Үкімет • 28 Қыркүйек, 2021

Биыл елімізде 128 жоба іске қосылады – Бейбіт Атамқұлов

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2021 жылы өңірлер жалпы сомасы 1,23 трлн теңге болатын 128 жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрияландыру картасы Жобаларын талқылау кезінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл елімізде 128 жоба іске қосылады – Бейбіт Атамқұлов

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемін 2025 жылға қарай 1,5 есеге арттыру міндеті қойылды. Нақты көлем индексі (НКИ) жыл сайын орташа 4,2%-ға өсіп, заттай көріністе 13,1-ден 19,7 трлн теңгеге артады. Биыл 8 айдың қорытындысында нақты көлем индексі 5,8%-ды құрады», деді Б. Атамқұлов.

Оның айтуынша, фармацевтика өнеркәсібі – 140,8%, машина жасау – 123,9% және құрылыс материалдары өндірісі 111,6% өсімді көрсетті. Өндіріс көлемін ұлғайту бойынша қойылған мақсатқа жетуде Индустрияландыру картасы жобаларының үлесі зор. «2021 жылы өңірлер жалпы сомасы 1,23 трлн теңге болатын 128 жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. 12 мың жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жобалардың ең көбі Шымкент қаласында – 17 жоба, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында - 14 жобадан. 128 жобаның 107-сі өңдеу өнеркәсібіне, 15-і энергетика саласына және 6 жоба басқа да салаларға жатады. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы сомасы 923,2 млрд теңгеге 107 жобаны іске қосу жоспарланған», деді министр.

Осы орайда жобалардың ең көп саны: тамақ өнеркәсібі (89,7 млрд теңге сомасына 39 жоба), металлургия (672,3 млрд теңге сомасына 16 жоба), машина жасау (79,6 млрд теңге сомасына 15 жоба) және құрылыс индустриясы (55,1 млрд теңге сомасына 15 жоба) салаларында. Сонымен қатар, 670 млрд теңгеден астам инвестицияның негізгі үлесін металлургия жобалары қамтамасыз етеді.

«Елдегі құрылыс индустриясының өсуі салаға бағытталған инвестициялардың артуына ықпал етті. Бұл үрдіс құрылыс материалдары бағасының тұрақтануына оң әсер етеді. Арнайы экономикалық аймақтарда (АЭА) биыл 27,7 млрд теңгеге 15 жоба іске асырылып, 842 жұмыс орны ашылады. Бұл аймақтарды жобалармен толтырады», деді Б. Атамқұлов.