06 Ақпан, 2014

Бәсекелестіктің бәсі артсын

329 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен Бәсекелестікті қорғау агенттігінің алқа мәжілісі болып өтті. Мәжілісте агенттіктің төрағасы Ғалым Оразбақов 2013 жылдың қорытындылары туралы баяндап, ведомство алдында тұрған жаңа міндеттер жөнінде әңгімеледі. Алқа мәжілісіне Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілдері, Ресейдің Федералдық монополияға қарсы қызметі бастығының орынбасары П.Су­ботин, Белоруссияның Эконо­мика министрлігінің баға саясаты департаментінің директоры И.Фомин, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары мен өкілдері және атал­ған агенттіктің қызметкерлері қатысты. Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауындағы салаға байланысты тапсырмалар жөнінде айтқан агенттік төрағасы, мекеменің өткен жылы атқарған жұмыстарына тоқталды. Атап айтқанда 2013 жылы Бә­се­келестікті қорғау агенттігі 171 тергеу жұмыстарын жүргізіпті. «2013 жылы агенттік 171 тергеу ісін қолға алып, оларды нәтижелі аяқ­тады. Олардың қатарында, абоненттердің келісімінсіз қо­сым­­ша қызметтерді оларға жүк­­теу бойынша «Kcell» АҚ пен «МобайлТелекомСервис» ЖШС-ға қатысты әкімшілік құ­қық бұзушылыққа қатысты іс қоз­­ғалды. Барлық істер соттың қа­рауына жіберілген. Ал, «Шым­кент Цемент» АҚ пен «Стандарт цемент» ЖШС, «Central Asia Cement» АҚ, «Бухтарминская це­­­мент­ная компания» АҚ және «Це­мент­ный завод Семей» ЖШС әре­кеттері цементтің бағасын кө­те­ру мақсатында жасалған, бә­се­­келе­стікке қарсы әрекет ре­тін­де қарас­тырылды», деді Ғ.Ораз­ба­қов. Мұнымен бірге, нарықтың 2 субъек­тісі әкімшілік жауап­кер­­шілікке тартылып, бюджет­ке 1,6 млн. теңге айыппұл тө­леніп­ті. Басқа істер тігілген мате­риалдар соттың қарауына жібе­ріл­ген. Мем­лекеттік органдар моно­по­лияға қарсы заңнаманың өте көп бұзылуына алаңдаушылық біл­діріп отырған көрінеді. Был­тыр 44 тергеу жұмыстары жүр­гі­зілген. Ал, бұрнағы 2012 жылы бұл көрсеткіш 24 болған екен. Осы дәйекті алға тартқан төраға саладағы жұмысты ширату ке­рек­тігін қадап айтты. Айта кетер­лік тағы бір жайт, 2013 жылы бюджетке монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін түскен айыппұл көлемі 250 млн. теңгені құрапты. Агенттiк тұрақты негiзде бә­се­келестiктi дамытуды тежей­тiн жүйелi проблемаларды анық­тау және оларды жою мақса­тында көптеген шараларды қолға алып отыр. Оcы кезеңде тау­ар нарықтарына 36 талдау жүр­гiзiлдi. Нәтижесiнде, темiр­жол көлiгi, азаматтық авиация, теле­ком­муникация, отын-энер­гети­ка­лық кешен салаларында моно­полияның белең алғаны анық­­талды. Жүргiзiлген талдау қоры­тындысы бойынша Үкi­мет және мемлекеттiк орган­дарға 30 ұсыныс енгiзiлiп, оның жартысы іске асты, дедi Ғ.Оразбақов. Сөйтіп, жекеле­ген тауар нарықтарында бәсе­ке­лес­тiктi дамыту жөнiндегi жасал­ған ұсыныстарға тоқталып өттi. «Қазақстан әуежайларының транзиттiк тартымдылығын ұл­ғайту, сондай-ақ олардың табысын арттыру мақсатында агенттiк әуежайлар үшiн өзге қызметтен табыс алу құқығына 5%-дық шектеудi алып тастау жөнiнде бастама көтердi. Қазiргi уақытта бұл iстiң оң нәтижелерi көрiне бастады. Мысалы, Астана қаласы әуежайының өзге қызметтен алатын табыс үлесi 2013 жылғы тамыз, желтоқсан айларында 2012 жылдың сәйкес кезеңiндегiден 6%-ға артқан. Бұдан басқа, авиа­циялық емес қызметтi дамытумен байланысты Астана қаласының әуежайы қосымша жаңа қыз­мет­тердi енгiзудi көздеп отыр. Осын­дай шараларды Павлодар және Қызылорда қалаларының әуежай­ларында да қабылдау жос­пар­лануда. Егер осы тектес жұ­мыс­ты экономиканың басқа салаларында да жүргiзетiн болсақ, онда бұл табиғи монополиялар субъектiлерiнiң тарифтерiн тұрақтандыруға көмектесер едi», дедi төраға. Ведомство басшысы ал­да­ғы міндеттер туралы да айтты. «Мемлекет басшысының жекешелендірудің екінші тол­қы­нына байланысты берген тапсырмасын орындау аясында біз қазір қандай кәсіпорындар бәсекелестік ортаға шығарылуы тиіс, қандай кәсіпорындар мемлекет иелігінде болуы тиіс екендігін анықтап жа­тырмыз. Осы орайда, агенттік жұ­мыс тобы аясында белсенді жұ­мыстар жүргізуі қажет. Себебі, нау­рыз айында бағдарламаны ұсы­нуымыз керек», деп аяқтады сөзін сала жетекшісі. Мәжілісте Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Ж.Ертілесова, Республикалық тау-кен өндіру және кен-метал­лургия кәсіпорындары қау­ым­дас­тығының атқарушы дирек­торы Н.Радостовец, Еура­зия­лық экономикалық комис­сияның өкілі Б.Парсегов саладағы түйткілі бар мәселелер жөнінде сөз сөйлеп, оларды шешуге байланысты өз ұсыныстарын білдірді. Баяндамашылардың пікіріне ден қойған Үкімет басшысының орынбасары Елбасының биылғы Жолдауында бәсекелестікке қа­тыс­ты айтылған ұсыныстар мен тапсырмаларды тәптіштеп шық­ты. Сөйтіп, алдағы уақытта атқа­рылуға тиіс міндеттерді нақ­тылады. «Ведомство жүргізген талдау экономиканың бірқатар сегменттерінде бәсекелестіктің тиісті деңгейде дамымай отыр­ғанын көрсетуде. Бұл істі тек агенттік қана емес, барлық мем­лекеттік органдар жұмыла жүр­гізуі керек. Осы бағыттағы жұ­мыстарды бір жүйеге үйлестіру қажет», деді Б.Сұлтанов. Ол бәсе­келестіктің дамуын тежеп тұр­ған әкімшілік кедергілерге де тоқ­талып өтті. Сөйтіп, заңнамалық негізде бәсекелестіктің бәсін арттыра беру керектігін айтты. Тауар нарығына тең қол­же­тімділікті қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Өйткені, оның бүгінгі ықпалдастық процестері аясында өзектілігі артып отыр. Сондықтан, мемлекеттік орган­дар­дың ішінде, мемлекет пен бизнес, сондай-ақ үкіметтік емес сек­торлардың арасындағы өзара іс-әрекет құралдарын жаңарту қажет. Осыған байланысты бәсе­келестікті қорғау жүйесін жетіл­діруге арналған жұмыстарды тиянақты жалғастыруды тапсырамын, деді Б.Сұлтанов. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».