06 Ақпан, 2014

Жеңіс жаттығу залынан басталады

332 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Елімізде денешынықтыру мен спорттың бұқаралық сипатта дамуына айрықша көңіл бөлінуде. Бұл мақсатта атқарылатын жұмыстар ел дамуының ұзақмерзімді «Қазақстан-2050» Стратегиясында айқын көрініс тапты. Маңызды құжатта Елбасы 2020 жылға дейін халықтың 30 пайызын денешынықтыру және спортпен айналысуын қамтамасыз ету туралы жаңа міндеттер қойды. Бұл міндет – «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауда да көрініс тауып, ұлт денсаулығына, саламатты өмір салтын ұстану мен спортты дамытуға айрықша мән берілді. Өйткені, Ұлы ұлт болып қалыптасу жолындағы Мәңгілік Ел идеясының бір ұстыны – денешынықтыру мен спорт. Ел тұрғындары жасының ұзақтығын 80 жасқа жеткізу үшін де саламатты өмір салтымен бірге, денешынықтыру мен спорт өте маңызды рөл атқарады. Облыс әкімдігінің денешы­нықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков осы тұрғыда өңірде бірқатар жұмыстар атқарылғанын айтады. Соңғы жылдары денешынықтыру мен спортты дамыту жөнінде ұйымдастырылған жұмыстардың нәтижесінде спортпен айналысатын облыс тұрғындарының, оның ішінде жастардың саны едәуір артқан. Спорт мекемелерінің материалдық-техникалық базалары да бұрынғыдан нығая түскен. Қалалар мен аудандарда жаңадан спорт алаңдары мен спорт залдарын салу және бұрынғыларын жөндеу, қалпына келтіру қарқыны үдейе түсіпті. Мысалы, 2012 жылы облыста халыққа 1973 спорт нысаны қызмет етсе, ал өткен жылы оның саны 1986-ға жеткен. Оның ішінде 19 стадион, 665 футбол алаңы, 544 спорт залы, 644 спорт алаңшалары және 114 басқа да нысандар бар, дейді облыс спортының жетекшісі. Ең бастысы, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев денешынықтыру мен спорттың өңір үшін өзектілігін түсініп, саланы қаржылық жағы­нан қолдап отырғанын айтты. Мы­салы, өткен жылы облыс спортының қаражаты 5,43 мил­лиард теңгені құраған. Ал мате­риалдық-техникалық базаны ны­ғайту мақсатында 408,6 миллион теңге қаражат бөлінген. Сондықтан басқарма спорт саласын дамытуға және қолда бар спорт нысандарының мүмкіндіктерін толық пайдалануды басты назарда ұстап отыр. 14   15 16 –Біз жұмысты үш бағытта ұйым­дастыруды қолға алдық. Бірін­шіден, бұқаралық спортты дамыту, екіншіден, жоғарғы спорт жетістіктеріне қол жеткізу және үшіншіден, кең ауқымды іс-шаралар өткізу. Осындай жос­парлы жұмыстың нәтижесі де байқала бастады. Бүгінгі күні өңірде денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 234,7 мың адамға жетті. Олардың басым бөлігін мектеп оқушылары, орта және жоғары оқу орындарының студенттері құрайды. Өткен жылы облыс бойынша мектеп жасындағы 54465 оқушы спорт секцияларында тұрақты түрде спорт түрлерімен шұғылданды. Бұл көрсеткіш жалпы оқушылар санының 29,4 пайызын құрады. Оның ішінде мектептен тыс спорт секцияларында 35886 спортшы, ал 32 спорт мектебінде 18 579 спортшы қамтылды, – дейді облыс әкімдігінің спорт және денешынықтыру басқар­масының басшысы. Облыс аумағында соңғы жылдары баса назар аударылған мәселе  заман талабына сай жаңа спорт нысандарын көбейту болды. Соның нәтижесінде біз «Тараз-Арена» спорт сарайының пайдалануға берілгеніне куә болдық. Бұл қуанышты облыс тұрғындары ондаған жылдар бойы күткені де рас. Сәулеттік бет-бейнесі ерекше бұл нысанды облыста жұмыс сапарымен болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та көріп, оң бағасын берді. Бұл кешенде 13 спорт залы бар. Оларда бір күнде 2,5 мың адам 18 спорт түрі бойынша жаттығу жасай алады. Спорт сарайының әмбебап ойын залы (кіші футбол, волейбол, баскетбол және гандбол) халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізу стандартына сәйкес. Сондықтан алдағы уақытта «Тараз-Арена» спорт сарайында ел чем­пионаттары мен әлемдік және ха­лықаралық дәрежедегі жарыстарды ұйымдастыруға толық мүмкіндік бар. Сондай-ақ, Тараз қаласында – 3, Жаңатас қаласында – 1 спорт  кешені халық игілігіне берілді. Кеңес өкіметі кезінен келе жатқан Орталық стадионның үсті УЕФА талаптарына сәйкес еуропалық стандартқа бейімделіп жабылуы да Тараз қаласының ажарын аша түсті. Мұнда енді қуаттылығы 1200 люксті жарықтандыру көз­де­рі орнатылмақшы. Қаратау қала­сындағы «Лашын» футбол командасы спорттық базасының құрылысы да аяқталған. Ал биылғы жылы Мойынқұм және Жуалы аудандарынан спорт залдар салу, Тараз қала­сынан шағын футбол, баскетбол және волейболға