Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2021

Туристер төрге озса...

345 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Табиғаты көркем, сулы, нулы Ақмола облысында туризм саласын дамытуға мол мүмкіндік бар. Сала серпін алса, ел экономикасына қосылар үлес көбейіп, әлем елдерімен байланыс дами түспек.

Туристер  төрге озса...

Үзіліп түскен моншақтай әсем кө­гілдір көлдер мен қолдың саласындай ақ қайыңдар, мәңгі жасыл қарағайлар көм­керген көркем өңірдегі туризм сала­сындағы ауқымды іске 500-ден астам кәсіп­орын үлес қосуда. Оған «Бурабай», «Бұй­ратау» және «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері мен «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығын қоссаңыз, саланың салмағы таразы басын қанша­лықты тартып тұрғандығын көз алдыңызға елестете алар едіңіз. Жалғыз табиғат қана емес, туған жеріміздің тылсым тарихымен танысып, өткеннің өрнекті жолын ой елегінен өткізіп, екшегісі келген зерделі туристер үшін кәдімгідей кәдеге жарайтын 900-ден астам тарихи және мәдени ескерткіштер самсап тұр. Көне тарихтың көмбесі қатталып жиналған, жалпақ жұрт киеліге санайтын орындар да аз емес. Бүгінгінің турисінің көңіл аударатыны да осы мәселе. Ел тарихы Бурабай, Зеренді, Сандықтау, Қорғалжын, Ерейментау, Бір­жан сал аудандарында тұнып тұр. Қадам бассаңыз көкірегіңді қат-қабат сырымен мелтектетіп жіберетін қазынаға кезі­ге­сіз. Тыңдай білген құлақты, ұға білген кө­кіректі рухани мол мұрамен кемел­дендіретін аңыз-әңгіме, сұлбасы солғын тартқанымен, мәні өзгермеген деректер қаншама?! Жүрген аяққа жөргем ілік­тірер, бүгінгі ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелер қаншама мысал бөгіп тұр. Егер облыстағы 73 туристік маршрутты алапат теңіздің түбінен ақық іздегендей сүзіп шықсаңыз, он сан олжаға кенелер едіңіз.

Жалпақ әлемді жаман тұмау жайлап тұрған уақытта да туризм саласы­нан түңілуге болмас. 2020 жылы өңірге 500 мыңнан астам турист ат басын бұрған. Статистикалық деректерге қарағанда, осы жылдың алғашқы жартысын­да келушілер саны 317,8 мыңға жетіп­ті. Оның ішінде шипажайлар мен сауықтыру орындарында 55,6 мың адам Көкшенің көгілдір, саф ауасын жұтып, жібек желімен желпініп, күміс көлдеріне түскен. Жыл соңына дейін турис­тер саны 600 мыңға жетеді деген үміт бар. Жаз бойы дүмеп келіп жатқан туристерге 1,9 млрд теңгенің қызметі көрсетіліпті. Өткен жылмен салыстырар болсақ, 55,8 пайызға жоғары.

Жыл сайын туристер санының көбеюі­не не себеп болып отыр? Енді осы мәселеге сәл назар аударсақ. Алдымен қызмет көрсету сапасының жақсаруы. Ол үшін әрине, қомақты қаражат қажет. Биыл қаңтар-маусым айларында осы салаға құйылған инвестиция көлемі 5,6 млрд теңгеге жетті. Оқырманға түсінікті болуы үшін өткен жылмен салыстырсақ, қаржы көлемі 1,7 есеге көбейгендігін айта кету ләзім.

Қызмет сапасымен бірге жұрт назарын өзіне аударатын жағымды жаңалық та аз емес. Мәселен, Бурабай баурайы жыл өткен сайын бояуы қалыңдап, жаңа леппен буырқанып, өзгеше бір кейіп­ке еніп, ажары әдемілене түсуде. Отандық туристер ғана емес, талғамы жоғары, тала­бы күшті шетелдік туристерді де құшақ жая қарсы алып, көркем жердің сым­батына сұқтандырып, көкіректерін сәуле­лендіріп жіберуге толық мүмкіндік бар. Тылсым тарихты тарқатып, тамаша сыр шертетін ашық аспан астындағы «Ботай-Бурабай» этно кешені айрықша қызығушылық тудыруда. Ең басты мәні Алаш баласының жылқыны тақымға басуы қашан басталғандығын кесіп көр­сетеді. Мұның жалғыз тарихи ғана емес, өзге де мәні бар. Әлемде баламасы жоқ «Бура­бай» халықаралық трамплин кешені де демалушылар үшін қызғылықты. Әй­гілі Абылай хан алаңындағы «Абылай хан» экспозициялық кешені көзі ашық, көкірегі ояу демалушыларды тылсым сырдың тұнығына шомылдырып, өзіне тартатын орынға айналды. Discovery аумағындағы аква парктің әсері өз алдына.

