ҚАРУ мен ҚАЛАМ
Қасым Шәріповті бір көрген адам сірә ұмытпас. Ерекше мәдениеттілігіне, сыпайылығына қарамай, көп ретте жүзі қатқылдау көрінетін. Сыпайылық пен қатқылдық үйлесе қоймайды деп дау айтуға да болар, бірақ бұл кісінің бойынан сол екеуі де табылатын сияқты. Өзінен үлкен немесе тұстастарына ғана емес, өзінен көп кішілерге, тіпті баласындай адамдарға да “сіз” деп сөйлер еді. Ал қаталдығына келсек, ол кісі жұмыста айрықша талапшыл, әркімнің өз міндетін мүлтіксіз орындауын қалайтын. Редакция қызметкерлері ағамыздың айтқандарын екі етпей орындар еді.
Осының бәрі Қасекеңнің бойына соғыста қалыптасқандай көрінеді де тұрады. Ал ол кісінің соғыстағы өмірі туралы әңгімені майдангер журналистерден талай естігеніміз бар. Өзі жазған деректі шығармаларын қазақстандық жауынгерлердің тамаша ерліктерінің нағыз шежіресі десек болар. Көз көргендердің әңгімесі дегенде, атақты журналист-жазушы Жекен Жұмахановтың айтқандарын естіген де, естімеген де арманда дейтін. Оны ауызша көркем шығарма дейтін жұрт. Қасекең жайында редакциямызда ұзақ жылдар еңбек еткен Мағзұм Көшеков ағамыз да талай сыр шерткен. Қазақшамен жеткізе алмай жатырмын-ау дегенде, ол: “Он настоящий герой!” дер еді.
Сол айтылғандарға Қасым Шәріповтің өз жазғандарын қоссақ, қару мен қаламды қатар ұстаған отаншыл азаматтың қайсар бейнесі көз алдыңа көлбеңдеп тұра қалғандай болады. Әсіресе бүгінгі Ұлы Жеңістің 65 жылдығы туралы әңгіме көбірек айтылып жатқан тұста көзін көрген жанның жауынгерлік жолы жайында сөз айту парыздай көрінеді.
Өзінің жауынгерлік жолын Қасым ағамыз “Біз – панфиловшылармыз”, “Подмосковная битва”, “Қарулас бауырлар”, “Қатардағы қаһарман” деген кітаптарында, көптеген очерктер мен мақалаларында нақты көрсеткені бар. Сол жазғандардан отандастарымыздың ғажап ерлігіне куә болумен қатар, автордың өзінің іс-әрекеттерін көрсетуден қашқалақтап, айрықша кішіпейілділік танытқанын да аңғарасың. Сонда ол жайында басқалардың жазғандарын оқып, оның жай соғысқа қатысушы ғана емес, саяси әскери қызметкер ғана емес, қолына қару алып, жауға қасқайып қарсы тұрған қаһарман жауынгер болғанына көзіміз жетеді.
Соғысты Қасым Шәріпов ағамыз шабытты шығармашылық еңбек үстінде қарсы алғанын өзінің “Біз – панфиловшылармыз” кітабында әсерлі баяндайды. “...Мен Лениннің “Бір адым ілгері, екі адым кейін” деген кітабын аударумен шұғылданып, түнгі сағат төртке дейін отырып шаршадым да, жатып ұйықтамақ болдым. Мұндайда тезірек көзің ілінбей, дөңбекшіп жатасың да, біраздан кейін талықсып, ұйықтап кетесің. Әрине, кеш тұрасың. Бүгін де нақ солай болды.
Көзімді уқалап, төсектен тұрдым да, терезенің пердесін ашып, далаға қарадым. Көшеде адам толып кеткен. Әдетте жексенбі күні паркке баратындар жақсы киініп, бір-бірімен қолтықтасып, маң-маң басатын. Ал бүгін жұрт қалай болса, солай киінген. Әркім өз бетінше асығып-үсігіп жүгіріп барады. Таныс адамдар да көп. “Мынау Ғабең емес пе?” деп терезеге шұқшия қараймын. Иә, Ғабит Мүсіреповтің өзі. Жай уақытта асып-сасу дегенді білмейтін, сабырлы, салмақты Ғабеңнің балаша жүгіріп бара жатқаны несі? Мына жұртқа не болған?
Телефон шылдыр ете қалды.
– Радио хабарын естідің бе?- деп сұрады менің жолдасым Бақтияр Меңдіғазин.
– Жоқ, радионы тыңдаған жоқпын.
– Ендеше...тыңда, досым, тыңда!– деді де трубканы қоя салды.
Мен дереу радионы сөйлеттім. Радио құлағымды қақ жарғандай болды. Есеңгіреп кеттім. Үй-ішімізбен үймелеп, үнсіз тұрып қалдық.
