Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2021

Студенттерге арналған бассейн

435 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері енді өз бассейн­дерінде жүзіп үйренеді. Жаңа гидротехнологиялық нысан университет қаражатына салынды. Салтанатты ашылу шарасына облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, оқу орнының ректоры Қуат Баймырзаев қатысты.

Студенттерге арналған бассейн

– Жақында Талдықорған қаласында олимпиадалық үлгідегі жабық бассейн ашылған еді. Жаттығуға 3 мыңнан аса бала жазылып, мыңнан астамы жүзу үйірмесінде дайындалуда. Жаттық­тыру­шылар құрамын кеңейту жағы қарас­тырылуда. Елбасы тапсырмасы аясында аймақта 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолдануға берілді. Тағы төртеуінің және 150 воркаут-нысан құрылысы жүргізілуде. Енді студенттерге арналған жүзу бассейні пайдалануға берілді. Бассейн бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында салынды, – дейді облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.

Ол университет басшылығына оқу ­са­пасының жоғарылығы, оқу ғима­ра­тының материалдық-техникалық ба­за­­­­сының жаңарту бағытындағы жұ­мыс­­тары үшін алғысын білдірді. Өз ке­зе­гінде университет ректоры Қуат Бай­­мырзаев облыс әкімі қолдауымен са­лын­ған студенттерге арналған заманауи жатақхананың арқасында Жетісу уни­вер­ситеті республика бойынша сту­дент­терді әлеуметтік қамту бойын­ша бірінші орын иеленгенін айтты. Сондай-ақ ол облыс әкіміне университетке көрсетіліп жатқан көмек үшін алғысын білдірді. Ал студенттер атынан сөз алған Дене шынықтыру және спорт факультетінің 4-курс студенті, көркем гимнастикадан спорт шебері Диана Бейсенова риза­шылығын жеткі­зіп, бассейннің ашылуы студенттердің спортқа ден қоюына серпін беретінін жеткізді.

Жабық бассейннің жалпы көлемі 3 644,20 шаршы метрді құрайды. Нысан құрылыс талаптарына және санитар­лық-эпидемиялық стандарттарға сай салынған. Бассейнге кіретін жеке кіре­беріс, киім ауыстыратын орын, сауна, ванна, жаттықтырушы мен жұмыс­шы­ларға арналған бөлме, спорт инвента­рын тазалап, сақтауға арналған арнайы бөлме, дезинфекциялық заттар – бар­лығымен қамтылған. Әкімшілік және меди­циналық кабинеттер де бар. Одан бө­лек суды тестілеуден өткізуге арналған зертханамен қамтылған.

Жалпы, университет қабырғасында 6 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Оның ішінде 450 жас облыс әкімі грантының иегері.

 

Алматы облысы