Биыл Щучье-Бурабай курортты ай­ма­ғын дамытуға 7,8 млрд теңге қаражат бө­лінді. Облыс әкімдігі Bi-Group компаниясымен бірлесіп, Бурабай кентін дамытудың тұжырымдамасын әзірледі. Сондай-ақ Berguttu демалыс орталығын салуды көздейтін Koktal town көпсалалы паркінің «бақыт аралы» жобасын әзірледі. Бұл жоба Жөкей көлінің жағасында жүзеге асырылмақ.

Өңірдің туристік инфрақұрылымдық кешенін дамыту мақсатында биыл жалпы көлемі 6,7 млрд теңгені құрайтын 22 жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішінде маңыздыларын атай кетуге әбден болады. Мәселен, Wyndham Garden қонақүйі мен AQBURA Resort отбасылық үлгідегі курорт құрылысы. Бүгінгі таңда Бурабай кентінің туристік инфрақұрылымына инвестиция құюға ниетті ірі компаниялармен келіссөздер жүр­гізілуде. Жаман тұмаудың әсері ішкі туризмнің әлеуетін арттырды. Соны­дан соқ­пақ іздеген кәсіпкерлер демалыс­тың жаңа түрі әрі болашағы зор деп есеп­те­летін глэмпингті дамытуға ынталы. Осы жылдың шілде айынан бастап «Бай­­босынова» жеке кәсіпкерлігі «Орбита Жөкей» жаңа глэмплингті аймағында меймандарды қабылдай бастады.

Туристерге жағдай туғызу мәселесін шешу үшін курортты аймақтағы жол жақ­сартылуда. Мәселен, Щучинск-Зе­ренді көлік жолын пайдалануға беру тәп-тәуір септігін тигізіп отыр. Алдағы уақыт­қа да ауқымды жоспарлар жасалған. Ай­мақ­­тың әлеуетін дамыту үшін арнайы бағ­дарлама қабылданды. Жалғыз Бура­бай мен Зеренді төңірегінде ғана емес, елорданың маңындағы көрікті жерлерге де қамқорлық жасалуда. Елорда маңындағы аудандарда 642 млн теңгенің 5 жобасы іске асырылуда. Оның ішінде 20 глэмпинг орнату, Ақкөл ауданында «Эко ферма» салу, Целиноград ауданында «Чистые пруды» демалыс аймағының өндірістік қуатын кеңейту және жол бойындағы қызмет нысанын салу қолға алынуда. Бұл жерлерде туризм қызметтерін ұсынатын абаттандырылған демалыс аймақтарының желісі жұмыс істейді.

Өңірдегі туризм саласындағы жағым­ды жаңалықтармен жұртшылықты таныстыру оң жолға қойылған. Үш тілде ақпарат тарататын сайт жұмыс істейді. Анық­тамалық-ақпараттық жолсілтемені, бағалары мен байланыстары бар туристік маршруттарды қамтитын Visit Aqmola мобильді қосымшасы бар. Әлеуметтік желілерде көрікті өңірдің тартымдылығын жан-жақты баяндайтын «Зерттелмеген Ақмола» жобасын іске асыру жалғасуда. Ту­ристерге қызмет көрсету сапасын жақ­сарту мақсатында туған жердің тылсымымен таныстыратын мамандар қысқа мерзімді даярлау курсында оқытылуда.

Осындай оралымды шаруа оңынан оңғарылып жатқаннан соң өңірдегі туризм саласы соны серпінге ие болып, игілігін еселей түседі дейтін үміт мол.

 

Ақмола облысы