Президент • 27 Қыркүйек, 2021

Ғылымның жетістігі – кемел елдің келешегі

657 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің даму келешегіне орай білім және ғылым жүйесінің алдында тұрған өзекті мәселелерді атап өткен болатын. Президент көтерген ауқымды міндеттерге байланысты ғалымдар қауымы Ұлттық ғылым академиясының жалпы жиналысының сессиясында еліміздің өркендеуінің негізі болатын ғылымның әлеуетіне қатысты түйткілді жайттарды ортаға салды.

Ғылымның жетістігі – кемел елдің келешегі

Алқалы жиын ҰҒА жалпы жиналы­сының соңғы сессиясынан бергі уақыт аралығында өмірден өткен Қазақстан ғылы­мының әлемдік деңгейдегі көрнек­ті ғалымдарын еске алып, рухына тағзым етумен басталды. Олардың қатарын­да бү­гінде еңбектері әлемдік қоғамдас­тық­қа танымал академик, филология ғы­лым­дарының докторы, профессор Әбсат­­тар Дербісәлі, ҰҒА академигі, химия ғы­лымдарының докторы, профессор Ерен­ғайып Шайхутдинов, академик, химия ғылымдарының докторы, профессор Нәдір Нәдіров, академик, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Вла­димир Околович, академик, ауыл ша­руа­шылығы ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Елешев сынды ардақты ғалымдар бар.

Жиналыстың күн тәртібіне орай ғалым­дар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйе­лі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауын талқылап, маңыз­ды құжаттағы талаптарды іске асыруға байланысты ұсыныстарын бөлісті.

ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұрынов өз баяндамасында Жолдауда көтерілген мәселелерге жеке-жеке тоқ­талды. Еліміздің алдағы кезеңдегі әлеу­меттік-экономикалық дамуының басым бағыт­тарын белгілеп берген құжатта пан­де­миядан кейінгі экономикалық жағ­дай, сонымен бірге 2025 жылға де­йінгі дамудың жол картасын әзірлеу қарас­тырылып отыр.

«Заманауи цифрландыруға байланыс­ты Президенттің «Қазақстан Еуразия өңірінің басым бөлігі үшін орталық цифрлы хабқа айналуға тиіс» деген тапсырмасына аса мән бере отырып, бұл ретте отандық IT секторды дамытып, күшейтудің маңызы зор. «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Біздің заңнамаға сәйкес, оның қолданылуын шектеуге болмайды. Болашағын Отанымызбен  байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың бас­ты белгісі деуге болады», деп атап көр­сетті Президент. Ғалымдардың пікі­рінше, бұл мәселені балабақшалар мен мек­тептен бас­тау қажет. Ал жоғары мем­лекеттік органдарда қазақ тіліне деген қажеттілік болуы керек», деді өз сөзінде М.Жұрынов.

Сонымен қатар академия президенті Мемлекет басшысының экология, цифр­ландыру және бейбіт атом мәселесі­не мән бергеніне, жаңа технологиялар мен цифрландырудың көмегімен суды үнемдеуге көшудің маңызына тоқтал­ғанын атап өтті. 2030 жылға қарай су ресурс­тарының жетіспеушілігі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Жолдауда ғылымды гранттық қаржыландыру мерзімін 5 жылға дейін ұлғайту қажеттігіне де көңіл бөліп отыр­ғанына тоқталды. Себебі қазіргі үшжыл­дық қаржыландыру іргелі ғылымның дамуына кедергі келтіріп отырғаны сөзсіз. Жоспарлаудың осындай қысқа мерзімінде қандай да бір нәтижелерге қол жеткізу қиын. Сондықтан ғылымды гранттық қар­жыландыру мерзімін 5 жылға дейін ұл­ғайту мүмкіндігін қарастыру қажеттігі ға­лымдар тарапынан үлкен қолдауға ие бо­лып отыр. Ал ұлттық ғылыми кеңестер ше­шім­дерінің әділдігі туралы мәселе әлі де күн тәртібінде тұр. Осыған байланыс­ты апел­ляция институтын енгізу қажет деген Пре­зидент тапсырмасы да ой салады. Осы орайда ғалымдар қойылған мін­дет­терді шешуге атсалысып, ғылыми-зерт­теу­лер деңгейін арттыруға және оны прак­тика­да қолдануға ерекше назар аударатын болады.

