Экономика • 27 Қыркүйек, 2021

Қазақстан мен Сауд Арабиясының тауар айналымы артты

454 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері  Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігінің өзара саудасы үштен бірге артып, шамамен дағдарысқа дейінгі көлемге жеткен, деп жазады Egemen.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Сауд Арабиясының тауар айналымы артты

2019 жылы тауар айналымы - 8,6 млн АҚШ доллар, 2020 жылы 4,2 млн АҚШ доллар болды. Ал 2021 жылғы қаңтар-шілдеде өзара сауда 4,0 млн долларды құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 36,5%-ға жоғары (3,0 млн. АҚШ долл).

Бұл ретте Қазақстанның Сауд Арабиясына экспорты 2021 жылғы қаңтар-шілдеде 2,3 есеге өсіп, 1,6 млн АҚШ долларын құрады. 

Қазақстан САК нарығына ферроқорытпа, жеңіл өнеркәсіп өнімдері (ерлер, әйелдер және балалар тоқыма және трикотаж киімдері), құбыржолдарға арналған арматура, қара металдан жасалған бұйым, геодезиялық және топографиялық аспап пен құрал және т.б. жеткізеді. Ал импорт ретінде сұйықтықтарды немесе ұнтақтарды шашуға немесе тозаңдатуға арналған механикалық құрылғыларды, жаңа піскен және кептірілген жемістерді (құрма, інжір, ананас, авокадо, гуайява, манго), дәрілік заттарды, этилен полимерлерін және т.б. алады.

Қазақстан-Сауд Арабиясы Үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысында өзара сауданы кеңейтудің елеулі әлеуеті атап өтілді. Оған Қазақстан тарапынан тең төраға ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Сауд тарапынан САК Инвестициялар министрі Халид Абдулазиз әл-Фалих қатысты.

«Сауда-экономика және инвестиция салаларында ынтымақтастық үшін ашылмаған үлкен әлеует бар. Бізге неғұрлым перспективалы бағыттар: ауыл шаруашылығы, энергетика, мұнай-химия, атом өнеркәсібі, туризм және инвестициялар бойынша өзара іс-қимылды күшейту қажет», деп мәлімдеді Бақыт Сұлтанов жиында.