06 Ақпан, 2014

Үйренер тұсы көп

286 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ресейдің Челябі облысында 36 мыңдай қазақ тұрамыз. Қазақстанда, атажұртымызда қандай жақсы істер болса, соған құлағымызды тігіп, қуанып отырамыз. Дүниежүзі қазақтарының соңғы құрылтайында Астана қаласын көрудің сәті түскен. Даланың ортасындағы сыланған тотықұстай қаланың сұлулығына, өз қандастарымыздың қонақжайлығына, елдің алға қарыштап дамып бара жатқан қадамына қуанып қайтқанбыз. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа биылғы Жолдауын ғаламтордан тауып алып, оқып шықтым. Тек мен емес, өзімнің отбасым, қоғамдық ұйым жұмысына белсене қатысатын қазақ жастары да танысты. Өте маңызды саяси құжаттағы айтылған мә­се­лелер мені таңғалдырды. Бұл құжаттан көбіне тек мамандарды, саясаткерлер мен экономистерді, мемлекеттік қызметкерлерді ғана қызықтыратын саяси-экономикалық, қарапайым адамдарға ауыр қабылданатын сандар мен мәселелер жиынтығы емес, бір жылы әкелік өсиетті ұғынғандай болдым. Әсіресе, «Мәңгілік Ел» идеясы мені қатты қы­зықтырды. Ұлттық басымдықтарға мән беру өте маңызды. Жаһанданудың иіріміне түсіп, алға ұм­сына беру емес, дамудың әр қазақстандық үшін мән-мағынасын айқындап берген құжат екен. Өндірістегі, ішкі жалпы өнімге, жалпы эко­но­микаға байланысты асқақ көрсеткіштердің өмірде шындыққа, ақиқатқа айналарына сеніп отырасың. Тарихи жұртымыздағы дамудың осындай тамаша жолына біз сыртта жүрсек те тілекшіміз. Жолдаудағы әлеуметтік салада атқарылар жұ­мыс­тарға қалай ішің жылымайды, қалайша қы­зық­пайсың?! Мысалы, мүгедектерге байланысты айтылған: «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес он­­дай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің пары­зы­мыз. Бүкіл әлем осымен айналысады. Мүм­кін­дігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көр­сету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіп­орындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіп­керлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмек­тесіңіздер деп тағы да айтқым келеді», деген жолдар көңіл толқытады. Өмір болған соң, мүгедек жандар барлық қо­ғамда, барлық елде бар. Бірақ олар туралы мұн­дай айқын айтылған тапсырма, айқын жоспар бо­ла бермейтіні тағы бар. Білім, ғылым туралы ай­тыл­ған тұстар біздің жастарды қызықтырды. Стипен­дияның көбейетіні нақты көлеміне, жылына дейін айтылған. Бұл жастарды жігерлендірері, олардың болашаққа деген сенімін нығайтары сөзсіз. Міне, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы Қазақстан дамуының бағытын айқындаса, сырт көзге оның үйренер тұсы да көп екен. Осы айтылған мәселелер жүзеге ассын деп тілейміз. Қарлығаш ИГЕМБАЕВА, «Бірлік» қазақ ұлттық-қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Ресей Федерациясы, Челябі қаласы.
Соңғы жаңалықтар