Әлем • 27 Қыркүйек, 2021

Сомалиде террористік топ 8 адамды өлтірді

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сомали астанасындағы президент сарайының жанында көлік жарылып, 8 адам қаза болды. Әл-Каидаға байланысы бар әл-Шабаб террорлық тобы жауапкер­ші­лікті өзіне алып, жарылыстың қасақана ұйым­дас­тырылғанын мойындады.

Сомалиде террористік топ 8 адамды өлтірді

Жарылыс болған аймақ президент сарайы мен әуежайды байланыстыратын жол екен. Сомали полициясы өкілі Абдифатах Аден Хасан жаралылар мен қаза болғандар саны әлі де артуы мүмкін деген болжам айтты. Өйткені жарылыстан кейін көп уақыт өтпей, жараланғандарды туыстары оқиға орнынан үйлеріне алып кеткен. Қазір зардап шеккендердің нақты саны анықталып жатыр.

«Әл-Шабаб ұйымдастырған шабуыл кем дегенде 8 адамның өліміне себеп болып отыр. Олардың қатарында әскери қызметші, ана мен кішкентай 2 сәби бар. Әл-Шабаб бейбіт халықты өлтірді», деді полиция өкілі.

Содырлар президент сарайына өтетін негізгі б­а­қы­­лау бекетін көздеген деген ақпарат бар. Жер­гі­­лікті БАҚ «әл-Шабаб теоррористік тобы би­лік­ті өз қолына алып, өз тәртібін орнатқысы келеді» деп жаз­­ды.

Аталған топ 2011 жылға дейін елдің бас қа­ла­сын бақылауда ұстаған. Одан кейін Африка ода­ғы­ның қарулы күшінен жеңіліп, кейін шегінуге мәжбүр болған. Дегенмен, ауылдық жерлерді әлі де бақылауда ұстап, мемлекеттік және азаматтық нысандарға шабуыл жасап тұрады.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, полиция қыз­мет­кері көлікті тоқтатқан. Іле машина бірнеше секунд­тің ішінде жарылып үлгерген.

«Полиция көлікті тексеру үшін тоқтатты. Бұл қалыпты тексеріс қой. Көлік тоқтай салысымен жарылды. Ал жанында бейкүнә адамдар отырған басқа да көліктер болды», дейді оқиға орнында болған Мұхаммед Хасан.

Үкіметтің баспасөз қызметі мерт болғандар ара­сында Премьер-министрдің адам құқықтары бо­йынша кеңесшісі Хибак Абукар барын хабарлады.

Премьер-министр Хусейн Робле кеңесшісінің үлкен үміт күттіретін жас маман болғанын, адал әрі шыншыл адам екенін айтып, жақындарына көңіл білдірді. Одан бөлек, Сомали халқына терроризммен бірлесіп күресуіміз керек деген үндеу жолдады.