06 Ақпан, 2014

Жыл сайынғы жыр

226 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кейде еріксіз бас шайқатар жайлар бар. Өткен күз берекесіне өндірісті өңір жұртшылығының қуанышында шек болмағандай еді. Соңғы ширек ғасырда ұшырасып көрмеген көл-көсір астық  жиналуы ел көңілін бір өсірсе, картоптан да бұрын-соңды болмаған өнім алынуы тағы мерейлендірген-ді. Азық-түлік түрлеріне кенелуге байланысты, ең бас­тысы, бағасы шамаға шақ болуы күтілген-тін. Иә, не нәрсе жеткілікті болуына орай сауданың ежелден бар заңдылығы бойынша құны қалыптан аспауға тиіс  емес  пе? Тұтынушылар үміті де сол болатын. Олай болмады. Керісінше, баға тағы шырқап шыға келді. Ұн, картоп, көкөніс, ет және басқа да тағамдар дүкендер мен базарларда асып-төгілгенімен, бағасы қазір былтырғыдан 15-20 пайызға қымбат. Мұнымен де қоймай күннен-күнге өсуі тоқталар емес. Астарында не сыр барын білу қиын, оны бақылаушылардың қауқарсыздығы түсініксіз. Мұны айту себебіміз, бүгінде бағаны тұрақтандыру жөнінде комиссиялар құрылған үстіне  құрылып, оның тізгінін  босатпау үшін тиісті тараптар арасында меморандумдарға қол қойылып жатыр. Бұл жыл сайынғы үрдіс. Бірақ қайыры шамалы. Биыл да солай болып қалмақтығы әлден-ақ белгілі жағдай. Әлеуметтік дүкендер ашу сияқты басталмай жатып аяқсыз қалатын шалажансар шаралар біріне бірі ұласуда. Жыл қорытындысы талқыға салынған облыстық  жиында да бұл мәселе айтылмай қалмады. Жыл сайынғы жыр осы. Айтылады да қалады. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.
Соңғы жаңалықтар