06 Ақпан, 2014

Ұлт мұратының ұйытқысы

341 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
12Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қа­зақ­стан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы қазіргі уақытта қо­ғамда қызу талқылану үстінде. «Қазақстан-2050» Стратегиясын жү­зеге асыру жолдарын жіліктеп берген Жолдау тың идеялар мен соны бағыттарды айқындап бергені анық. Соның ішінде, мен үшін оның бас­ты жаңалығы – сан жылдардан бері ұлт идеологиясын темірқазық етіп бе­руі болды. Ол – Мәңгілік Елге айна­лу идея­сын басты мұраты еткен «Мәң­гі­лік Қазақстан» жобасында жатыр. Қазақстан халқына арналған Жол­дау ұлттық идеология мен кемел­денген ел болу жолында атқарар игі бас­тамаларға толы. Мемлекет бас­шы­сының әрбір Жолдауы бір-бірімен астасып, байланысып жататыны белгілі. «Қазақстан-2030» Стратегиялық даму бағдарламасын ұсынған уақыттан бері Қазақстан әлемдік деңгейге өзіндік ұстанымы мен пікірі бар мемлекет ретінде танылып, Елбасы ұсынған даму белестерін батыл қадамдар жасай отырып бағындыра білді. Ал биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – оның мазмұнында қамтылған тың идеялар мен инновациялық ұсыныстардың басын біріктіретін, бір мақсат пен бір мүддеге тоғыстыратын «Мәңгілік Қазақстан» жобасының ұсынылуы деп білемін. Бұл жоба – «Мәңгілік Ел» атты идея арқылы елді ымыраға ұйыс­тыратын, ірі мақсатқа жету жолында жұдырықтай жұмылдыратын ұлттық идеологияға негіз болары сөзсіз. «Мәңгілік Қазақстан» жобасының астары тым әріде жатыр.Есімізде болса, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қа­зақ­стан – 2050» Стратегиялық даму бағ­дарламасын алғаш жария еткен тұста «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан.Біз бола­шаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәң­гілік Ел» етуді мұрат қылдық» де­ген болатын. Сондай-ақ, жуырда өт­кен Тәуелсіздік күні мерекесіне орай сөйлеген құттықтау сөзінде де «Бас­ты игілігіміз – біздің қасиетті де лайықты еліміз – Мәңгілік Ел. Он төрт мың шақырымнан астам талас ту­дырмайтын шекарамыз біздің Отанымызды біртұтас монолитке шегендеді», – деп ендігі мақсатымыз сол Мәңгілік Елдігімізді құндақтап, ХХІ ғасырдың биік белесіне шығару екендігін жеткізген. Іле-шала бір айдан кейін «Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті» деген Елбасы биылғы Жолдауын да осы кемеңгер ойдан бастады. Мұн­дай сәйкестік тегіннен-тегін емес. Өйт­кені, бұл дегеніміз тарихи тамыры те­реңде жатқан, алысты көрегендікпен еңсерудің ұлық ойлау жүйесі. «Мәңгілік Қазақстан» жобасы – Қа­зақ халқының мәңгілік ел болу жо­лында сан ғасырлар бойы абыз ақ­са­қалдардың ақ батасымен, ақ жау­лықты ананың ақ сүтімен, аппақ жүректі періште сәбидің ақ тілеуімен жүріп келе жатқан жолының шығар биігі, алар асуы. Білге, Тоныкөк, Күл­тегін жырларында айтылған Түр­кі халқының жойылмай ел болуы жай­ындағы армандар, міне, бүгінгі күн­гі жаңа ғасырдың, жаңа заман ұрпа­ғының алдында өз жалғасын тауып отыр. Бүгінгі Қазақстан еге­мен­дік­ке қол жеткізгеннің ертеңіне-ақ дү­ниежүзі елдерінің алдында Алтай мен Атыраудың арасын ен жайлаған Қазақ елінің бекер ел еместігін таныту жолындағы еңбек жалғасып келеді. Салиқалы саясаткердің сарабдал ұс­танымының арқасында аз ғана у­а­қыттың ішінде Орталық Азия ел­дерінің арасында бой түзеген, әлем­нің алпауыт мемлекеттерінің қата­рына арындап кіруге ұмтылған елге айнала білдік. Дүние жүзінде тәуелсіз мемлекеттердің ел болып қалыптасу уақыты мен көші түзелген мерзімі Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда ұзағырақ. Қалай болған күннің өзінде де 22 жылдың ішінде Елбасы айтқан «нөлдік» деңгейден дүние жүзі бойынша дамыған 50 елдің қатарынан Қазақстанның нық көрінуі – таңғаларлықтай ғажап құбылыс. Ендігі белес – 2050 жылға дейін Қазақстанды дамыған 30 мемлекеттің қатарынан Мәңгілік Ел ретінде таныту. