Спорт • 24 Қыркүйек, 2021

Ослодан олжалы оралайық

463 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Токио Олимпиадасының аяқталғанына біраз уақыт өтсе де, Қазақстанның грек-рим күресі шеберлерінің сол жарыстағы сүреңсіз көр­сеткіші жайындағы әң­гі­мелер әлі де саябырси қойған жоқ. Әрине, жан­күйерлерді түсінуге болады. Олардың жанайқайы орынды. Қанша дегенмен спорттың бұл түрінде елімізде жеңіспен өрілген керемет дәстүр бар. Өз өрен­деріміздің ара­сы­нан талай чемпиондар шық­ты. Алайда Олим­пия ойын­да­рындағы көр­сет­кішіміз уақыт озған сайын нашарлап барады.

Ослодан олжалы оралайық

Мәселен, тәуелсіздік алғалы бері отандастарымыз аталған жарыстың жетеуіне қатысып, со­ның үшеуінен құралақан оралды. Атап айтсақ, 2000 жы­лы Сид­нейде сүрінді, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода жеңілді және 2021 жылы Токиодан тас-талқаны шықты. Әрине, бұл жағдай көп­шіліктің көңіліне кірбің түсірмей қой­мады.

Жоғарыда айтылған олқы­лықтың орнын Париж Олим­пиадасының алауы тұтанғанға дейін толтыра алмайтынымыз анық. Оған әлі үш жылдай уақыт бар. Десек те алдағы күндері бар­­лық кемшіліктерімізді жу­ып-

шайып, дүйім жұрттың ал­дында біраз бедел жыюдың бір жолын көріп тұрмыз. Бұл үшін балуандарымыз 2-10 қазан ара­­­лығында Норвегияның бас шаһары – Ослода өтетін әлем чемпионатында барынша та­бысты өнер көрсетуге тиіс. Әсі­ресе, біз «классиктерден» үлкен үміт күтеміз. Себебі олар соңғы кездері жауапты жарыстарда жиі сүрініп жүр.

Өткенге зер салсақ, Қазақстан дербес команда ретінде әлем чем­пионаттарына 22 мәрте қатыс­ты. Әсіресе, ХХ ғасырдың соңғы он­жылдығы біз үшін табысты болды. Тәуелсіз еліміздің қор­жынына алғашқы болып ме­дальдың сыңғырын естірткен Дәу­­лет Тұрлыханов еді. 1993 жылы Стокгольмде шымылдығы түріл­ген жарыста 30 жастағы даңқты балуанымыз күміс медальды мой­нына ілді. Финалда ол Түр­кияның жас жолбарысы Хам­за Ерликайға есе жіберді. Одан кейінгі жылдары Юрий Мель­ниченко екі алтын (1994, 1997 жылдары) мен екі күміс медальды (1995, 1999) олжалады. Мхитар Манукян қос алтынды (1998, 1999) қоржынға салды. Бақтияр Байсейітов бір мәрте (1998) тең­дессіз деп танылса, тағы бір рет (1995) финалда ұтыл­­ды. Бай­қасаңыздар 1993-1999 жыл­дары жеңіс тұғырына кө­­терілген балуандарымыздың бар­лығы да ақтық сынға дейін алқынбай жеткен екен.

Тағы бір айта кетерлік жайт, 1998 жылы Швецияның Евле қаласында өткен әлемдік додада бас бапкер Дәулет Тұрлыханов жетекшілік еткен Қазақстанның ұлттық құрамасы қос алтынды олжалап, жалпыкомандалық есепте үшінші орынды иеленді. Оған дейін жерлестеріміз осын­дай зор табысқа қол жеткізе ал­мады. Одан кейін де сол межеден көріне алған жоқпыз.