арналған жасанды көгал төселген әмбебап спорт алаңдарының құрылысын қолға алу көзделуде. Облыс орталығындағы №3 облыстық олимпиада жеткін­шектерін даярлайтын балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын бастау, «Еврохим» ЖШС-і есебінен Қаратау қаласында №26 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланыпты. – Облыста спорттың таэквондо, кикбоксинг, ат спорты ойындары, акробатика, каратэ-до, регби сияқты түрлерінен ел чемпионаттары өткізілсе, армрестлингтен Азия кубогы, еркін күрестен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған халық­аралық жарыс және бәрімізге белгілі «Еуразия барысы» турнирі өткізілді. Қазақ елінің атын әлемге танытқан бұл турнир мемлекетімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, облыста талантты жас спортшылардың қатары да жыл санап өсіп келеді. Олардың арасында бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Назерке Жұрғараева, акробатикалық жолда секіруден әлем кубогының қола жүлдегері Еркебұлан Абдуллаев, велоспорттан Азия чемпионатының күміс жүлдегері Нұрболат Күлімбетов, дзюдодан жастар арасында Еуропа кубогының жеңімпазы Роза Доқ­тырбаева, таэквондодан Еуразия ойындарының жеңімпаздары Аяулым Сұлтанбаева, Сұлтан Қалибек, самбо күресінен жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Марат Ниг­ма­туллаевтар бар. Айрықша айтатын бір жайт, ойланып ұйым­дас­тырылған жұмыстардың нәти­жесінде Тараз қаласының дәстүрлі бокс мектебі қайта түлей бастады, – дейді Г.Қайнарбеков. Бір құптарлығы, спорт бас­қармасы есту қабілеті төмен спорт­­шылар арасында өткен ХХІІ сур­долимпиялық ойындарында еркін күрестен чемпион атанып, алтыннан алқа таққан Ғабит Есжановпен де мақтанады. Сондай-ақ, паралимпиялық спортшылар арасында жүзу спортынан өткен әлем чемпионатында 1 күміс, 2 қола және дүниежүзілік ойындарының 4 қашықтықта жеңім­пазы атанып, әлем рекордын жаңартқан Зүлфия Габидуллина да қандай құрмет көрсетсе де лайық жан екен. Тағы бір айта кетерлік жайт, Тараз қаласында мүгедек-спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының ІV спартакиадасы болып өтті. Бұл жарыста облыс спортшылары 6 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль иеленіп, жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Каратэ-додан Токиода өткен әлем чемпионатында Гузалия Гафурова әлем чемпионы тұғырына көтерілді. Ал Татьяна Верина, Дмитрий Трубин сияқты спортшылар армрестлингтен өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленсе, Заир Ахмедов қола медальға қол жеткізген. Жалпы, Жамбыл өңірі армрестлинг шеберлерінің алтынына бай десе де болғандай. Өткен жарыс жылында жас ерекшеліктері бойынша олар әлем чемпионатында 11 медаль олжаласа, оның 6-уы алтыннан болды. Бокстан жас­тар арасындағы Азия чемпионатында Айтжан Шілеев, дзюдодан Оразәлі Ермекбай, жүзуден Эльмира Айғалиева, грек-рим күресінен Әбунәсір Өмірзақ, велоспорттан Магомед Мамедов жеңімпаз атанды. Қазақстан құрама командасының негізін құрайтын «Айша бибі» су добы клубының қыздары әлем чемпионатына қатысып 11-орынға тұ­рақтап, ал Ресей ашық чемпионатына 6-орынға көтерілді. Сондай-ақ, «Тараз» футбол клубы республика кубогы жарысында нәтижелі ойын көрсетіп, ақтық кез­десуде Қарағанды қаласының «Шахтер» командасымен кездескені белгілі. Өткен жылы «Әулие ата» көкпаршылар командасы Қазақстан Республикасының 7 дүркін чемпионы атанса, «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының да жеңімпазы болды. Ал жастар құрама командасы ел біріншілігінде ешкімге дес бермесе, жасөспірімдер командасы күміс жүлдені қанжығасына байлады. «Тараз» волейбол клубы Қазақстан Республикасының Ұлттық лига командалары арасында өнер көрсетуге жолдама алды. Облыста кіші футбол, волейбол, баскетбол сияқты ойын түрлерінен оқушылар арасында лига құрылып, мектепаралық лига жарысының І кезеңі аяқталды. Биылғы көктем, жаз айларында аудандық, облыстық іріктеу жарыстары ұйымдастырылып, күз айларында жеңімпаз командалар республикалық ақтық жарыстарға қатысады. Мұны өңірдегі оқушылар спортын дамытуға бағытталған ша­ралардың бірі деп бағалауға болады. Спорт еліміздің мемлекеттік брендіне айналып келе жатқан кезде тек қана жақсы нәтижеге ұмтылған ләзім. Өйткені, спорттағы жеңіс пен жетістік мақтану үшін емес, сол жеңіс пен жетістікті әрі қарай жалғастыру үшін қажет. Ал жеңіс   жаттығу залынан басталады. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.