Әдебиет • 24 Қыркүйек, 2021

Аз жазады, көп оқылады

714 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жұрт алдында өзін «ақынмын» деп айтқысы келмейтін ақындар да баршылық. Олардың бұл әрекеті өзіне деген күмән емес, саф өнердің алдындағы тазалық, ұяңдық дер едім. Былайғы жұрт «ақындар өлең жазудан басқа не істей алады?» деген сұрақ қоюы мүмкін. Мұның жауабы да дайын. Ақын – ойдың адамы, ал сол ойдың ішінде ұлтының сөзі, қуанышы, күлкісі, мұңы мен мұқтажы жасырынып жатады. Ақын оны ашып айтпағанымен, өлеңдері арқылы жеткізеді. Ұлы жазушы Эрих Мария Ремарктің «Бір адам басқа бір адамға бір тамшы жылудан өзге не бере алады және бұдан артық не болуы мүмкін?» дегенін еске алсақ, шынында ақындар ұлтына өлеңді де, тіпті бәрін бере алады. Тек олардың жазғанын оқып, түсініп, айтқанын аңғаратын ниет болса.

Аз жазады, көп оқылады

Қазіргі қазақ поэзиясындағы көп жазбайтын, бірақ көп оқылатын ақын – Мұрат Шаймаран. Ойдың сөлін өлеңге айналдыру да осы Мұрат ақынның қолынан келді. Жазған жақсы жырлары оның ой қанатын зау биіктерге самғатты. Құдды альпинистер шығатын тау-шыңдарының кедір-бұдырын, бағытын қалай болжай алса, Мұрат Шаймаран да жазатын өлеңінің екінші әлемін солай жақсы біледі. Оның қаламы тек мезгіл ауысса ғана өлең жазудан аулақ.

«Кім еді мені оятқан,

Сенбісің, жырдың бұлбұлы?!

Жасыны ойнап, жай атқан

Құрысын ақын тірлігі.

Адасып бақыт құсынан,

Алаң да, алаң жол қарап.

Қаламсабымның ұшынан

Жүректің қаны сорғалап...».

Ақынның қаламы оңай-оспақ дүниелерге, арзан сезімге берілгісі де келмейді, тіпті шабытсыз шақта үнсіз қала береді. Егер ақынның ойы ескірмесе, онда өлеңі де, өзі де ескірмейді. Ақын үшін де, жақсы жыр үшін де керегі сол ғана. Онсызда мына ұмытшақ қоғам ойсыз, нәрсіз, қайырсыз дүниелерді арасына ай өтпей естен шығарып жатыр. Бізге жеткен соны жырлар, ұлы әуендер мен ғажайып қолтаңбалар адам санасында жатталып, жады дейтін құт ұяда жұмыртқадай шайқалып, пісіп келді. Соның арқасында адамзат руханияты қанын жоғалтудай қасіретке ұшыраған жоқ.

Мұрат Шаймаран поэзиясы туралы айту да ойға салмақ түсіреді. Бізше оның ақындық әлемінде «тек жақсы жазу» дейтін мәңгілік ұғым сақталған. Ойдың айтқаны қалам ар­қылы жүзеге асып жататыны да содан. «Шын мәнінде, ойды меңгерген адам – әлем­нің әміршісі. Патшалар халықты белгілі бір мез­гілде ғана басқарады, ал суреткер халықты ғасырлар бойы басқарады», – дейді ұлы Бальзак. Қалай келіспеске?!

«Бейтаныссың және сондай таныссың,

Күндей нұрлы болғаныңмен, алыссың.

Жүрегімді өрттей жаулай береді,

Жанарыңнан шашыраған әр ұшқын.

Сен көктемсің,

жапырақсыз мен күзбін,

Сені іздедім жанарынан әр қыздың.

Жапанда өскен жалқы дарақ секілді

Жалғызбын-ау, жалғызбын-ау,

Жалғызбын...».

Шын ақын, шынайы өлең жалғыз ғана үн қатады, жалғыз болып қалады. Өйткені мәңгіліктің бір аты – жалғыздық. Оның есігіне топтасып бармайды, дара, жалғыз, сирек дүниелер ғана сол көмбеге табан тірейді. Біз сөз етіп отырған ақынның мәңгіліктің жүгін арқалаған жырлары да сол көмбеге қарай ұмтылып бара жатқанын аңдатады. Қарапайым жазу – қарапайым қозғалыстағы өмірді ғана сипаттай алады.

«Ешкім де оған гүл ұсынбады,

Жұлдызы сынды,

Күні өлді.

Қайғыны толы уысындағы

Аспанға шашып жіберді.

Билемес енді бойдағы желік –

сарғайған дәннің сабағы.

Шытынап тұрған айнаға келіп,

Ағарған шашын тарады».

Ақындар барлық елде бар, бірақ қандай ақындар бар екеніне назар аударған да жөн сияқты. Мұрат Шаймаран өлеңдерінің бүгінгі жеткен биігі – қазақ поэзиясының қуанышы. Сол қуаныштың ішіне біздің ұлтқа тән ой да, сезім де, үміт те, аңсар да, бәрі-бәрі сыйып тұр. Егер Флобердің жал­ғыз артық­шы­лығын атау керек болса, оның ешкімге елік­темегенін айтар едік. Мұрат Шаймаран да осы ерекшелікті мықтап ұстанған ақын. Оның жырларында тек өзінің әлемінен ойып алынған құндылықтар өмір сүрді, біз соны оқып жүрміз. Оның қаламы сөйлеткен өлеңдерді ақ қағаз болашаққа аманаттап апарары сөзсіз.