ХХІ ғасыр табалдырықтан аттағаннан кейін Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері үшін алтын тұғырға көтерілу ар­­ман­ға айналды. Иә, буын ал­­масу про­цесі кезінде біраз қи­­­ын­дық­ты бастан кешірдік. Со­ның сал­дарынан алты жарыста жо­лымыз болмады. 2001 жылы Патры, 2002 жылы Мәскеу, 2006 жылы Гуанчжоу, 2007 жылы Баку, 2014 жылы Ташкент және 2016 жылы Будапештте сыпыра ұтыл­дық. Ал қалған жарыстардан қоржынымыз бос қайтқан емес. Атап айтсақ, 2003 жылы Геор­гий Цурцумия, 2005 жылы Ер­мек Көкетов және 2009 жылы Нұр­бақыт Теңізбаев төрткүл дүние­нің теңдессіздері бас қосқан дү­бірлі додада үшінші орынды еншіледі. 2010-2015 жылдар аралығында Алмат Кебісбаев пен Нұрмахан Тынәлиев бір-бірімен жарыса шапты. Қазақтың мақтан тұтар екі азаматы жеңіс тұғырына үш реттен көтерілді. Алмат бір күміс пен екі қоланы иемденсе, Нұрмахан үш мәрте үздік үштікті қорытындылады. Сол кездері Досжан Қартықовқа да бір қола бұйырды. 2017 жылы Парижде Мейрамбек Айнағұлов пен Демеу Жадыраев финалға дейін жетті. Алайда шешуші тұс­та қарсыластарына есе жіберіп, екінші орынды қанағат тұтты. 2018 жылы Будапештте Айдос Сұл­танғали мен Мейіржан Шер­маханбет қолаға қол созды.

2019 жылғы әлем чемпиона­тын Нұр-Сұлтан қаласы қабыл­­дады. Өз елімізде, өз жері­міз­де, өз жанкүйерлеріміздің көз ал­дында өтетін жарыста жер­­лес­теріміз жасындай жар­қыл­дап, Қазақстанның әнұранын шыр­қататын шығар деп үміт­тендік. Бірақ күллі Алаш жұр­тын шаттандыруға бірде-бір өреніміздің ерік-жігері мен күш-қуаты жетпеді. Алтын тұғырға ең жақын болған Қорлан Жақанша еді. Қандасымыз ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Бірақ финалда грузиялық Нугзари Цурцумияға әлі жетпеді. Ал Мей­рамбек Айнағұлов пен Алмат Кебісбаев қола медальдарды қа­нағат тұтты. Осылайша, елорда төрінде де бізге бас жүлде бұйыр­мады.

Нұр-Сұлтандағы әлемдік додада Ресей мен Жапония құра­малары командалық есепте көш бастады. Бұл командалардың әр­қайсысы екі алтыннан олжа­лады. Ресейліктер арасынан Абуязид Манцигов (72 кг) пен Мұса Евлоев (97 кг) алдарына жан салмаса, Сергей Емелин (60 кг), Степан Марянян (63 кг) және Артем Сурков (67 кг) күміспен күптелді. Күншығыс елінің өкілдері арасынан Кенъи­тиро Фумита (60 кг) мен Синобу Ота (63 кг) оза шапса, Сота Огава (55 кг) қолаға қол созды. Сондай-ақ кубалық Ис­маэль Борреро (67 кг), ма­жарс­тандық Тамаш Леринц (77 кг), грузиялық Лаша Гобадзе (82 кг), украиналық Жан Беленюк (87 кг) және түр­кия­лық Рыза Каялп (130 кг) бас жүлдені олжалады. Міне, 2019 жылғы әлем чемпионатының ең үздік командалары – осылар.

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері 1993-2019 жылдар аралығында жа­лауы желбіреген әлем чемпио­нат­та­рында 26 жүлде алған екен. Оның 5-еуі алтын, 8-і күміс және 13-і қола. Егер жоғарыда атал­ған кезеңді ғана есепке алсақ, біз үздік командалар тізімінде 12-орында тұрмыз. Бұл – өте жақсы нәтиже. Балуандық өнер­де бай дәстүрі бар талай ел ар­тымыздан сығалап қалды. Әрине, бұл көрсеткіш бізді қуантып отыр. Бірақ «әттеген-ай» дейтін жайттар да жоқ емес. Мәселен, 1999 жылдан бері Қазақ елінің грек-рим күресі шеберлері бірде-бір рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріле алған жоқ. Өткен ғасырдың аяғында Гре­кияның бас шаһары – Афи­нада әйгілі Мхитар Манукян теңдессіз деп танылды. Содан бері табаны күректей 22 жыл өтті. Сол аралықта біздің балуандар әлемдік додаға 16 рет қатысты. Десек те сол бәсекелердің бірін­де де біздің жігіттерге бас жүл­де бұйырмады. Енді сол олқы­лықтың орны Скандинавия тү­бегінде толықса деп тілейміз.