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай елордасы Астана қаласында «Мәң­гілік Ел» салтанатты қақпасы ашылды. Тұңғыш Президенттің бастамасы­мен бой көтерген қақпа – жаңа белестің, жаңа дүниенің есігі, өткен мен келе­шекті байланыстырушы дәнекер. Міне, сол Мәңгілік Елдің қақпасы салы­нып, бүгінгі күні 2050 жылға дейін әлем мемлекеттері санасатын, үні басым, болмысы айқын, дамыған мемлекетке айналу – аса биік мәртебелі меже.Демек, Елбасы айтпақшы, «Қа­зақстан-2050» Стратегиялық бағдар­ламасында «Бабалардың ерлігі, бүгін­гі буынның ерен істері және жас ұр­пақ­тың жа­сам­паздығы арасында сабақ­тас­тық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз». Ал «Мәңгілік Қазақстанның» әлемге естілер үні мен айтылар сөзі қазақ тілінде естілетіні қуантады. Биылғы Жолдауда «Қазақстанның мемлекеттік тілінен гөрі, ресми тілінің қолданыс аясы кеңейіп барады» деген шолақ ойлы пікірдің тамырына балта шабылды. Қазақ тілі ғылымның, білімнің, техниканың, интернеттің тіліне айналғанын дүйім жұртқа жеткізуі анық шындықты көп­ші­ліктің есіне тағы бір мәрте түсірді. «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақи­қат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елі­мізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлт­тың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деді Мемлекет басшысы. Қазақстан же­рінде бейбіт шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан көптеген ұлттарды ұйыстырушы бірден-бір фактор – қазақ тілі. Мемлекеттік тілді оқытып-үйрету жұмыстарының нәтижелі атқарылып отырғандығынан болашақта қазақ тілінде білім алушылардың саны артып, қазақ тілді мамандар бағаланады деп айтар едім. Үш тұғырлы тіл саясатын ұстануда қазақ тілі орыс және ағылшын тілдерінің көлеңкесінде қалып қояды деген күдік пен күмәннің сейіліп, бұл күнде ақпарат қазақ тілінде таралып, әлем және қазақ әдебиеттері топтастырылған қазақ тілді сайттар мен порталдардың жұмыс істеуі, қазақ тілді оқу-құралдарының, әсіресе, балалар әдебиетінің көркемдік сапасының артуы, қоғамдық орындарда, халыққа қызмет көрсететін мекемелердің жұмыс барысының қазақ тілінде жүргізілуі мемлекеттік тілдің деңгейінің өсіп, қолданыс аясының кеңейгендігін бек байқатады. Сонымен қатар, республиканың әр аймағында үздік оқушылардың қабілет-қарымын дамытуға мол мүм­кіндік беретін Назарбаев зият­кер­лік мектептері ашылып, жұмыс іс­теп жатқандығы қуанышты жағдай. Ел­басының биылғы Жолдауында «Ор­та білім жүйесінде жалпы білім бере­тін мектептерді Назарбаев зият­керлік мектептеріндегі оқыту дең­гейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс» деп қадап айтқан сөзі білім беру сала­сының мамандарының алдына қойылған үлкен тапсырма. Қазақ не орыс тілді мектепті бітірген оқушы бір ғана тілді емес, үш тілді меңгеретіндей сапалы біліммен қамтамасыз етілуі – педагог мамандарды даярлайтын оқу орындарының жұмысына берілген жүктеме деп айтар едім. Себебі, кәсіби деңгейі жоғары маман ғана заман ағымына қарай бейімделіп, жаңа технологияларды жетік меңгеріп, сабақ берудің әдіс-тәсілдерін жетілдіре отырып оқушының қызығушылығын оята білетіндігі сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда республикадағы педагогикалық көш­басшы оқу орнының қатарында тұр­ған Қыздар университеті Жолдауда көрсетілген білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастырып, дамыту үшін бар күш-жігерін аямайды. 