Саясат • 24 Қыркүйек, 2021

Бейжіңде Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған конференция өтті

341 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясымен (ҚҚҒА) бірлесіп «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция ұйымдастырды, деп жазады Egemen.kz.

Бейжіңде Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған конференция өтті

Конференцияны ашқан ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев іс-шараға қатысушыларды Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерімен  таныстырды.

«Нұр-Сұлтан мен Бейжің БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК секілді көпжақты құрылымдар аясында тиімді ықпалдастық орнатқан. 2013 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасын Қазақстан бірінші болып қолдады. «Қорғас» ШЫХО, Ляньюнган теңіз порты, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін қамтитын ҚХР-мен бірлесе дамытып келе жатқан тиісті инфрақұрылым Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетінің артықшылығын жүзеге асыруда маңызды рөл ойнайды», деп жазады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Дипломат атап өткендей, аталған саладағы бірлескен бастамаларды ары қарай ілгерілету үшін пандемия салдарынан шектелген екі мемлекет арасындағы азаматтар сапарые және тұрақты тауар тасымалын тезірек қалпына келтіру маңызды.

«Сонымен қатар пандемиямен күрестегі ынтымақтастық өзара қолдаудың мысалы болып табылады», деді Ш. Нұрышев.

Осы орайда ол Қазақстан алғашқылардың бірі болып Ухань қаласының тұрғындарына гуманитарлық көмек жібергенін, ал Қытай өз кезегінде бірнеше айдан кейін Қазақстанға да керек кезде гуманитарлық көмек және дәрігер жібергенін еске алды.

Отандық дипломаттың айтуынша, мұның бәрі 30 жыл ішінде Қазақстан мен Қытай бір-біріне тек жақсы көрші ғана емес, сенімді серіктеске айналғанын аңғартады.

Өз кезегінде, ҚХР Үкіметінің Еуразия істері жөніндегі арнайы өкілі Ли Хуэй Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестіктің мазмұнды сипатына жоғары баға берді. Оның айтуынша, бүгінде олардың арасындағы шекара екі елді біріктіретін өзіндік «достық пен тату көршілік көпірі» болып отыр.

Конференцияға қатысушылар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық жетістігі мен екі ел арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәлеселері бойынша баяндама оқыды. Қытайлық сарапшылар Қазақстанның халықаралық алаңдағы табысы мен оның қазіргі заманғы өңірлік және жаһандық мәселелерді шешуге белсенді қатысуын жоғары бағалады.

Сонымен қатар іс-шара барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы және даму перспективалары талқыланды.

Кездесу соңында конференцияға қатысушылар қазақстандықтарды тәуелсіздіктің мерейтойымен құттықтап, одан әрі өркендеу мен жаңа табыстар тіледі.

Конференцияда отандық тараптан ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының, ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының, Қытайды зерттеу орталығының, Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының басшылығы, Қытай тарапынан – ҚҚҒА, Қытайдың халықаралық проблемалар академиясы және Қытайдың заманауи халықаралық қатынастар академиясының басшылығы сөз сөйледі.