Экономика • 24 Қыркүйек, 2021

«Ағарған» нарық адалға бұйырады

841 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тауарларды цифрлы таңбалау Қазақстанда 900 млрд теңгеден астам сомаға қосымша өткізу нары­ғын қалып­тастырады. Тауарларды таңбалау мен қада­ғалаудың бірыңғай операторы – Цифрлық экономиканы дамыту орталығының жүргізген есебі осыны көрсетіп отыр.

«Ағарған» нарық адалға бұйырады

Сондай-ақ әлемдік тәжі­рибені талдайтын агенттік­тердің дерегінше, тауарлар­ды міндетті таңбалауды енгізу тауар нарықтарын «ағар­ту­дың» триггері болмақ және «кө­леңкелі» айналымды 70-80 па­йызға қысқартуға мүмкіндік береді.

Бірыңғай оператордың есебі Статистика бюросының нарық көлемі мен Euromonitor International халықаралық кон­салтингтік агенттігінің елдегі тауарлардың көлеңкелі айналымы туралы деректер негі­зінде жүргізілген. Бұдан бөлек, әр­түрлі тауар тобы бо­йын­ша таңбалауға арналған жаб­дық шығындары да назарға алын­ған.

Мәселен, 2019 жылы Қазақ­станда сүт өнімдері нары­ғының көлемі 809 млрд теңгені құрады. «Көлеңкелі» айналым 17,4 пайыз немесе 140 млрд теңге деп бағаланды. Бұл ретте, барлық өндірушінің таңбалау жабдығына жұмсалатын жалпы шығыны 6,5 млрд теңгені құрайды. Яғни жыл сайынғы өндіріс көлемінің 1 пайызынан аспайды. Контрабандалық және контрафактілік сүт өнім­дерінің 80 пайызы на­рықтан «ысырылған» кезде 98 млрд теңге көлемінде тұтыну на­рығы пайда болады. Яғни сүт өнімдерінің адал өндірушілері мен импорттаушыларының сату көрсеткіштері 10 пайызға артады.

Фармацевтика саласы бо­­йынша нарық көлемі 1,4 млрд теңгеге тең. «Көлеңкелі» ай­налым – 12,3 пайыз. Бұл дегеніміз жыл сайын 171 млн теңге Қазақстандағы дәрілік зат­тардың «көлеңкелі» нары­ғын құрап отыр. Нарық 80 па­йызға «ағарған» жағдайда заңды өндірушілер мен импорттаушылар үшін жыл сайы­н 80 млрд теңге сомасына қо­сымша өткізу нарығы пайда болады.

Осылайша, 2018 жылы Еуразиялық экономикалық одақ елдері қол қойған Data Matrix кодымен тауарлардың әртүрлі тобын цифрлы таң­балауды кезең-кезеңмен ен­гізу туралы келісімде ай­қын­далған тауар топтарына цифрлы таңбалауды енгізу нәтижесінде адал бизнестің түсімі 11,3 пайызға ұлғаяды. Бұл ретте, өндірушілердің тауарларды таңбалауға арналған жабдыққа жұмсалатын біржол­ғы шығындары жылдық түсім сомасының 0,5-0,9 пайызын құрайды. Таңбалау кодтарына арналған шығындар орташа есеппен алғанда тауарлар құнының 0,4 пайызына тең. Демек тауарларды міндетті таңбалауды енгізу нәтижесінде қазақстандық өндірушілердің кірістері жылына 10 пайызға артады.

– Цифрлы таңбалауды енгізумен халықтың азық-түлік және азық-түлік емес мақ­саттағы тауарларға қажет­тілігі қысқармайды. «Кө­лең­келі» айналым, заңсыз на­рық қысқармақ. Мұның бәрі кон­трабанда, контрафакт болып саналады. «Ағарған» нарық адал өндірушілер мен импорттаушылардың иелігіне өтеді. Бұл нарық 10 пайыз деп бағаланып отыр. Демек заң­ды түрде жұмыс істейтін биз­нестің жыл сайынғы кірісі таңбалауға арналған жабдық шы­ғындарының 1 пайызынан аспайды. Бұл олар үшін тиімді. Ал тұтынушылар заң­ды, шынайы өнімдерді тұты­натын болады. Заң­дылықты Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы тексеруге мүмкіндік бар, – дейді Цифр­лық экономиканы дамыту орталығының басқарушы директоры Нұржан Баекеев.

Еске сала кетейік, Қазақ­станда темекі өнімдері мен тері бұйымдарын міндетті цифр­лы таңбалау енгізілді. 2021 жылғы 1 қарашадан бас­тап бұл норма аяқ киім өнді­рісіне де қатысты болмақ. Дәрілерді цифрлы таңбалау бойынша қанатқақты жоба аяқталды. Сондай-ақ қазіргі уақытта алкоголь өнімдері, жеңіл өнеркәсіп тауарлары, сүт өнімдері, қапталған су және алкогольсіз сусындар бо­йынша қанатқақты жобалар іске асырылуда.