Өткен аптада Нью-Йоркте өткен G20 Сыртқы істер министрлерінің кездесуіне төрағалық еткен Ди Майо: «Біз Ауғанстанның ыдырауынан қорғап, көрші елдердің тұрақсыздануына алып келетін, бақыланбайтын көші-қон ағынына жол бермеуіміз керек», деді жиналған әріптестеріне.
Еуропа одағына мүше мемлекеттердің «Талибанға» көзқарасы – көпшіліктің көкейіндегі сауал. Өйткені шиеленіске толы аймақтардан қашатын халықтың көбі осы кәрі құрлыққа беттейді.
Жалпы, көптеген үкімет террористермен келіссөз жүргізілмейді деген ресми ұстанымды қолдайтыны әуелден белгілі. Алайда бұл саясатқа берік болу көп жағдайда қолдан келе бермейді. Әлем елдері «Ирландия республикалық армиясы», «Палестинаны азат ету ұйымы» сияқты зорлық-зомбылықты насихаттайтын немесе террористік шабуылдар жасаған ұйымдармен және топтармен келіссөздер үстеліне бірнеше мәрте отырған-ды.
Бұл ретте Ауғанстандағы жағдай ерекше. Өйткені «Талибан» радикалды исламшылдық қозғалысы түгел бір халықты тұтқынға алып отыр. Ал бұл халыққа көмектескісі келетіндер қаласа да, қаламаса да «Талибанмен» келісуге мәжбүр.
Германия канцлері Ангела Меркель талибандардың ынтымақтастыққа дайын екендігіне үміттенеді. Бірнеше айдан бері Қатар астанасы Дохада бірқатар еуропалық мемлекет өкілдері «Талибанның» саяси басшыларымен келіссөздер жүргізуге тырысуда. Алғашқы кезде келісім тақырыбы сондағы халықтың жағдайы болса, бүгінде еуропалық саясаткерлер Кабулдан өз азаматтары мен бейбіт тұрғындарды одан әрі эвакуациялау мүмкіндігіне басымдық беріп отыр.
Орталық және Оңтүстік Азия арасында стратегиялық маңызға ие мемлекеттегі оқиға – шын мәнінде елеусіз қалдыруға болмайтын мәселе. Осы ретте Италия министрі шетелдік үкіметтерді мигранттардың жаппай келуіне әкеп соқтыратын қаржылық құлдыраудың алдын алуға шақырды.
«Талибан» үкіметінің мойындалуы мүмкін емес, өйткені министрлердің арасында 17 террорист бар, ал әйелдер мен қыздардың құқықтары мүлде еленбейді», деді Ди Майо Rai 3 мемлекеттік теледидарына берген сұхбатында.
«Талибанға» ақша бермей-ақ қаржылық қолдауды қамтамасыз етудің жолдары бар. Біз сондай-ақ гуманитарлық көмектің бір бөлігі әрқашан әйелдер мен қыздарды қорғауға бағытталуы керек деп шештік», деді отырыс нәтижесі туралы ақпарат берген министр.
G20 елдері Ауғанстанға көршілес елдермен бірге терроризмге қарсы күресуге және адам құқықтарын қорғауға дайын екенін хабарлады.
Ал «Талибан» өкілдері Дохада да, Кабулда да өз имиджін жақсартуға тырысу үстінде. Осылайша, Ауғанстан халқының олардан қорқуына ешқандай себеп жоқ деген белгі бергендей. «Талибан» басшылары тіпті БАҚ-тарға сұхбат та береді.
Шыны керек, «Талибан» экономикалық көмектің кез келген түріне мұқтаж. Өйткені 40 жылдық соғыстан кейін Ауғанстанның инфрақұрылымы толығымен жойылды. Талибандар Батыс үкіметтерінің пікірімен санаспаса, елге бағытталған жаңа ақша ағынына қол жеткізу қиын болатынын түсінеді. Себебі Германиямен қатар бірнеше мемлекет Ауғанстанға қаржылық көмек көрсетуді тоқтатты. Western Union және халықаралық ақша аударымымен айналысатын басқа компаниялар Кабулдағы кеңселерін жауып тастады.
Не дегенмен, G20 отырысында мемлекеттер мәселені бірлесіп шешу керек деген ортақ шешімге келгенімен, жаңа үкіметті мойындауға қатысты нақты ұйғарым білдірмеді.