Руханият • 30 Қыркүйек, 2021

Ұлттық орталықта пресс-тур өтті

656 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында, Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ұйымдастыруымен Ұлттық орталықтың қорында сақталған ғылыми-мәдени мұраларды кеңінен насихаттау мақсатында қоғам қайраткерлері, бас редакторлар және елімізге белгілі БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Ұлы Дала мұрасы» атты пресс-тур өтіп, оған Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, белгілі қаламгер-журналистер және сала мамандары қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Ұлттық орталықта пресс-тур өтті

Арнайы шақырылған қонақтарға Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Айнұр Жарахметова Ұлттық орталықтың тыныс-тіршілігі жайлы мағлұмат берсе, Ұлттық орталықтың көрме және оқу залындағы қолжазбалар және сирек кітаптардан тұратын құнды мұралар жайлы Ғылыми-зерттеу бөлімінің сарапшысы Мұхаммедияр Аңқабаев, ал қайта қалпына келтіру ғылыми зертханасын реставратор маманы Жансерік Бейсенқұлов таныстырды. Сонымен қатар арнайы ұйымдастырылған дөңгелек үстелде Ұлы Дала тарихына қатысты мұраларды жан-жақты насихаттау және ел ішіндегі қолжазбалар, сирек кітаптар мен карталарды жинақтау, зерттеу, қалпына келтіру мәселелері талқыланды.

Онда Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми кеңесшісі Зада Дүкенбаева аталған мекемедегі кейбір мәселелерге арнайы тоқталып өтті.

«Ұлттық орталық – ел тарихы мен мәдениеті үшін маңызы зор мекеме. Сондықтан да мемлекеттік деңгейде қолдауды қажет етеді», деді Парламент Мәжілісінің депутаты, «Miras» қоғамдық кеңесінің төрағасы Жанарбек Әшімжан.

Сонымен қатар халық қалаулысы, Ұлттық орталыққа қатысты өзекті мәселелерді «Nur Otan» партиясының «Miras» қоғамдық кеңесі тарапынан қолдау болатынан жеткізді.

ҚР Президенті баспасөзі қызметінің сарапшысы, ақын Ербол Алшынбай өз кезегінде ұлттық орталықтың жұмысына зор қызығушылық танытып, өзінің шағатай жазуынан (көне түркі тілінен) аударған қазақ сұлтаны Ахмет Кенесариннің «Насаб наме сұлтан Сыдық» атты еңбегін Ұлттық орталық қорына сыйлады.

Сондай-ақ белгілі тележурналист Зейін Әліпбек ұлттық орталықтағы құнды мұраларды БАҚ беттерінде жан-жақты насихаттауға мұрындық болатынын айтса, «Тарих порталы» сайтының бас редакторы Алтынбек Құмырзақ Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығымен екі жақты келісім-шарт жасау негізінде «Тарих порталы» сайтында арнайы айдар ашып тарихи мұраларды ақпараттық қолдауға атсалысатынын жеткізді.