– Неміс-фашист басқыншыларына қарсы совет халқының Ұлы Отан соғысы басталды. Біздің ісіміз – әділ іс. Жау талқандалады. Біз жеңеміз.
Басымызға осындай күн туды дегендей, біз бір-бірімізге қараймыз.
–Мен майданға баратын шығармын, менің киім-кешегімді кішкентай чемоданға салып әзірлеп қой, – дедім Зураға.
Чемодан сол күні-ақ дайын тұрды”.
Соғысты Қасым ағамыз осылай қарсы алған. Өзі істейтін Партия тарихы институты оны облысқа лекция оқуға іссапарға жұмсады. Ал әскери комиссариаттан шақыру қағаз келіп жатты. Қасекең комиссариатқа барды.
Сонда Алматыда 316-шы атқыштар дивизиясы жасақтала бастады. Командирі – генерал-майор Иван Васильевич Панфилов. Қасекең де соған барып тіркелмек. Кім болары белгісіз. Әйтеуір соғысқа баратыны анық. Көпшілігін танымайды. Қасым ағамызбен бірге біз де қазақтың болашақ батырларымен таныса бастаймыз.
1073-ші полктың бірінші батальонының командирі аға лейтенант Бауыржан Момышұлы. “...Командирлердің сүйегіне біткен мінез мұның да бойында бар: көзі өткір, қабағы қатыңқы, жүзі суық, – деп жазды Қасекең. – Тебеген аттай, маңына ешкімді жолатпайды. Мен қорғалақтап жақын келдім.
– Үйге барып келуге рұқсат етіңізші, үйдегі әйелім, балаларым менің армияға алынғанымды әлі білмейді, – дедім.
– Немене, майданға қатын-балаңды сүйретіп апармақ па едің?! – деп кекете жауап берді де, тез кел! – деді.
Үйге жүгіріп барып, жай-жағдайды айтып, дайын тұрған кішкене чемоданымды алдым да, тезірек казармаға қайтып келдім”.
Қасым ағамыз әскерге осылай алынған. Ол 1075-ші полктің үшінші батальонының сегізінші ротасының политругы болып тағайындалды. Полк командирі – полковник Илья Капров, комиссары – Ахметжан Мұхамедияров, батальон командирі – капитан Николай Молчанов. Бәрі де кейін соғыста ерекше көзге түскен тұлғалар.
“Комиссар өзінің алдында жатқан менің құжаттарыма бір қарап қойды да, сөзін бастады:
– Шәріпов жолдас, мен сіздің өмірбаяныңызбен таныспын,– деді ол. – Қалалық партия комитетінің ұсынысы бойынша біз сізді 3-ші батальондағы 8-ші ротаның саяси жетекшісі қызметіне тағайындап отырмыз. Сізге жуырда политрук атағы беріледі... Рота үшін алдымен командир емес, сіз жауап бересіз. Бірақ командирді дұрыс бағыттап, қолдап отыру қажет...
Комиссарымыз Ахметжан Латыпұлы Мұхамедияровтың әрбір сөзі менің көкейіме қонып тұр. Орта бойлы, қара көзді, қиғаш қасты, қызыл шырайлы, аққұба сұлу жігіт маған ә дегеннен ұнады. Сыпайы, ұстамды...”.
Қасекең үшін генерал Панфиловпен танысу айрықша болды. Бұлар дайындық жасап жатқанда, оны көруге бір топ әскери басшылар келді. Полк, батальон командирлерінен басқа екі генерал, тағы ромба белгісі бар біреу. Мұндайда рота командирі рапорт береді. Бірақ лейтенант Давыдов сілейіп тұрып қалыпты. Сонда: “Рота атыс өнерін үйреніп жатыр, баяндаушы политрук Шәріпов”, – дейді Қасекең. Генералдың бірі командирлерін атап беруін сұрайды. Политрук тақылдатып айтып шығады. “Алдыңызда тұрған екі генералдың қайсысы Панфилов?” дейді бір генерал. “Сіз боларсыз” – дейді политрук. Бірақ ол қателескен еді, бұған дейін Панфиловты көрмеген болатын. “Ротаңыздың командирі қайда?” – дейді генерал. “Менмін”, – дейді алыстау тұрған Давыдов. “Рапорт бермей, тәртіп бұзғаныңыз үшін мен сізді рота командирі қызметінен босатамын”, дейді генерал. Иә, соғыс тәртібі осылай.
