Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2021

«Тіл және тәуелсіздік» көрме-байқауы мәреге жетті

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талдықорғанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тіл және тәуелсіздік» атты республикалық көрме-байқауы өтті. Бұл шараны Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Суретшілер одағы облыстық филиалымен бірлесіп ұйымдастырды.

«Тіл және тәуелсіздік» көрме-байқауы мәреге жетті

Тіл сарайының алдында қыл­қа­лам шеберлерінің туындылары қо­йылған «Тіл және тәуелсіздік» атты көр­менің ашылу салтанаты болды. Көр­менің лента қию рәсіміне об­лыс­­тық мәслихаттың хатшысы Ж.Жөр­генбаев, Мемлекеттік Елтаңба авторы Ж.Мәлібекұлы, Қазақстан Суретшілер одағы­ның төрағасы Ө.Жұбаниязов, қоғам қайраткерлері мен белгілі тіл жа­на­шырлары Оразкүл Асанғазы және Асылы Осман қатысты.

Елге, жерге деген сүйіспеншілік жә­не жас ұрпақтың рухани мәдениетін дамыту мақсатында ұйымдастырылған қылқалам шеберлерінің «Тіл және тәуелсіздік» байқауы қоғамдағы қа­зақ тілінің даму тақырыбын ашу, тәуел­сіздіктің символына айналған мемле­кеттік тілге деген қызығушылық пен құрметке бейнелеу өнері арқылы тәр­биелеуді мақсат тұтады. Бұл жо­лы байқауға 109 суретші қатысып, олар­дың қылқаламынан туған 164 картина көрермен назарына ұсынылды. Қатысушылардың ең үлкені Түркістан облысы Түлкібас ауданынан келген 66 жастағы тұрғын болса, ең кіші қаты­сушы 9 жасар Маңғыстау облысы Жаңа­өзен қаласынан келген мектеп оқушысы болды.

– «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, талант жас талғамайтынын ескере отырып, байқауға кәсіби суретшілермен қатар оқушы, студент жастарға қатысуға және әр қатысушыға бірнеше туынды ұсынуға мүмкіндік берілді. Аламанға кең байтақ еліміздің әр түкпірінен қылқалам шеберлері ат қосты. Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе, Алматы облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан келген туындылардың жазу техникасы да әртүрлі болды, олар майлы бояу, акварель, гризаль, шыны, импато, сондай-ақ сәндік қол­данбалы өнер стиліндегі жұмыстар ретінде ерекшеленді, – дейді облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Болат Керімбек.

Байқауда суретші Марат Абдреев­тің «Бабалар арманы» картинасы ең үз­дік деп танылып, байқаудың бас жүл­десін қанжығалады. 1-орынға Өмірбек Жұбаниязов ие болды. 2-орынды Айнұр Өмірзақ пен Айжан Базарбекова еншіледі.