Жер сілкінісін грек сейсмологы Эфтимиос Леккас «найзағай» секілді деп сипаттаған екен. Полиция өкілі Аркалохори қаласындағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан шіркеудің күмбезі құлап, ер адамның қайтыс болғанын хабарлады. Көптеген ғимаратқа залал келтірген жер сілкінісі салдарынан тоғыз адам жарақат алған. Жерасты дүмпулері кезінде Криттің бас қаласы Ираклионның тұрғындары көшеге қашуға мәжбүр болған, ал оқушылар мектеп аулалары мен қалалық алаңдарға жиналған.
Афинаның геодинамикалық институты жер сілкінісінің магнитудасы 5,8-ге жеткенін және оның эпицентрі Криттің оңтүстік-шығысындағы Арвиден солтүстік-батысқа қарай 23 км (14 миль) жерде, 10 км тереңдікте болғанын хабарлады. Бұған дейін Еуропалық Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы (EMSC) 6,5 баллдық жер сілкінісі болғанын айтқан, ал АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) оны 6,0 деп бағалаған.