Қоғам • 24 Қыркүйек, 2021

Еңбек – бейнет емес, зейнет

876 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ақмола облысының және Сандықтау ауданының құрметті азаматы, «Отан» орденінің иегері Александр Закусилов адал еңбегімен абырой арқалаған азамат. Еңбек әліппесін қойшының құтты таяғын ұстап бастаған ол бүгінде үлкен ұжымға басшылық жасап, ерен еңбектің ұйытқысы болып отыр.

Еңбек – бейнет емес, зейнет

Сонау 1958 жылы Сабардинка ауылында бір отар қой бақты. Қоймен бірге ой бақты, болашағын бағамдады, өмірден өз жолын іздеді. Қойшы болған да тәуір, бірақ болашақтың баяны білімге байлаулы екенін түйсінген соң ауыл шар­уашылығы техникумына түсіп, бі­лім алған. Жігерлі жас «Приозерное» кеңшарының бөлімше меңгерушісі,
«1 Май» ұжымшарының бас зоотехнигі болып жұмыс істеді. Берік білім тәжіри­бе­мен ұштасқанда ғана нәтиже бермек. Алматыдағы ветеринарлық институттың сырттай бөлімінде білімін жетілдірді. Жігерлі жастың еңбекке деген ынтасы басшылық тарапынан бағаланбай қалған жоқ. 1982 жылы «Максимовское» кеңшарына директор етіп тағайындалды.

Бұл бір сынақ болатын. Жігерлі жас­тың қаншалықты қауқарлы екендігін ба­ғамдап, табанының бүрі бар ма, жоқ па байқап, білгісі келгендей. Тізгіні қолына тиген шаруашылық шаш етектен шығынға батып жатқан. Александр Александрович алдымен кеңшардың мал шаруашылығын өрістетуге ден қойды. Ол үшін не істеу керек? Әлбетте, мал азығы сапалы болуы шарт. Сол кездің өзінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына өз пікірін дәлелдеп, екпе шөп егіп, мал азығын барынша байытуды жолға қойды. Қалыптасып қалған қасаң қағиданы бұзу оңай-оспақ шаруа емес еді. Бірақ талабы текке кетпеді.

Мал қоралары да қаусап тұрған. Барлық мал қорасын жөндеп, қайсыбірін жа­ңадан салып үлгеруге үш жарым жыл уақыты кетті. Осы үш жарым жыл болашақ ауыл шаруашылығының білікті маманын төске салып шыңдағандай қаталдау, бірақ, тиімді мектеп еді. Те­геуі­рінді талпыныс текке кеткен жоқ. Жайлы қорада жайланған, азығы мол малдың өнімі де көп-көрім көбейе түсті. Кеңшардың сүт және ет өндіру жоспары орындала бастады. Болашақты болжай білетін жас директор көптеген әріптесі тәрізді қоғам малын жоспар орындау үшін етке тапсыра бермеді. Сүтті ба­ғыт­­тағы малды сәл азайтты, есесіне ет­ті қара малдың басы көбейді. Арада бірер жыл өткен соң шаруашылықта бұл өңір­дің жұртына таңсық, тұлғасы таудай герефорд тұқымдас қара мал келді. Сол-ақ екен, бағымдағы малдың сапасы жақ­сарды. Тәуір өнім алғың келсе, мал тұқымын асылдандыр. Жасықтың жілігі татымайды. Осы бір қағиданы Александр Александрович жақсы түсінді.

Ел егемендігін алған кезде бұрын­ғы кеңшардың орнына құрылған «Сво­бод­ное» серіктестігі экономикасы тұрақты, үлгілі шаруашылық еді. Ұжым егіншілік пен мал шаруашылығын қанаттастыра қатар дамытты. Істің көзін таба білетін басшының арқасында екі сала да та­быс­қа кенелді. Мал шаруашылығының жілігін шағып, майын ішкен ұйымшыл ұжым асыл тұқымды мал өсіретін шаруа­шы­лыққа айналды. Ал диқандар болса озық технологияны сәтті қолдану арқылы об­лыс шаруашылықтарына аса қажетті ас­тық тұқымын сұрыптай бастады. 2008 жылы шаруашылық шағын элеваторларын салып алды.