Майданға жеткенше-ақ Қасекең өзінің қандыкөйлек жолдастарымен тонның ішкі бауындай араласып, жақындасып кетеді. Командирлері негізінен орыс азаматтары болғанымен, әскери бөлімдердің саяси жетекшілері қазақтар. Полк комиссары Мұхамедияров айтқандай, батальон, роталарға алдымен солар жауап береді. Соның бірі – Қасекеңнің ескі танысы, үшінші ротаның политругі Мәлік Ғабдуллин бүкіл полктың сүйікті адамындай. “Мәлікті мен бала кезімнен білемін, – дейді Қасым ағамыз. – Москвада оқып жүріп, жазда практика ретінде “Социалистік Қазақстан” газетінің редакциясында қызмет істеген кезімде Мәлікті күнде көретінмін. Ол “Лениншіл жас” газетінде пионер бөлімінде істеді... Қазір үшінші ротаның политругімен күн сайын кездесіп жүрсек те, оның пионер кезіндегі пішіні есімнен кетпейді”.
Кейін бүкіл Отан соғысының айтулы батырына айналған Василий Клочковпен Қасекең етене жақын жүрді, әзілдері жарасып, үнемі бірін-бірі сөзбен қағыстыратын және үнемі жолдары түйісе беретін, кезекшілікті бірге атқаратын.
Атақты полк комсоргы Балтабек Жетпісбаев та Қасым ағамыздың ең жақын адамына айналған. “Ұзын бойлы, зор денелі, қара жігіттің келбеті хиссаларда суреттелетін батырларды еске түсіреді. Ер мұрынды келеді дегендей, оның мұрны үлкен. Батыр аңқау болады дегендей, оның аңқаулығы, қарапайымдылығы, кішіпейілділігі ә дегеннен көрініп тұрады. Ротадан жоғары көлемдегі қызметкерлердің бәрін бастық санап, сескенсек те, Балтабекпен еркін сөйлесеміз. “Сіз” деп емес, “сен” деп сөйлесеміз”, – деп еске алған кейін Қасекең.
Қасым Шәріповтің ескі танысының бірі Бақтияр Меңдіғазин еді. Ол жөнінде Қасекең талай тебіреніп жазды. “Бақтияр екеуміз Қызылордадағы Ленин интернатында бір класта оқыдық. Өте момын бала еді. Кейін КазПИ-де оқыды. “Социалистік Қазақстан” газетінің редакциясында әдеби қызметкер, Көркем әдебиет баспасында редактор болды, осы баспаның өкілі ретінде Қазанда тұрып, көп кітаптар шығарды, Ғалымжан Ибрагимовтың “Терең тамырларын” қазақ тіліне аударды”.
Сол “момын бала” алғашында сегізінші ротада бөлімше командирі болып, кейін атақты барлаушыға айналды. Қасекең ол жайында “Бақтияр батыр” деген керемет очерк жазды.
Осындай адамдармен Қасым Шәріпов майданға жетіп, алғашқы күннен қып-қызыл өрттің ішіне кірген. Москваны қорғауда Панфилов дивизиясының, оның бөлімдерінің ерлігі көп жазылды. Бауыржан Момышұлы батальонының, 28 панфиловшы гвардияшылардың, Мәлік Ғабдуллиннің, Төлеген Тоқтаровтың ерліктері аңызға айналған. Майдан шебіне жете салысымен бірден соғысқа қатысқан үшінші батальонның сегізінші ротасы да айрықша көзге түскендердің қатарында болды. Кезінде ол жайында да жазылды. Әскери тілші Леонид Макеевтің “Чапаевшылар Москва түбінде” деген очеркінде былай жазғаны бар:
“Бірсыпыра уақыттан соң генерал Панфилов тағы да сұрады:
– Біздің чапаевшылардың жағдайы қалай? Мен Молчановты айтып тұрмын. Оның жұмысы жақсы ма?
– Жақсы сияқты,– деді Капров. – Әсіресе оның сегізінші ротасы ерекше қимылдауда. Олар немістердің жаяу әскерлерін оқпен жайратып, енді танктермен күресіп жатыр. Рота политругі Шәріпов пен взвод командирі Прийма гранатпен екі танкіні қиратты.
– Бәрекелді! Оларға алғыс айтыңыз!”.
Панфиловтың алғысы сол кезде наградадан кем емес еді.
Өздерінің сол ерлігі туралы Қасекең былай жазған еді. “...Бұл он сағат ешбір бітпейтін мәңгілік сияқты көрінді. Дегенмен уақыт өтіп кетті. Біздің рота ұзақ шайқасып, дұшпанның төрт танкісін қиратып, жүздеген фашистерді жойды, ақыры өзінің қорғаныс шебін жаудан сақтап қалды. Сөйтіп, біз неміс әскерінің Москваға қарай жылжуын бір күнге тоқтаттық. Ал бұл зор жеңіс еді”.
Сегізінші ротаның ерлігі жайында жазушы Алексей Кузнецов, комиссар Ахметжан Мұхамедияров, Мәлік Ғабдуллин, Әлішер Тоқмағамбетов, Петр Сафроновтар да жазған.
Сол 1941 жылдың қатал күзі мен қысы соншалықты ұзаққа созылған. Оның әрбір күні қауырт болды. Мұздай қаруланған күшті жауға қасарысып қарсы тұрды. Амалсыз шегінуге тура келді. Тіпті сол шегіністің өзі жеңіспен парапар еді. Оларды ешкім де шегіндіңдер деп жазғырған жоқ. Қайта жауды айтарлықтай кідірттіңдер деп алғыс айтқан.
Соғыстың қаншама ауыртпалығы болғанымен, қуанышты сәттері де жетерлік. Қысылтаяң шақта аман-есен достарға қосылу қандай қуаныш! Бірде Қасекеңнің ротасы байланыс жоқтықтан шегіну жөнінде бұйрық жетпей, жаудың қоршауында қала жаздапты. Тіпті солай болды-ау деген жорамал да болған екен. Кеш жеткен бұйрықтан кейін қиын-қыстау жолмен полкқа келіп қосылған сәтін Қасым ағамыз тебірене баяндайды. “Анадайда тұрған бір топ кісінің ішінен Мұхамедияров көзге түсті. Бізге жасаған қамқорлығы үшін мен оны жүгіріп барып сүйгім келді. Бірақ әскер тәртібінде мұны істеу келіссіз.
Зыбин Мұхамедияровқа жағдайымызды баяндады, алдымен оған сәлем бердім де, оның қасында күліп тұрған Балтабек пен Мәлікке қарай бұрылдым.
– Сені қоршауда өліп қалды ғой деп жүрсек, сен атқа мініп, көш бастап келдің ғой, – деп Мәлік әзіл айтты.
– Сен талай өліп, талай тірілгенсің, соның бірі менде де болған шығар,– дедім мен де әзілдеп.
– Әй, бұл өлмейді, бәріміз де өлмейміз. Жауды жеңіп бәріміз де үйге қайтамыз,– деді Балтабек әзіл сөзбен жұбанышты қорытынды шығарып.
Талай ер Москва үшін құрбан болды. Бірақ олардың жауынгер серіктері бұрынғыдан да қаһарланып, шыныққан болаттай жауға қарсы түсті”.
Бұлардың ерлік ісіне ел қуанған. Сол қуанышты майданға республика газеттері жеткізіп жатты. Оны да Қасекеңнің өз жазғанынан білеміз. Осы жерде шамалы ұзақтау үзінді келтіруге тура келеді.
“...Орманда ұрыс жүргізіп жатыр едік, комсорг Балтабек Жетпісбаев бір құшақ газет әкеліп берді. Менің көзіме “Социалистік Қазақстан” оттай басылды. Сонау 1929 жылы интернатта жүрген кезімде “Лениншіл жас” газеті редакциясының секретары болумен қатар “Социалистік Қазақстанның” тілшісі болып, 1930-1933 жылдары Москвада оқып жүрген шағымда оның Москвадағы арнаулы тілшісі, жыл сайынғы демалыс кездерінде оның өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі және Шымкент қорғасын зауытындағы көшпелі басылымның редакторы болған едім. Бұл газетті сүйетіндігім сонша – ол менің интернаттан кейінгі үйім тәрізді еді. Ұрыс толастағанда, біз бір топ гвардияшылар қопарылып құлаған ағаштың түбірін тасалай отырып “Социалистік Қазақстанды” оқуға кірістік...
“Социалистік Қазақстанның” 20 ноябріндегі нөмірінде менің өз коллективіме – Партия тарихы институтының коллективіне арналған хатым басылыпты. Онда былай делінген:
“...Жау өзінің барлық күш-қуатын майданның осы бөлігіне төгіп, үлкен шабуыл жасады. Бірақ бұл – залым жаудың ақырғы әрекеті, өлер алдында ықылық атуы. Жау өзінің сөзсіз құритынына көзі жетіп, қанқұмарлығын күшейтіп отыр. Неміс басқыншыларының бірін қалдырмай жойып, Отанымызды азат ететін сағат әлі-ақ келеді. Бұған сенімдеріңіз кәміл болсын, жолдастар! Біз жеңеміз!...”
Газет қызметкерлері материалды қалай тиімді орналастыруды біледі ғой. Хаттың астына Зура Шәріпованың мақаласын басыпты. Одан: “Гвардия атағын алған, генерал-майор Панфиловтың дивизиясында менің күйеуім Қасымның да болуы мені үлкен қуанышқа бөледі. Отанымыздың жүрегі – айбынды Москваны қорғаушылар қатарында болудан, қызыл гвардия қатарында болудан артық құрметті не бар!” деген сөздерді оқыдық.
Газеттің 22 ноябрьдегі нөмірінде Сәбит Мұқановтың “Гвардеец бауырларға” деген өлеңі басылыпты. Онда автор Панфиловты, Мәлікті, Әлішерді, Ықыласты, Әлиді, Снегинді, Кузнецовты мақтай келіп, бір шумағында былай дейді:
Енді, жау , жылжымассың сен жасырын,
Жылжимын десең, оның жан ашуың.
Шәріпов, Амандықов, Бекбатыров –
Қит етсең қиғалы тұр үш Қасымым”.
Әрине, мұның бәрі қуаныш. Бірақ соғыстың қашанда қайғылы сәті көп. Күнделікті қиындық өз алдына. Жақын адамдарыңнан айырылып жатасың, жараланатының да бар.
“Таңертең 19 ноябрь күні, көшеде, дәл үйдің тұсында Алексей Кузнецовпен кездестім, – деп еске алады кейін Қасекең. – Әшейінде шүйіркелесіп қалатын Алексей қатулы қабағымен жерге қарады.
– Мына қанды көріп тұрсың ғой. Бұл – Панфиловтың қаны. Фашистер біздің генералымызды түнде минамен атып өлтірді ғой,– деп жыламсырады”.
Панфилов – дивизия жауынгерлері үшін әкедей болған адам. Оның қазасы жұрттың бәріне ауыр тиді. Жұрттың бәрі оның қаны үшін жаудан кек қайтаруға серт берген.
Сондай-ақ бірге жүрген, блиндажда бірге жатқан, жау танкісіне қарсы қасқайып бірге шайқасқан достарының қазасы да аз болған жоқ. Мына соғыста бәрін де көрді: қайсарлықты да, дәрменсіздікті де көрді.
Жанға қаттырақ бататыны жаралану екен. “Қатарымызда өлгендер, жараланғандар көбейіп кетті, – деп жазады Қасым ағамыз. – Чалаповтан және оның автоматчиктерінен атысты күшейтуді талап етіп, әрлі-берлі жүгіріп, арпалысып жүрмін. Қапелімде мені санинструктор Иван Харченко ұстай алды.
– Сіз жаралысыз, политрук жолдас, – деді.
Мен төмен қарап едім, қардың беті қып-қызыл қан екен. Өз қанымды көргенде, көзім қарауытып, басым айналып кетті”.
Бұл жарақат Қасым Шәріпов ағамызды сол 1941 жылдың қарашасының аяғында қарулы жауынгер қатарынан шығарды. Сонда ол қару ретінде қолына қаламын алған.
Бұл қарумен ол жеңіске жеткенше соғысты, одан кейін де жауынгерлік қатардан шыққан жоқ. Ол әскери тілші, біршама дивизиялық газеттердің редакторы, майдандық “Суворовец” газеті редакторының орынбасары болды. Ол екі тілде бірдей жазатын. Қалам дейтін қаруды оның қалай пайдаланатынын біз жақсы білеміз. Қазақ баспасөзінің генералы болғанын да көзіміз көрген, куә болғанбыз.
Мамадияр ЖАҚЫП.
Суретте: Майдангер журналистер капитан Қасым Шәріпов аға лейтенанттар Жекен Жұмаханов, Диқанбай Қосановпен бірге, 1943 жыл.
ГВАРДИЯ ПОЛКОВНИГІ
ӨЗІ ӨЛСЕ ДЕ АРТЫНДА ӨШПЕС ІЗ ҚАЛДЫРҒАН СОҒЫС АРДАГЕРІ ҒАЛИХАН МАҚАНОВ ТУРАЛЫ ҮЗІК СЫР
Табиғат заңдылығы бүгінгі ұрпаққа Тәуелсіздігімізді тарту етіп, оны абыройлы атқаруға міндет етсе, сонау қырқыншы жылдардағы жас жігіттер мен қыздардың алдында табан астынан тап келген қанды қырғыннан елімізді сақтап қалу парызы тұрды.
Бүкіл Кеңес елі ғана емес, жалпы адал ниетті адамзат баласының басына түскен алапат соғыс – қасіретті халді қазақ халқы қайыспай көтерісе білді. Ұлы Отан соғысында өз тарихында бұрыннан қалыптасқан, қанына сіңген батырлық, ерлік қасиетті осы жолы да абыроймен ақтап шықты. Оған сол қанды майданда жан беріп, қан төккен жүздеген, мыңдаған батырлардың бұл күнде шерлі шежіреге айналған өшпес іздері айқын дәлел бола алады.
Біздің әлбетте, сол бір қасіретті қырғында атағы шығып, аты белгілі болған батырларды ғана әспеттеп, көп аса сол төңіректі айналшықтап қала беретініміз бар. Бұл бас-аяғы бес жылда, Қасым Аманжолов айтқандай “күркіреген күндей” өте шыққан өтпелі соғыс болғанмен, оның тарихи зардаптарын зерттеу талай ғасырдың еншісіне енері хақ. Міне, сол зардапты кезең мен бүгінгі күннің арасын алпыс бес жыл бөліп тұрса да, оның ашылмаған сырлары мен қырлары сағат сайын ашылып, айқындалып жатқандай. Талай белгісіз батырлардың есімдері анықталып, олардың ерлік істерінің іздері бедерленіп жатыр. Тіпті олардың қай жерде, қай майданда жан беріп, қан төккендігін тап басып танытатын бұлтартпас деректер күн сайын андағайлап алдымыздан шығады. Соның бәрі де өткен қасіретті кезеңнің тарих қойнауына терең бойлап, әлі де айғақтауды күтіп жатқан ізденістерді бүгінгі таңда ізгілендіре түсу қажеттігін туындатады.
Қазір арамызда тірі жүрген қадау-қадау қаһарманды ғана әспеттеуден әрі аса алмай, көзіміздің алдындағыны ғана көріп, тереңге бойламай бойкүйездік танытсақ, Отан үшін от кешкен асылдарымыздың аруағына қиянат жасаған болып шығар едік. Бұл арада өткен Кеңес өкіметінің “ешкім де ешқашан ұмыт болмайды” деген ұранды сөзі еске түседі. Тәуелсіздік алғаннан кейін, Кеңес өкіметінің кейбір келелі дәстүрлеріне қырын қарап, оған көлеңке түсірушілер де болмай қалған жоқ. Қазір бұл келеңсіз көріністердің тым асыра сілтеу болғанына бірте-бірте көзіміз жетіп келеді.
Біз қазақ елі емес, Кеңес өкіметін қорғадық дегендей мағынасыз пікірлер де қылаң беріп қалып жатады. Ал, шын мәнінде, әрбір қазақ жауынгерінің жүрегінде, өзінің отбасы, қара шаңырағы, ұрпағын қорғау міндетімен бірге, сол кездегі бір тұтас мемлекетінің амандығын сақтау парызы болғандығын ешқашан ұмытпауымыз керек.
Ұлы Отан соғысындағы қазақ жауынгерлерінің жанкешті ересен ерлігін, сол кезде де, тіпті қазірге дейін айтып тауыса алмай келе жатқан терең тарих екенін мойындауымыз керек. Ал, шын мәнісіне келгенде, Отан қорғауға қатысқан әрбір жауынгердің өзіне тән ерлігі, өзіне тән тарихы бар. Біз соның бірде-біреуінің еңбегін елеусіз қалдырмай, бүгінгі ұрпақ зердесіне сіңіре білуіміз қажет.
Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, қан майданның қым-қуыт қияметті кезеңдерінің баршасын бастан кешірген, одан кейінгі бейбіт өмірде де өнегелі қызмет еткен, бұл күнде арамызда жоқ болса да, бүкіл еліміз мерекелеп жатқан Жеңіс тойында осындай жандардың есімін елеп, ескеріп, бүгінгі ұрпаққа үлгі ету біздің міндетіміз екенін ұмытпауымыз керек.
Солардың бірі Ұлы Отан соғысындағы үлкен ерлік марапатының белгісі “Қызыл Жұлдыз” орденінің біреуі ғана емес, екеуіне бірдей ие болған, оның сыртында “Жауынгерлік ерлігі үшін”, “1941 -1945 жылдардағы Германиядан азат ету”, сондай-ақ, “Отан қорғаудағы қалтқысыз қызметі үшін”, Қытай Халық Республикасының медальдарын, тағы басқа әскери шендерге қол жеткізген асыл азамат, гвардия полковнигі Ғалихан Мақанов туралы айтпай кетуге әсте болмайды.
Ғалихан Мақанов 1920 жылдың 5 желтоқсанында бұрынғы Торғай облысы (қазіргі Қостанай) Жангелдин ауданының “Бестау” елді мекенінде дүниеге келген. Оның жастық, бозбала шағы осы күнгі “Шилі” өңірінде өтті. Сол жерде оқып, білім алып, ат арқасына мінді.
Осы орайда Ғалиханның әкесі Бердіғұлов Мақанның да өмір тағдырын тілге тиек ете кету артық болмас. Оның әкесі мал баққан шаруа бола тұрса да, 1930 жылдардан басталған Торғай даласындағы қолдан жасалған ашаршылыққа ара тұрып, барынша күресе білген қайраткер. Сол кездегі “асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын” деген Кеңес өкіметінің солақай саясатына қарсы тұрып, қолда бар малын белсенділердің айдауына көнбей, жарлы-жақыбайларға бөліп берген. Және сол өзінің маңдай терімен асырап-баққан малын сыртқа шығармай, сақтап қалуға күш-қайрат жұмсаған, жұртшылықты соған жұмылдырған. Осы адал қарекеті үшін ол кеңес белсенділерінің қолына түсіп, айыпты саналып, ақыры абақтыда көз жұмған. Біз көбінесе, Ұлы Отан соғысы қаһармандарына ғана құрметпен қарап, ел басынан өткен небір нәубеттердің бәрі, әсіресе, ашаршылық жылдарында белсенділерге қарсы шығып, ерлік көрсеткендердің есімін ескерусіз қалдырып жатамыз. Жалпы, ел үшін, жер үшін, туған Отан үшін құрбан болған қай азаматтың да ерлік ісін естен шығармауымыз керек. Бұл біздің болашақ ұрпаққа деген үлгі-өнегеміздің, ізгі ісіміздің жарқын дәлелі болуы қажет.
Балалықтың қиын-қыстау кезеңдерін артқа тастап, жалпыға бірдей жетіжылдықты өзінің туған топырағында тәмамдаған Ғалиханның Ақтөбе педучилищесіне түсуге мүмкіндігі туды. Ақтөбе Торғаймен шекаралас, облыс, ауданы бөлек демесең ел-жұрты, ауыл аймағы бір-бірімен құрдай қатынасып жататын жалпақ ел. Сол себепті, көне Торғай жұртынан Ақтөбеге барып, білім алушылар легі бір толастамайтын. Түпкі негізін қыздар гимназиясы етіп, Ыбырай Алтынсарин қалаған бұл оқу орны – Кеңес кезінде мұғалімдер дайындайтын бірден-бір училищеге айналған болатын. Бұл оқу орнына Торғай, Қостанай, сондай-ақ, Сыр бойынан, тіпті іргедегі Орынбор өлкесінің қазақтары көптеп тартылатын. Осы оқу орнын ойдағыдай бітірген Ғалихан 1940 жылы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Ұзынкөл мектебіне оқытушылыққа жіберіледі. Бұл мектепте математика, физика пәнінен дәріс бере жүріп, көп кешікпей, оқу ісі жөніндегі меңгерушілік міндетін атқарады.
Ғалихан Мақанұлы Кеңес Армиясы қатарына қырқыншы жылдың аяғына таман тура осы арадан аттанады. Бұл әлі қанды қырғынның басталмаған кезі болатын. Қиыр Шығыста Отан алдында абыройлы міндетін бейбіт күнде аман-есен атқарып жатқан Ғалихан аға Германияның елімізге төтеннен жасаған шабуылын қатардағы жауынгер болып жүрген жерінде естиді. Міне, осы сәттен бастап, жас жауынгердің өмірі өз қатарластарымен бірге күрт өзгеріске тап келеді. Барлық жағынан әскери дайындықтан өткен жас жауынгер бірден қан майданның алғы шебіне аттанады.
Ғалиханның майдан шебінде жүргенде, өз қатарластарынан әскери оқу-білімге айырықша алғырлығы байқалып, ол 1943 жылы Москваның Красин атындағы минометші-артиллеристер даярлайтын Бірінші Гвардия училищесіне оқуға жіберіледі. Ол бұл оқу орнында әйгілі “Катюшаға” қатысты мамандықты игереді. Оқу орнын үздік бітірген ол, бірден Карел-фин автономиялық республикасын азат ету майданына аттанады. Бұдан кейін, ұлан-асыр майдан даласының әр қиырында қанды шайқастарға қатысады. Тіпті Жапон соғысында да көзге түсер ерліктер жасайды. Соның бәрінде де ол әскери марапаттарға ие болып, абырой биігінен көрінеді.
Білікті маман, іскер басшыны Отан соғысы аяқталса да бірден босатып жібермейді. Ол Жеңіс мерекесін өзі басқаратын бөлімше жауынгерлерімен бірге 1945 жылдың 22 маусымында Қызыл алаңда өткізеді. Осы мерейлі мереке өтісімен Ғалихан Мақанов басқаратын әскери бөлімшесін тұтасымен келісім-шарт бойынша Қытай Халық Республикасының Порт-Артур ауданына жібереді. Мұндағы арнайы тапсырмаларды абыройлы атқарған ол әртүрлі марапаттарға ие болып, өзінің 20 жылдық әскери өмір жолын абыройлы тәмамдап, туған жері Қазақстанға оралуына мүмкіндік алады. Осы орайда оның майдан даласынан басталған тынымсыз өмір жолының кейбір кезеңдеріне назар аудара кеткенді жөн көрдік. Ол өзінің ең жоғары әскери шені – гвардия полковнигі атағына “Катюша” деп аталатын реактивті артиллерияны абыройлы басқарып, жетекшілік жасағаны үшін жеткен еді.
Қан майданда, арпалыс сәттердің өзінде жауынгерлердің рухын көтеру мақсатында ұлт ерекшелігі ескеріліп, кейбір жауапты қызметкер, жоғары шенділердің өзінің ана тілінде ант қабылдау дәстүрі қажет болғанында, сондай анттың мәтінін аударуға атсалысқанын айтып отырушы еді Ғалекең.
Оның майдан даласында сіңірген орасан зор еңбегі өзінің көзі тірісінде үнемі ескеріліп, әр тарапта үлкен ұжымдарда кең көлемде аталып өтіліп отырды. Қан майданнан туған еліне аман-есен оралған Ғалихан Мақанов жай қарап жатпай бейбіт өмірдің қат-қабат тірлігіне бірден араласып кетті. 1961 жылдан бастап ол Қазақ КСР Автомобиль көлігі министрлігінің орталық аппаратына жауапты қызметке қабылданды. Алдымен жолаушылар тасымалы басқармасының аға тексерушісі, соңынан бастығы болып, бақылау-тексеру бөлімінің басшысы ретінде, ұжымда басқарма басшысы дәрежесіне көтерілсе, 1974 жылы Ғалихан Мақанов Автомобиль көлігі министрлігінің оқу орындары басқармасының бастығы болып бекіді. Осынау абыройлы жұмысты ол ұзақ жылдар бойы қалтқысыз басқарып, қазіргі Көлік министрлігі жүйесінде сапалы кадрлар дайындауға аянбай атсалысты. Кеңес өкіметі кезінде, республиканың автомобиль министрлігі жүйесінде еткен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бұл салада да ол талай-талай абырой биігіне көтеріліп, тағылымды тарлан ретінде танылды. Соның нәтижесінде, Кеңес өкіметі кезіндегі еңбек адамдарына деген зор құрметке ие болып, ол республикалық дербес зейнеткер дәрежесіне жетті. Бала-шаға, отбасының ортасында жары Әнуармен бақытты өмір сүрді. Бұл күнде Ғалиханның үлкен қызы – Дина Алматыда тұрады. Жеке кәсіпкер. Одан кейінгі қызы Әсия – мал шаруашылығының маманы. Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтының зоотехникалық-малдәрігерлік факультетін тәмамдаған. Ғылым кандидаты. Өзі тәрбиелеп өсірген немересі Жәнібек те қазір жігіт болып, жоғары оқу орнын бітіріп, тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өрелі үлес қосып жүр.
Соғыс, еңбек ардагері Ғалихан Мақановтың өзі дүниеден өтсе де, оның қаһарлы жылдар мен бейбіт кезеңдегі ерен еңбегінің ізі бүтін бір ұрпаққа үлгі болардай өткен тарихтың өшпес таңбасындай болашақ жылдармен бірге жасай бермек.
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ.
МЕРЕКЕЛІК МЕДАЛЬДАР ИЕЛЕРІН ТАПТЫ
Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойы жақындаған сайын оған арналған іс-шаралар еліміздің барлық аймақтарында өткізіліп жатқаны белгілі. Бұл акциядан орта мектептеріміз де қалыс қалмай, жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу мақсатында біршама ауқымды шаралар атқарып жатыр. Солардың бірі – Астанадағы №37 Сырбай Мәуленов атындағы орта мектепте өткен Елбасы Жарлығымен бекітілген Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекелік медалін тапсыруға арналған әдеби-сазды кеш. Мұнда мектеп директоры Базыл Ахметов 50-ге жуық елордалық соғыс және еңбек ардагеріне мерекелік медальдарды салтанатты түрде табыс етті.
Аталған мектептің ұстаздары мен оқушыларының тікелей атсалысуларымен елордадағы бірқатар соғыс және еңбек ардагерлерінің басын қосып, концерт өткізуі ата-әжелердің көңілін бір серпілтіп тастады. Миллиондаған боздақтардың өмірін қиған кешегі сұрапыл соғыстың есте қалған естеліктерінен сыр шерткен қарт майдангерлер Қабен Оспанұлы мен Көпей Сәтбаев кешегі қанды қырғын соғыстың жылдары келмеске кетсін, еліміз қашанда тыныш болғай, кейінгі ұрпақ соғыс дегенді білмесін деген ақ тілегін жеткізді.
Ардагерлерге арналып дайындалған мұндай іс-шаралар белгілі бір мерекелермен ғана шектеліп қалмай, аға ұрпақтың ерліктері мен қажырлы істерін оқушылардың бойында Отанға деген патриоттық сезім тәрбиелеуде үлгі ретінде көрсетудің маңызы зор деп есептеймін. Күн өткен сайын қатары сиреп келе жатқан ата-әжелердің әр сөзінен ғибрат алып, өнеге үйренудің оқушылар үшін пайдасы зор. Біз мұны үнемі назарда ұстайтын боламыз, дейді мектеп директоры Базыл Ахметов.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
АСТАНА.