Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2021

Маңғыстау облысында құдық қазуға қосымша субсидия бөлінеді

400 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен облыстағы ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерге арналған жиын өтті, деп жазады Egemen.kz.

Маңғыстау облысында құдық қазуға қосымша субсидия бөлінеді

Жиынға ауыл шаруашылығы саласының мамандары, ардагерлері, шаруа қожалық иелері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде жем-шөп дайындау, мал жайылымына жер беру, құдық қазу сынды бірқатар мәселе қаралды. Аймақ басшысы белсенділік танытқан азаматтарға алғыс айтып, жауапты тұлғаларға ауыл шаруашылығы саласын жақсартуға арналған ұсыныстарды зерделеуді тапсырды.

Сондай-ақ Маңғыстау облысы әкімдігі мал суаруға қажетті құдық қазуға арналған субсидияның көлемін ұлғайту мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.

«Төрт түлік үшін судың аса маңызды тіршілік көзі екенін барлығымыз білеміз. Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына келген сапарында Үкіметке құдық қазуға берілетін субсидия көлемін 50-ден 80 процентке дейін арттыруды тапсырды. Бұдан бөлек, қазір біз құдық қазуға жұмсалатын шығындарды тағы 10% жергілікті бюджеттен субсидиялауды қарастырып жатырмыз. Нәтижесінде субсидияны 90%-ға дейін ұлғайтқымыз келеді. Мәселе мұқият зерделеніп, оң шешімін тапса, облыстық мәслихатқа ұсынатын боламыз», деді өңір басшысы.

Нұрлан Ноғаев ауыл шаруашылығын дамыту мен мал бағуда тиімді тәсілдерді қолдануға шақырды.

«Биылғы қуаңшылық облыстағы барлық мал иесінің басына түскен ортақ қиыншылық, ортақ сынақ болды. Біз бұл тығырықтан бірлескен жүйелі жұмыстың арқасында ғана шыға аламыз. Сала ардагерлерінің тәжірибесі мен кеңесі өте маңызды, оны міндетті түрде пайдаланамыз. Сондай-ақ мал шаруашылығымен айналысқысы келетін әр шаруа өз мүмкіндігін ескергені дұрыс. Табиғи және климаттық жағдайлар бар, жем-шөп базасы болу керек, малды бағу қажет дегендей. Мемлекеттік органдар заң шеңберінде барынша көмектеседі, бірақ әрбір азаматтың малы үшін жауап бермейді. Ауыл шаруашылығын нәтижелі жүргізу үшін жүйелі жұмыс істеу керек», деді облыс әкімі.