Тіл саясатын дамыту мәселесіне орай баяндама жасаған ҰҒА Әлеуметтік ғы­лымдар бөлімшесінің төрағасы, кор­рес­пондент-мүшесі Ерден Қажыбек «Тіл сая­сатына келсек, Президент тұжырымдары – ұлттық саясаттың берік арқауы іспеттес. Жолдауда халық көкейіндегі өзек­ті мәселелердің басым көпшілігіне тұ­шымды жауап берілді. Басқасын айтпа­сақ та, ұлттық заңдарымыздың әлі күнге дейін көрші елдің мемлекеттік тілінде даярланып жүргенін айтуға ұяласың», деп атап өтті. Ғалымның айтуынша, қазақ тілі немесе ауыз әдебиеті бойын­ша мемлекеттік зерттеу грантын ұтып алғыңыз келсе, талай құжатты орыс­ша да, ағылшынша да толтыруға тура келеді, диссертация қорғаймын десеңіз, бұларға қосымша шетелдік жетекшіні іздеп басыңыз қата­ды. Әлі күнге дейін мемлекеттік тілді дамытуға арналған Президенттің, Үкі­меттің нақты қаулы-жарлықтарының бірі де толық іске асырылмай келеді. Тіл майданы тек тілші филологтардың, жазушылар мен әдебиетшілердің күресі емес. Керек болса, тілімізді дамыту мәселесі – мемле­кеті­міздің басты ұлттық қауіпсіздік, эконо­микалық, идеологиялық, саяси талабы, міндеті, алғышарты.

Жиында ауыл шаруашылығына қатысты өзекті мәселелерді ортаға сал­ған ҚазҰАУ ректоры, академик Ті­лек­тес Есполов «Қазақстанның ауыл ша­руа­шылығының әлеуеті орасан зор. Бірақ агроөнеркәсіп кешені саласын­да қордаланған көкейкесті мәселе­лер аз емес», деді өз сөзінде. Ол ауыл шаруа­шылығы саласында тауар өндірушілер мен тұтынушылар арасында делдалдар­дың көптігіне назар аудара отырып, ға­лым­дардың зерттеулерін негізге алды. Яғни қалыптасатын бағаның 75 пайызы делдалдарға тиісті болса, 25 пайызы ғана – ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің үлесінде. Шет мемлекеттерде бұл кері­сін­ше. Қазір ауыл шаруашылығына қа­тыс­ты үй шаруашылықтарының үле­сі 42 пайызды құрайды. Бірақ олар на­рыққа өз өнімдерін тиімді бағамен өт­кізе алмайды, инновациялық техно­­ло­гия­ларды кеңінен қолдануға мүмкін­­шіліктері жоқ. Сондықтан Жолдау­да осы шаруашылықтардың жұмы­сын жандандыру үшін «Жеке қосал­­қы шаруа­шылықтар туралы» заң жо­ба­сы әзірленетіні құптайтын мәселе. Биыл Қазақстан өңір­лерінің құрғақ­шылыққа ұшырауы салаға теріс әсерін тигізді. Осы орайда Т.Есполов мал азығы базасын дамытуға, яғни жем-шөп дайындауға қажетті жер көле­мін кеңейту, құрғақшылыққа төзімді өсімдік сұрыптарын себу және ауыс­палы егістікті кеңінен қолдануға көңіл бөлу керектігін атап өтті. Бүгінде мал жая­тын жерлерге шаруалардың қолы жете бермейді. Сонымен қатар жеке қосал­қы шаруашылықтардың малын жайы­лымдық жермен қамтамасыз ету, ветеринария, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау тәсілдерін қайта қарау, агроөнеркәсіп кешенінде қолданылатын технологияның шамамен 90 пайызға дейін ескіріп кеткендігі, салаға білікті мамандар даярлау мәселесі де алаңдатады.

Биыл ғылымның қара шаңырағы – Ұлттық ғылым академиясының құрыл­ғанына 75 жыл толып отыр. Жиында мән беріл­ген маңызды мәселенің бірі – мерей­лі датаны өз дәрежесінде атап өту. Қазір Білім және ғылым министрі­нің бұйрығымен арнайы жұмыс тобы құрылып, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген 75 жыл­дық салтанатты Жалпы жиналыс сессиясын халықаралық жоғары дең­гейде өткізу үшін ТМД және алыс шетел­дердегі ғылым академияларының бірін­ші басшыларына шақыру хаттары жібе­рілген. Осыған орай, академияға жалпы жиналысқа қатысуға ниетті хаттар келіп түсуде. Әзірге мерейтойлық жалпы жиналыс сессиясы қарсаңында дайындық қалыпты жағдайда жүріп жатыр. Академияның мерейтойын ел Президентімен бірге атап өту – бұрыннан келе жатқан дәстүрлі іс-шара. Осы орайда Ұлттық ғылым академиясының мүше­лері алқалы жиында көтерілген отандық ғылым саласындағы маңызды мәселе­лерді «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасына орай Прези­дентпен кездесуде талқылауды мақсат етеді. Елдегі эпидемиялық жағдай­ға алаңдаушылық білдіре отырып, ғалым­дар қауымы салтанатты іс-шараны ахуал тұрақталған кезеңде офлайн форматта өткізу жайында ұсыныс тастады.

Жоғары оқу орындары мен ҒЗИ, жас буын өкілдері қатысқан жиында ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұрынов Жолдауда көтерілген мәселелерді жүзеге асыруға, отандық ғылымды одан әрі да­мы­туға байланысты ғалымдарды барлық күш-жігерін жұмылдыруға шақырды.

 

АЛМАТЫ