06 Ақпан, 2014

Актердің түбіне есірткі жетті

171 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шарайна

шар1Нью-Йорк қаласының полициясы актер Филип Сеймур Хоффманның өлімін тергеу ісіне қатысты үш ер адам мен бір әйелді тұтқындады. Құқық қорғау органдары өкілінің айтуынша, қамауға алынғандардың мекенжайын тексеру кезінде героин салынған 350 шағын пакет табылған. 46 жастағы Хоффман осы жылдың 2 ақпанында героинды мөлшерден артық қолданғаны үшін қайтыс болған еді. Оның жанынан, сондай-ақ, героин салынған пакеттер де табылыпты. Актер, расында да, есірткіге тәуелді болған көрінеді. Кезінде ол есірткіден емделіпті де. Хоффман «Оскар» сыйлығын алған «Капоте» кинофильміндегі рөлі үшін де танымал.

Метрополитен салу ниетінде

шар2Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедов ел астанасы – Ашғабадта метро салу мүмкіндігін талдауды ұсынды. «Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, осындай ұсынысты президент украиналық «Интербудмонтаж» компаниясына білдірген көрінеді. Компанияның басқарма төрағасы В.Петрук бұл ұсыныс жан-жақты зерттелетінін айтқан екен. Мамандар тартылатыны, жобаның қашан қолға алынатыны, оған қанша қаржы жұмсалатыны жөнінде ақпарат жоқ. Мұндай мәселе бұрын да көтерілген болатын. Түрлі себептермен ол жүзеге асырылмады. Бүгінде ел астанасы – Ашғабадта 700 мыңнан астам адам тұрады. Метрополитен керек те сияқты.

Миллиардерлерді сотқа берді

шар3Ресей Федерациясы кеңесінің мүшесі Леонид Лебедев Л.Блаватник пен В.Вексельбергтен 2 миллиард доллар өндіру жөнінде сотқа шағым түсірді. Арызданушының сөзіне қарағанда, бұл миллиардерлер «Роснефти» компаниясын сатудан қыруар пайда тапқан. Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, мұның төркіні 1997 жылдан басталады. Сол жылдары үш кәсіпкер аталған компанияны бірлесе басқарған. Ал Л.Лебедев компанияға жалпы көлемі 25 миллион доллар құйған сияқты. Бірақ, миллиардерлер Лебедевтің акцияларын қайтарып бермепті. Блаватник пен Вексельберг компанияны сату арқылы 27 миллиард доллар пайда тапқан екен.

Отыз жеті жылдан соң ұсталды

шар4Осыдан 37 жыл бұрын Мичиган (АҚШ) түрмесінен қашып кеткен қылмыскер ұсталды. «Ассошеиэйтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, ол Сан-Диего қаласында тұрып келіпті. Джуда Лини Хэймен есімді қылмыскер қазір 60 жасқа жуықтапты. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері оның үйіне келгенде Джеми Льюистің атына берілген құжатты көрсеткен екен. Ал ол түрмеден 1977 жылы қашып кеткен. Оны ұрлық жасағаны үшін 18 айға бас бостандығынан айырған.

Электр жарығынсыз қалды

шар5Бразилияның он бір штатында энергожүйенің апатты жағдайына байланысты елдің 5,5 миллионнан астам тұрғыны жарықсыз қалған. «Рейтер» ақпарат агенттігінің хабар­­лауынша, апатқа электр желі­­лерінің тұйықталуы себеп болған. Энергетика министрлігінің таратқан ақпараттары бойынша, электр жарығынсыз қалғандардың арасында осы жылдың маусымында футболдан әлем чемпионатын қабылдайтын аса ірі қалалар – Сан-Паулу мен Рио-де-Жанейро да бар. Бұл елде электр энергиясына деген тапшылық жаз айларында ерекше сезіледі. Өйткені, жаз маусымында су деңгейі едәуір төмендейді.

Соққы жасауды уақытша тоқтатты

шар6Пәкістан үкіметінің өтініші бойынша, АҚШ әскерлері осы ел аумағында ұшқышсыз басқарылатын ұшақтан соққы беруді уақытша тоқтатты. Ақпарат көздеріне қарағанда, бұл «үзіліс» Исламабадтың «Талибан» қозғалысымен келіссөз жүргізуі үшін қажет. Дегенмен, АҚШ әскерлері «Ал-Каиданың» содырлары немесе басшылары орналасқан жерді анықтаған жағдайда оларға қарсы әрекеттер қолданылатынын алға тартып отыр. Пәкістанда ұшқышсыз басқарылатын ұшақтан соққы беру операциясы өткен жылдың желтоқсанынан бері қолданылып келеді. Осындай операция барысында жергілікті «Талибан» қозғалысының жетекшісі Хакимулла Мехсуд өлтірілген болатын.

Отбасылар қауыша ала ма?

шар7Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея бір елді екі мемлекетке бөлген 1950-1953 жылдардағы соғыста бір-бірлерінен ажырап қалған отбасылардың қауышуын ұйымдастыруға келісті. «Франс-пресс» ақпарат агенттігінің жазуына қарағанда, аталған іс-шара осы жылдың 20-25 ақпанында Солтүстік Кореяның туристік Кымгансан аймағында өтпек. Мұндай қауышу осыдан үш жыл бұрын болған еді. Саясаткерлер бұл іс-шараның болмай қалуын да жоққа шығармайды. Себебі, Оңтүстік Корея үстіміздегі жылғы ақпан айының соңында АҚШ-пен бірлесіп, әскери жаттығу өткізуді жоспарлап қойған.

 Интернет материалдары негізінде әзірленді.