ANTIKOR • 27 Қыркүйек, 2021

Экология саласында жемқорлық асқынып тұр - Antikor

207 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде көшпелі кеңес өткізді, деп жазады Egemen.kz.

Экология саласында жемқорлық асқынып тұр - Antikor

Агенттік Төрағасының бірінші орынбасары О.​ Бектенов Министрлік жетекшілік ететін салалардағы елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне назар аударып, оларды жою үшін шұғыл түрде жүйелі шара қабылдау қажет екеніне назар аударды.

«Экологиялық бақылау бөлімшесі қызметкерлерінің жемқорлық жасау фактілерінің жиілеп кетуі зор алаңдаушылық тудырады. Пайдакүнем қызметкерлер экологиялық талаптарды бұзғаны үшін заңмен белгіленген қомақты айыппұлдарды кәсіпкерлерге қысым көрсетуге және заңсыз сыйақы талап етуге пайдаланады», деп атап өтті ол.

1

Агенттіктің Превенция қызметінің басшысы М.​Төлеубаев соңғы 3,5 жылда Министрлік жетекшілік ететін салаларда 80-ге жуық жемқорлық фактісі сотқа жіберілгенін айтты. Мысалы, биыл 30 млн теңге көлемінде пара алған Қызылорда облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы А. сот үкімімен 11 жылға бас бостандығынан айырылған. А-ға үкім шығарылған күні талапты қайтарып алуға ықпал еткені үшін 50 млн теңге көлемінде пара алу кезінде бас экологиялық инспектор – осы облыстың экология департаменті басшысының орынбасары ұсталған.

«Әрбір қылмыстық құқық бұзушылық бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін нақты себептер мен жағдайларды анықтау қажет», деп түйіндеді М.​ Төлеубаев.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.​ Брекешев әрбір сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша тәртіптік шара қабылданатынын айтты.