05 Мамыр, 2010

ӘЛЕМ ӨТКЕН АПТАДА

488 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ОДАҚҚА КІРМЕК ОЙЫ БАР Армения Кеден одағына (оған Ресей, Қазақстан және Бе­лоруссия мүше) кіргісі келетінін мәлімдеді. Тіпті бұл жөнінде Армения премьер-министрі Ти­гран Сарксян Ресей үкіметі бас­шысының бірінші орынбасары Игорь  Шуваловпен келіссөз де жүр­гізіпті. Бірақ бұл ел одаққа мүше мемлекеттердің ешқайсы­мен шекаралас емес. Армения Ре­сейдің басқа елдердің орта­сын­да жатқан Калининград облыс-анклавының жағдайында болмақ. Сондай-ақ Бүкіләлемдік сауда ұйымы да өз мүшелерінің бас­қа­дай кедендік одаққа кіргенін құп­тамайды. Ал Армения – БСҰ-ға мүше. Демек, мәселе көп. ПАРЛАМЕНТТЕГІ ТӨБЕЛЕС Украина парламенті – Жо­ғар­ғы Радада өркениетті елге жа­распайтын жағдай болды: Ресей­дің Қара теңіздегі флотының Қы­рымда болуы жөніндегі келі­сімді талқылауды депутаттар көше бұзақыларынша төбелеске айналдырды. Аузы-мұрны қана­ған­дар өз алдына, парламенттің жұ­мысына жол бермес үшін бар­рикадалар ұйымдастырды. Мұ­ның бәрін әлем телеарналары бірінші кезекте көрсетіп жатты. Елдің абыройын түсіретін мұндай әрекеттерге барған депутаттарға жаза қолдану жолын да іздес­тірген жөн-ау дейсің. ЕСІРГЕНДЕР ЕСКЕРТЕДІ Белгісіз біреулер Facebock әлеуметтік желісіне Сербия пре­зиденті Борис Тадичті қорқытқан жолдау орналастырыпты. Елдің құқық қорғау органдары оған шын­дап қарау керектігін мә­лім­деп отыр. Ішкі істер министрлігі Facebock желісінен әлгі қорқыту­шы­лардың мекен-жайын сұрап­ты. Мұндай қорқытулар бұрын да болған екен. Ішкі істер министрі Ивица Дачич те есірткі картель­дерінен осындай қорқытулар алыпты. 2003 жылы премьер-ми­нистр Зоран Джинджич сондай қорқытудан кейін мергеннің оғынан қаза тапқан еді. ЖОҚ ЕЛДІҢ ПРЕЗИДЕНТІ БАР Жақында Суданда президент сайлауы өтті. Қазіргі ел прези­денті Омар Хасан әл-Башир же­ңіске жетті. Ол сайлау арқылы, міне, 24 жыл билік тізгінін ұстап келеді. Сондай-ақ ол Халық­ара­лық қылмыстық сот әскери қыл­мысы үшін іздеу салған бірден-бір мемлекет басшысы. Бірақ әл-Башир өз еліне толық билік құр­мауы мүмкін. Оңтүстік Судан­ның халқы 92,99 пайызбен Саль­ва Кирді президент сайлады. Су­данда біраздан кейін референдум өтеді. Онда Оңтүстік Суданның тәуелсіздігі туралы мәселе ше­шіледі. Онда Оңтүстік тәуелсіздік алса, оның президенті дайын. БРИТАНИЯ БАЙЛАРЫ – БАСҚАЛАР “Sunday Tіmes” газеті Ұлы­бри­танияның ең бай адамдары­ның тізімін түзіпті. Оның ба­сын­да үндістандық бизнесмен Лак­шми Миттал (34,4 миллиард дол­лар) мен ресейлік бизнесмен Ро­ман Абрамович (11,4 миллиард доллар) тұр. Ең бай деген ағыл­шын Вестминистр герцогы Жеральд Кабендич Гросвенор ғана үшінші орында (10,3 миллиард доллар) екен. ЧАВЕС НЕ АЙТПАЙДЫ Венесуэланың айқайы көп президенті Уго Чавес көршісі Колумбияны АҚШ-тың барлау­шы­лық операцияларына қаты­сың бар деп айыптады. Оған не­гіз – Венесуэланың барлаушы­лары Колумбияның жерінен АҚШ ұшақтарын көріп қалыпты. Демек, олар АҚШ-тың Венесуэ­ла­ға қарсы әрекетін қолдайды. Колумбия жағы да, АҚШ жағы да Чавестің айқай айыбына жауап та бермеген. Сірә, олар Чавес не айтпайды десе керек. ҚЫСҚАЛАРҒА ҚЫСПАҚ Немістің автокөлікті пай­да­ла­нуға беретін бір компаниясы өз­дерінің жарнамасында Франция президенті Николя Саркозидің бой­ының аласалығын әжуа етіп­ті: “Мадам Бруни сияқты өзде­рі­ңізге қып-қысқа француз алы­ңыз­дар” деген сөз жазылған хетч­бек шығарыпты. Артық кет­кендерін аңғарған Sіxt ком­па­ниясы кейін кешірім сұрағандай, бұл жай әзіл еді деп ақталыпты. Ал әңгіме ел басшылары бойы­ның қысқалығы туралы болса, КХДР көсемі Ким Чен Ир мен Ресей президенті Дмитрий Мед­ве­дев Саркозиден де аласа екен. БЕТІҢДІ АШЫП ЖҮР Бельгия парламентінің тө­мен­гі палатасы қоғамдық орындарда пәрәнжі және хиджаб киіп жүру­ге тыйым салған заң қабылдады. Бұл заңды қолдап 150 депутаттың 148-і қол көтеріпті. Заңды бұз­ған­дарға 15-25 еуро айып салы­на­ды, әйтпесе 7 күнге дейін қа­мау­ға алынады. Бұл заңның қа­былдануының басты себебі – бетін жапқан адамды тануға бол­майды, сондықтан ол қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүм­кін. Бұл заң күшіне енуі үшін оны парламент сенаты да қол­дауы керек. Бұл заңға қарсылар да бар – оны адам құқына қайшы дейді олар. Әзірлеген  Мамадияр ЖАҚЫП.