері бойынша бірлескен жұмыстың маңызы зор.

Мәулен Әшімбаев су-энергетика саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттігіне ерекше назар аударды.

«Жыл сайын Орталық Азия өңіріндегі су тапшылығы мәселесінің маңызы арта түсетіні бізге түсінікті болып отыр. Бұл ақиқатты біз қабылдауға тиіспіз. Осыған байланысты Бахри Точик су қоймасының су ресурстарын бірлесіп пайдалану туралы үшжақты келісім жасасу аса маңызды болар еді. Бұл Келісім Сырдария өзені бассейнінің су ресурстарын тұрақты негізде бірлесіп пайдалану мәселелерін реттеу үшін пәрменді тетік бола алар еді», деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Кездесуге қатысушылар Ауғанстан проблемаларына назар аударды. Ауғанстандағы тұрақтылыққа қол жеткізу аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы екеніне келісе отырып, тараптар осы бағытта өзара белсенді іс-қимыл мен ынтымақтастыққа дайын екендіктерін айтты.

Сенат Төрағасы сондай-ақ Қазақстан Ауғанстанның терроризм мен есірткіден азат бейбіт және тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуын жақтайтынын атап өтті.

Бүгін қол қойылған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Тәжікстан Республикасы Оли Мажлисі Милли Мажлисі арасындағы Ынтымақтастық туралы келісім өзара парламентаралық іс-қимылдың дамуына жаңа серпін береді. Құжат парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссия құруды көздейді.

Рустами Эмомали сол күні «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қойып, «Астана Бас жоспар» ғылыми-зерттеу жобалау институтына және «iKomek» мониторинг және жедел әрекет ету орталығында болды.