АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі келесі жылы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысына дейін баршаға жеткілікті вакцина үлестіруге сөз берген еді. Бірақ бай және кедей елдер арасындағы айырмашылық ұлғайғаны соншалық, табысы төмен мемлекеттердегі егде тұрғындардың 2 пайызы ғана вакцина салдырған. Салыстырып қарасақ, табысы жоғары елдерде бұл көрсеткіш 50 пайызды құрап отыр. Сорақысы сол, бақуатты мемлекеттерде миллиондаған вакцина уақтылы пайдаланылмағандықтан ысырап етіліп, қоқысқа тасталады.
Жыл басында Батыс елдері бірнеше ай бойы жаһандық сұранысты қанағаттандыруға қажетті вакцина жеткіліксіз екенін айтып, сылтаурататын. Бірақ қазіргі таңда ай сайын 1,5 миллиард доза вакцина шығарамыз. Осы жолдарды жазып отырғанымда, 300 миллионға жуық екпе қолданылмай, қоймаларда жатыр немесе Батыс елдері иемденіп, өздерінің ықпалына көндіріп, монополияға айналғандықтан, соларға жеткізілмек. Соның салдарынан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылдың қыркүйегіне дейін белгіленген межесі орындалмаған күйінде қалып отыр. Яғни табысы төмен елдердегі халықтың кем дегенде 10 пайызына екпе салып, негізінен, медицина қызметкерлері мен қарттарды қамту қажет болатын.
Airfinity зерттеу орталығы жүргізген ауқымды есепке сүйенсек, биылғы желтоқсанға дейін қолданылмаған дозалардың саны бір миллиардқа жетеді. Бұл таңғажайып сандарды оқырманға түсінікті болу үшін айтсақ, пайдаланылмаған вакциналар Африка халқының кемі 40 пайызына екпе салуға жетер еді.
Өкінішке қарай, Airfinity жүргізген зерттеуге қарағанда, егер дер кезінде әрекет етпесек, жыл соңына дейін тағы 100 миллион қолданылмаған вакцинаның жарамдылық мерзімі аяқталады. Егер екі айлық сақтау мерзімін ескере отырып, артық вакцинаны кесте бойынша оны қажет ететін жерге жеткізе алмасақ, бұл көрсеткіш 241 миллионнан асып кетуі мүмкін. Қалай дегенмен, бұл – қылмысқа пара-пар ысырап етушілік әрекет.
Саясаткерлер үшін әсірелеу оңай. Бірақ егер дамушы елдерге вакциналар, диагностика жасайтын құрылғылар жеткізіліп, ем жүргізуге мүмкіндік берілмесе, онда келесі жылы коронавирус инфекциясы салдарынан кемінде миллионнан астам адам қаза табуы ықтимал.
Ұлыбританияда 100 миллионға жетпейтін вакцина салудың арқасында 100 мыңнан астам адамның өмірін сақтап қалғанымыз белгілі. 200 миллион немесе одан да көп дозаны ысырап етуге жол беру табысы аз елдерде вакцина алмаған жүздеген мың адамды азапқа түсіріп, өмірін қиюы мүмкін.
Басты назар Байденнің вакцинаға қатысты осы аптада өткізетін саммитіне ауып тұр. Бұған дейінгі бейбіт өмірге қарағанда, қазір пәленбай адамның өмірі қыл үстінде тұр. Егер Батыс елдері әлемнің қалған бөлігіне қажетті вакциналарды жеткізбесе, онда табысы төмен мемлекеттерде оларға сенім қалмайды. Миллиондаған артық дозаны өте мұқтаж адамдарға жеткізе алмасақ, бұл адамзат ынтымақтастығы мен әдептілігін бекерге шығаратын ең сорақы сәт болады.
Ендеше, осы айда БҰҰ саммитіне жиналған әлем басшылары айтқандай, адамзат тағдыры бәске түсіп тұр. Сондықтан осы уақытқа дейін вакцина бөлудегі сұмдық, кешірілмейтін теңсіздікті жоюымыз қажет.
Airfinity жинаған деректерге сүйенсек, 200 миллион доза екпені Африкаға және басқа да табысы төмен елдерге жеткізу үшін оны жедел түрде COVID-19 Vaccine Global Access (COVAX) мекемесіне және африкалық вакциналарды сатып алу қорына аударуға мүмкіндік бар. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әр ел үшін 10 пайыз жоспарын орындауға жетеді. Сонымен қатар Батыс елдерінің COVAX-қа ай сайын дәл осындай мөлшерде, шамамен 200 миллион екпе дозасын жіберуіне мүмкіндік мол. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жыл соңына дейін Африка халқының шамамен 40 пайызын вакцинамен қамтамасыз ету жоспарына сай келеді. Сондай-ақ құрлықта жетпей жатқан 500 миллионға жуық дозаның орнын басады.
Вакцина ұлтшылдығының теңсіздікке, ысырапқа және өлімге әкелетінін көрдік. Індет табысы төмен елдерде ұзақ уақыт бойы кетпей қойса, онда жаңа түрлері де көбейе түседі. Сөйтіп толықтай вакцина алғандарға да қауіп төндіреді.
Негізгі мәселе осы аптада африкалық көшбасшылар, бұрынғы мемлекет пен үкімет басшылары, Pandemic Action Network ұйымы және Ардагерлер тобы секілді топтардың өтініштерінде жатыр. Дамушы елдердегі үкіметтік емес ұйымдар мен дін көшбасшылары моральдық апаттың алдын алу үшін жедел әрекет етуге шақырды.
Жұқпалы және жұқпалы аурудан туындайтын жаһандық дағдарысқа қарсы ұжымдық әрекеттен басқа балама жоқ. Ендеше, осы аптада өтетін вакцинаға қатысты саммит бақуатты елдердің қаншалықты әділетті екенін көрсетеді.
Гордон БРАУН,
Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі, Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық білім жөніндегі арнайы өкілі және жаһандық білім беру мүмкіндігін қаржыландыру жөніндегі халықаралық комиссияның төрағасы
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org