Осының барлығы адал еңбектің нәти­же­сі. Өз жолын, еңбек жолын жал­ғас­тырар ұрпақ тәрбиелеуге де айрықша мән берді. Ұлы Александр Закусилов «Мак­си­мовское» серіктес­ті­гінің директоры болса, немересі – ол да Александр Закусилов «Свободное» серіктестігінде агроном бо­лып еңбек етеді. Осылайша дарқан да­ланың дидарын адал еңбекпен әрлеген тұтас бір әулет жарқын еңбек шежіресін жасауда.

«Еңбекпен тапқан нан тәтті» деген аталы сөздің шындығын аталы-немерелі әулеттің ыждаһатынан танып-білуге болады. Іскер адамдар әр тиынын ұқыптап есеппен жұмсаса, ол сараңдықтан емес, дүниенің парқын, еңбектің нарқын білгендіктен. Әр тиынның маңдайдан тамшылаған тердің өтеуі болып оралары анық. Сол қаржының бір бөлігі ел игілігіне жа­ратылып жатыр. Шаруашылықта әле­у­мет­тік-тұрмыстық жағдайға айрықша мән берілген. Жас мамандарға, механизаторлар мен жұмысшыларға тұрғын үйлер салынуда. Соңғы жылдары тұтас бір көше бой көтерді. Жаңадан екі пәтерлі он үй салынды. Ауыл тұрғындары монша-кір жуу кешенінің игілігін көруде. Ауданда алғашқылардың бірі болып шағын ор­та­лық салып берді. Жалпақ дүниені жаман тұмау жайлаған кезде ауылдастарына азық-түлік себеттерін таратып, ұн үлестіріп, дәрі-дәрмектерін сатып алуға көмектесті.

Ақық дән аялап, төскейін төрт түлік малға толтырған шаруашылықта нан небәрі 40 теңге тұрады. Максимовка орта мектебінің шатыры мен кіреберісін тап-тұйнақтай етіп жөндеп берді. 2018 жылы серіктестік Владимировка орта мектебін күрделі жөндеуден өткізу үшін мол қаражат бөлді. Шаруашылық басшысы туған ауылын абаттандырып, көркейтуге де көп көңіл бөледі. Қазір сырттан келген жолаушы ақшаңқан үйлері алыстан көз тартатын көрікті ауылды көрер еді. Владимировка ауылдық клубы да серік­тес­тік есебінен жөнделді. Мәдениет оша­ғы қазір ауыл тұрғындарының жиі бас қосатын орнына айналған.

Өзім басшы екенмін деп балаларын өбектеген жоқ. Қара жұмыстың қазанында қайнатты, еңбекпен шынықтырды. Ба­ла­сы Александр еңбек жолын механизатор болып бастады. Бәлкім содан ба екен, қарапайым жұмысшының көкейіндегі ойды жазбай таниды. Қамқорлық жасауға жаны құмар. 2018 жылы «Максимовка» серіктестігі 140 млн теңгеге жабық хок­кей кортын салып берді. Бұл тұтас спорт қалашығы. Шаңғы спортымен айналысатын спортшыларды аудан орталығына жаттығуға тасу үшін автобус сатып алды. Әр жыл сайын Максимовка орта мектебінің оқушылары каникул кезінде серіктестік есебінен сауықтыру орталықтарында дем алады. Еңбекпен бағы жанған, еңбектің бейнет емес, зейнет екенін өз ісімен дәлелдеген іскер ұйымдастырушының жұртқа деген қамқорлығы ұшан-теңіз.

Біз осының барлығы еңбек әліппесін қара­пайым жұмысшы ретінде бастаған­дық­тан деп ұқтық.

 

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы