Саясат • 24 Қыркүйек, 2021

Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің министрлері кездесті

343 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-шы сессиясы аясында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді төрағалығымен Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер (ТШЖДЕ) тобының 20-шы жыл сайынғы министрлік отырысы онлайн режимде өтті, деп жазады Egemen.kz.

Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің министрлері кездесті

Кездесу қатысушыларына сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясы 76-шы сессиясының төрағасы Абдулла Шахид және БҰҰ-ның ең осал дамушы елдерге арналған Жоғары өкілі Кортни Раттрэй құттықтау хаттарын жолдады.

Отырысты ашқан Министр пандемиядан неғұрлым зардап шеккен осал елдердің осы тобы халықаралық әріптестер мен донорлар тарапынан барабар қолдауды талап ететінін атап өтті. Қазақстан 2020-2021 жылдарға арналған ТШЖДЕ тобының жаһандық төрағасы бола отырып, екі жылға жуық уақыт бойы барлық тиісті халықаралық алаңдарда топ елдерінің мүдделерін қорғады және ілгерілетті.

Кездесу қорытындысы бойынша Министрлік декларациясы қабылданып, онда, атап айтқанда, Қазақстанның бастамасы бойынша топ елдерінің проблемаларын, оның ішінде әлемдік нарықтардан алыстығымен және транзиттік елдерге тәуелділігімен байланысты проблемаларды шешуде прогресті жеделдету жөніндегі Жол картасын іске асыруды тұрақты үйлестіру бойынша жаңа хатшылықты құруға шақыру көтерілді. Қазақстандық төрағалық бастамашы болған және өткен жылдың қыркүйегінде қабылданған бұл құжат 2024 жылға дейінгі кезеңде осы міндеттерді жедел іске асыру үшін барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіруге ықпал етеді.

Іс-шараға 85-тен астам делегат, оның ішінде 32 елдің сыртқы саяси ведомстволарының және әріптес елдердің басшылары, ЮНИДО, ФАО, ЮНКТАД, АзТМЭӘК, МОМД, ДСҰ, ЕЭК және т.б. сияқты БҰҰ халықаралық ұйымдары мен агенттіктерінің басшылары қатысты.

Сондай-ақ кездесу аясында 2022-2023 жылдарға ТШЖДЕ тобының келесі төрағасы – Ботсвана сайланды.

Теңізге шыға алмайтын дамушы елдер тобына жарты миллиардтан астам халқы бар 32 ел кіреді. Қазақстан теңізге шыға алмайтын ең ірі аумақтық және әлемдік мұхиттан ең алыс (3000 км-ден астам) мемлекет болып табылады.

Сол күні М.Тілеуберді Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) күшіне енуіне жәрдемдесу жөніндегі министрлік конференцияға қатысты. Ол өз сөзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы Семей сынақ полигонын жабу туралы тарихи шешімінің 30 жылдығын атап өтті, өйткені біздің еліміздің үлгісін ядролық сынақтардан бас тартты басқа елдер ұстанып, бұл 1996 жылы ЯСЖТШ-ның қабылдануына негіз болды.

Министр ЯСЖТШ-ны ратификацияламаған елдерді Шарттың күшіне енуіне өз үлесін қосуға шақырды.

ЯСЖТШ ядролық қаруды сынауға жаһандық тыйым салуды белгілейді және оның орындалуын бақылауды көздейді. Қазақстан мен Жапония 2015 жылы ЯСЖТШ-ның күшіне енуіне жәрдемдесу жөніндегі конференцияға тең төрағалық етті.