2050 жылға дейінгі дамудағы Қа­зақстанның жолы кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Шикізат көзі ғана болып танылып отырған Қазақстан дайын өнім өндіретін мемлекетке айналады. Жолдауда айтылған мобильдік, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар сынды адамзатқа қажетті озық үлгілерді Қазақстанда жасап шығару үшін ғылым саласын дамыту керектігі сөз болды. Ғылыми ізденістерге құштарлықты ояту мектеп қабырғасынан басталып, жоғары оқу орындарында жалғасын таппақ. Осы тұрғыда республикамыздағы әрбір жоғары білім беретін оқу орындары өз базасында ғылымды дамытуға үлес қосса, ғылыми жаңалықтар мен ізденістерге дер кезінде көңіл бөлсе, оның адамзат игілігіне пайдасы тиюіне қолдау білдірер болса, сөзсіз Қазақстан ғылымы қарыштап алға кетеді. Яғни, жұрт болып жұмылып кіріскенде ғана шын нәтижеге қол жеткізе аламыз. Сондықтан да зерек оқушыны жоғалтып алмай, сапалы білім беріп, нағыз ғалым, жаңашыл, жаңғырған тұлға етіп дайындау ұстаздардың мойнына артылар ауыр жүк. Бақырдың ішінен алтын мен алмасты тани білмесек, біз үшін сыр сандықтың кілтін табу қиынның қиыны болып қала берері сөзсіз. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үз­дік­сіз өсуді қамтамасыз ететін жаң­­ғыру жолы. Биылғы Жолдау «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиялық жос­па­ры­ның орындалу бағытын айқын­даған, то­лықтырған, жіті түсіндірген арнау бол­ғаны ақиқат. Себебі, Стра­тегия жа­рияланғалы бері бір жыл бойы біз оны зерттеумен, екшеумен жүрдік. Енді Елбасының өзі бас болып, оны қалай орындау қажеттігін айқындап берді. Тек біз, көрсетілген айқын бағыттан айнымауымыз керек. Барлық саланы қамтыған маңызды құжат білім беру саласындағы тағы бір түйткілдің түйінін тарқатты. Пе­дагог еңбекақысы мен студент шәкірт­ақысының өсетіндігін жеткізген Жол­дау, сондай-ақ, талапкердің мамандық таңдауда ұстаздық жолға шынайы өз қалауымен келуін талпындыра түспек. Себебі, ел экономикасы тұрақтанбаған, халықтың әл-ауқаты нашар кезде ұстаздық жолға білім деңгейі төмен, сәнге айналған мамандыққа іліге ал­маған шәкірттер келеді деген жаңсақ пікір қалыптасқаны белгілі. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жаңа Жолдауы осы пікірді одан сайын сейілтіп, ұстаз мәр­тебесінің артуына зор мүмкіндік беріп отыр. Келешекте 2050 жылға дейін даму жоспары бойынша сапалы біліммен қамтамасыз ететін заманауи дамыған оқу орындары мен бәсекеге қабілетті кәсіби деңгейі жоғары оқы­ту­шылар, өз мамандығының иелері әрбір шаңырақ баласына сауатын тағы­лыммен оқытып, келешегіне кең жол ашатын болады. Осы тарапта әрі мықты педагог, әрі тәрбиелі ана шаңы­рақ шырақшыларының мерейі үстем бола бермек. Әрбір салаға жіті тоқталып, 10 іл­кімді идеяға жіктеген Елбасының бас­ты мақсаты – ата-баба арманындағы «Мәңгілік Қазақстан» жобасын жүзеге асыру. Түркі қағандарының, Қазақ хандарының қалауы, Абайдың арманы, Алаш қайраткерлерінің діт­теген мақсаты ХХ ғасырдың аяғында Қазақ елінің басына қонған бақ – Тәуелсіздікпен орындалды. Әрбір аза­мат­тың қолда бар ең асыл қазынасы, байлығы осы дербестік екендігін Ел­басы әрбір сөзінде қадап айтып келе­ді. Осы Тәуелсіздікті уысымыздан шығарып алмай, басымызға тәж, астымызға тақ ете білуіміз үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясында көр­сетілген бағыттар бойынша жүрер жо­лымыздың айқын бағдарын жасап алғанымыз тиімді. «Төртеу түгел бол­са, төбедегі келеді» немесе төрдегі иіледі. Сондықтан, ұлтты ынтымаққа ұйыс­тыратын, бір шаңырақтың астын­да бейбіт өмірін жалғастыруға мол мүмкіндік беретін – «Мәңгілік Ел» идеясы ұлттық мұрат болып, «Мәң­гілік Қазақстан» жобасы ұлттық идео­ло­гиямыздың негізіне айналуына қа­зірден бастап күш салуымыз керек. Бұл арманға толы аңызды ақиқатқа ай­налдырудың нақты тетігі болмақ. Динар НӨКЕТАЕВА, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры. АЛМАТЫ.
Соңғы жаңалықтар