Бұл игі істі аталған ауылдың орта мектебін 1990 жылы бітірген түлектер жүзеге асырды. Олар жинаған қаражатқа Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Бейбіт Мұстафин қайраткер тұлғаның мүсінін жоғары көркем деңгейде жасап шығарған екен.
Аядай ғана ауылдағы мүсіннің ашылу салтанатына елордадан бір топ құрметті қонақ арнайы келіп қатысты. Олардың арасында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметі жайлы көп томдық зерттеу жинақ шығарған Сұлтанхан Аққұлы, Алаш қозғалысының тарихын зерттеп жүрген Тұрсын Жұртбай, Жандос Смағұлов, Қайырбек Кемеңгер, Сағымбай Жұмағұлов сынды ғалымдар болды.
Игі іс-шарадан кейін ұйымдастырылған ғылыми-практикалық конференцияда ғалымдар Әлихан Бөкейханның қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру жолындағы ерен еңбегін атап өтіп, Алаш көсемінің артында қалған мол мұраны игеріп, болашақтың қажетіне жаратудың жолдарын әңгіме қылды.
Бұдан кейін мәртебелі меймандар Әлихан Бөкейханның әке-шешесі мен туыстары жерленген Талдыбейіт қорымына барып, аруақтарға дұға бағыштады.
Қарағанды облысы,
Ақтоғай ауданы