Жер-жерде Елбасы Жолдауын елге түсіндірген ақпараттық-насихаттық топ жұмыс істеп жатыр. Басты міндет – Елбасының алдымызға қойып отырған ұлы міндеттерін ұғындырып, соған жетер жолдың қандай екенін көрсету.
Қызылорда облысындағы ақпараттық-насихаттық топты аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың өзі басқарып, аудандарды аралап жүр. Құрамында Қазақстанның қос Еңбек Ері Абзал Ералиев пен Юрий Пя бар топ Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарын аралады. Оқырман тарапынан «Пя неге жүр?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Өйткені, Юрий Пяның кіндік қаны тамған жер – Қызылорда облысы. Атақты дәрігер Қармақшы ауданындағы ІІІ интернационал ауылында өмірге келген. Бірақ ертеректе көшіп кеткен. Жолдауды насихаттау барысында Еңбек Ері өзі туған үйге барып, балалық шағымен қауышқандай болды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмырза Еламанов бастаған ақпараттық-насихаттық топ Шиелі, Жаңақорған аудандарында болды. Олар ең бірінші Жаңақорған ауданындағы кезінде белді шаруашылықтардың бірі болған, бұл күндері де ұжымдасып тіршілік етудің өзіндік үлгісін қалыптастырған Түгіскен ауылына барды. Түгіскендегі Әнуар Әбутәліпов атындағы орта мектеп 600 орындық жаңа ғимаратқа көшті. Мұнда қазір ауыл балалары бір ауысымда оқып, кең де жарық кабинеттерде дәріс алып жатқан жайы бар. Әкім бастаған алқалы топ осы мектептің жұмысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, пікірлесті.
Шиелі ауданындағы Еңбекші ауылындағы жаңа мектеп те пайдалануға берілді. Бұған дейін апатты мектепте білім алып келген балалардың қуанышында шек жоқ. Ауыл ақсақалдары Елбасының сындарлы саясатының, аймақ басшысының нақты жұмысының арқасында мектептің тез және сапалы салынғаны, солайша ел игілігіне айналғаны туралы айтып, ілтипаттарын жеткізді. Мектепті толық аралап шыққан ақпараттық-насихаттық топ өкілдері жас жеткіншектердің болашағына ақ жол тіледі.
Сапары барысында облыс басшысы тоқсан жастың төріндегі Социалистік Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаеваның отбасында болды. Кешегі күн мен бүгіннің қос Еңбек Ерін қатар көрген, Ералиевтің Қазанбаевадан бата алғанын көрген де бір ғанибет екен. Онан соң Ыбырай Жақаев атындағы мұражайға барды. Дала академигі атанған атамыздың бюстіне гүл шоқтарын қойып, ауыл адамдарымен жүздесті. Бұл да өткенге құрметтің бір белгісі еді. Жаңақорған және Шиелі аудандарының актив жиынында аймақ басшысы тарихи құжаттағы басым бағыттарды кең көлемде тарата әңгімеледі. Осы мақсатта түйінді ойларымен бөлісті. Сыр өңірінің өткен жылдың қорытындысы бойынша, экономикалық-әлеуметтік саладағы қол жеткен жетістіктеріне тоқталды.
Әкім актив жиындарындағы сөзіне мұнай-газ саласының жаңа орындарын барлау, оңтүстік аудандарда металлургия мен уран өндірісін дамыту, «Шалқия» кенішін қайта іске қосу, шыны зауытының құрылысын салу, орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау мен өрістетудің тың қадамдарын арқау етті. Сондай-ақ, байырғы дақыл – күрішті жаңа технологиямен өсіріп, сапасын арттыру және де саланы әртараптандыру сөз болды.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.