Медицина • 29 Қыркүйек, 2021

Шымкентте алғаш рет коронарография əдісімен жүрекке ота жасалды

1281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласындағы №2 ауруханада коронарография əдісімен жүрек ауруы бар науқасқа алғаш рет диагностика жасалды. Күрделі ота аурухананың бас дәрігерінің міндетін уақытша атқарушы рентген-хирург Асқар Рахматалиевтің жетекшілігімен өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкентте алғаш рет коронарография əдісімен жүрекке ота жасалды

Аурухана базасында алғаш рет жасалған ота кезінде білікті мамандар жүрекке жіңішке катетер жіберіп, шаштың қылындай ғана қан тамырдағы ақауды дер кезінде анықтады. Дәрігерлер жүрек-қан тамырындағы ақауды толық анықтайтын коронаграфия əдісін сәтті іске асырды.

Коронарография мамандандырылған операциялық бөлмеде рентген сәулелерінің бақылауымен жасалады. Рентгенде қан және оның тамырлардағы қозғалысы көрінбейді, ал рентгенконтрасты ерітінді қанмен араласып тек қана оны көрсетпей, бүкіл коронарлық тамырдың ішкі пішінін көрсетеді. Бұл дұрыс диагноз қоюға мүмкіндік береді.

«№2 аурухана базасында екі науқасқа коронарография жасадық. Науқастардың бірі он жыл бұрын жүрегіне аорта коронарлық шунт отасы жасалып, стент қойған. Сол стент қойғаннан кейінгі тамырдағы өзгерістерге нақты диагностика жасадық. Ал екінші науқастың жүрек ырғағының бұзылысы  болғандықтан жүрек қан-тамырларындағы патологияны анықтай алдық. Нәтижесінде операциялық жолмен жасалған диагностикалық тексеруден кейін қос науқасқа да консервативті емдеу тағайындалды. Ауруханада кардиология саласын дамыту үшін  басқа да республикалық деңгейдегі емдеу мекемесінен жоғары тәжірибелі мамандарды шақырттық. Білікті мамандар жасақталып, қазір осы саланы дамыту жағын мықтап қолға алдық», дейді Асқар Рахматалиев.

Айта кетсек, Шымкент қалалық №2  аурухана - қаладағы көп бейінді, бәсекеге қабілетті ұйым. Аурухана базасында ашылған кардиология бөлімшесіндегі төсек-орын саны қазір 22-ге көбейтілген. Бұрын созылмалы жүрек ауруын ғана емдейтін орталық енді өзге де жүрек дерттерін емдеп, кардиология бағытында күрделі оталар жасап жатыр. 

а