Ослодағы жарыста бұған дейін де әлем чемпионатында жүлде алған Қорлан Жақанша (55 кг), Айдос Сұлтанғали (60 кг) және Алмат Кебісбаев (67 кг) сынды саңлақтарға зор сенім артып отырмыз. Олардың бар­лығы да бабында, тәжірибелері то­лысып, шеберліктері де әбден шыңдалған. Кезінде Азия чем­пионы атанған Мақсат Ере­жепов (82 кг), Нұрсұлтан Тұр­сынов (87 кг) және Ерұлан Ыс­қақовтың (97 кг) төрт­күл дүниенің теңдессіздері жинал­ған жарыстарда жасындай жар­­қылдайтын кезі келді. Қа­һарман Қисметов (72 кг) пен Әлімхан Сыздықовтың (130 кг) да өрелі өнерлерімен көзге түсіп жүргендеріне біраз жылдың жүзі болды. Осы апайтөстермен қатар Сұлтан Әсетұлы (63 кг) мен Темірлан Шадукаев (77 кг) өнер көрсетеді. Олар жастар буы­ны өкілдері болғанымен, өз­де­рінің мықтылығын сан мәр­те мойындатқан. Екеуінің де ере­сектер арасындағы Азия чем­пио­ны деген дардай атақтары бар. Ослоға, міне, осы 10 балуанымыз аттанады. Біз Скандинавия тү­бегіне сапар шеккелі отырған саң­лақтарымызға сәттілік тілейміз.

Әлем чемпионатында ең көп жүлде алған «ТОП-20» команда

(1993-2019 жылдар аралығы)

 

Мемлекеттер

Алтын

Күміс

Қола

Барлығы

1.

Ресей

43

23

25

91

2.

Түркия

18

10

18

46

3.

Куба

14

11

16

41

4.

Иран

11

3

18

32

5.

Оңтүстік Корея

9

9

12

30

6.

Армения

8

9

9

26

7.

Әзірбайжан

6

6

11

23

8.

Грузия

6

4

5

15

9.

Швеция

6

4

4

14

10.

Болгария

6

2

11

19

11.

Мажарстан

5

13

13

31

12.

Қазақстан

5

8

13

26

13.

Германия

5

5

12

22

14.

АҚШ

4

7

8

19

15.

Украина

4

5

10

19

16.

Жапония

3

3

1

7

17.

Польша

2

7

4

13

18.

Беларусь

2

6

8

16

19.

Эстония

2

2

1

5

20.

Өзбекстан

1

4

5

10

Деректер мен дәйектер

- 1993-2019 жылдар аралығында өткен әлем чемпионаттарында барлығы 42 мемлекеттің өкілдеріне жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырды. Солардың арасынан 24 комада бас жүлдеге қол жеткізге алды.

- Қазақстан құрамасы сапында ең көп жүлде алған балуандар Юрий Мельниченко мен Алмат Кебісбаев. Екеуі де төрт реттен жеңіс тұғырына көтерілді. Юрий 2 алтын мен 2 күмісті олжаласа, Алмат 1 күміс пен 3 қоланы иеленді.

- Жалпы командалық есепте Ресей 10 рет (1993, 1994, 1995, 1997, 1998, 2002, 2003, 2006, 2018, 2019) көш бастады. Түркия үш рет (2009, 2015, 2017) топ жарды. Екі мәрте Иранның (2010, 2011) мерейі үстем болды. Болгария (2005), Грузия (2007), Оңтүстік Корея (2013) және Армения (2014) бір-бір реттен оза шапты.

- 1999 жылы Афиныда Куба, Ресей және Оңтүстік Кореяның нәтижелері бірдей болды. Бұл командалардың әрқайсысы 2 алтын мен 1 күмісті қоржынға салды. 2001 жылы Патрыда дәл сондай жағдай қайталады. Бұл жолы АҚШ пен Ресей мәреге бірдей жетті. Айтулы мемлекеттің апайтөстері 1 алтын мен 2 күмісті қанжығаларына байлады.

- Олимпия ойындарының алауы тұтанатын жылы әлем чемпионаты өткізілмейтіні белгілі. Десек те 2016 жылы Рио Олимпиадасы аяқталғаннан кейін Будапеште дүниежүзілік дода ұйымдастырылды. Бірақ бұл жарыста олимпиадалық емес екі салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды. 71 кило салмақта мажарстандық Балинт Корпаши топ жарса, 80 кило салмақта ресейлік Рамазан Абачарев атой салды.