Экономика • 30 Қыркүйек, 2021

Жанармай нарығындағы жағдай қалай?

286 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығына көңіл бөлуі Қазақстан халқының қалың бөлігін қамтитын бұл салада өзгерістердің енуіне жол ашты. Президент Жолдауында қойған міндеттеріне сәйкес ұсақ та­уар өндірушілерді қолдау ісі қолға алынуда. Бұрын тек ірі компаниялардың еншісіне тиіп келген субсидиялар енді ұсақ тауар өндірушілерге де бет бұрды. Бұл мәселені Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында тағы да көтерді.

Жанармай нарығындағы жағдай қалай?

«Мен бұған дейін көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет орындалып жатыр. Осы орталықтардың шағын ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде жеке қосалқы шаруа­шылықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл нарықтың монополиялануына жол беруге болмайды», деп тағы да ескертіп өтті.

Президенттің ауыл шаруашылығына баса мән беруі, ондағы ұсақ тауар өнді­рушілерді қолдауға деген ниеті мемле­кеттік органдар мен салаға қызмет көрсе­тетін компаниялар жұмысына да әсер еткендей. Мәселен, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика министрлігінің мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Бауыржан Сәлімгереев ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге МӨЗ-ден дизель отынын жеткізу басым негізде жүзеге асырылатынын атап көр­сетті. Оның сөзіне қарағанда, күзгі дала жұмыстарын жүргізу және жемшөп да­йындау үшін ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндірушілерге 440 мың тонна дизель отыны бөлінген. Ресурс ұстаушылардың босату бағасы «ПМХЗ» ЖШС және «ПКОП» ЖШС-да тоннасына 189 мың теңге немесе литріне 159 теңге, «АМӨЗ» ЖШС-да тоннасына 187 мың теңге немесе ҚҚС қосқанда литріне 159 теңге құрайды. Жеткізу мен сақтауды ескерсек, дизель отынының бағасы өңірге байланысты шамамен 175-180 теңгені құрайды. Бұл – ЖМҚС бағасынан арзан.

20 қыркүйектегі мәлімет бойынша іс жүзінде 282 мың тонна дизель оты­ны тиелген. Күзгі далалық жұмыс­тар бойынша шілде және тамыз ай­лары­ның көлемі толығымен жөнелтілсе, қыр­кү­йекке мәлімделген көлем бойынша келі­сімшарттар жасалып, жөнелтілу үс­тін­де. Ал қазан айында жеткізілім 28,5 мың тоннаны құрайды.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өн­діру­шілерге мұнай өңдеу зауыттары­нан дизель отыны жеткізіледі. Министр­лік осы­ған тұрақты мониторинг жүр­гізу­де. Ауыл шаруашылығы тауарын өн­­діру­шілер үшін дизель отынымен қам­­та­масыз етуде олқылықтарды бол­­дыр­­мау үшін жос­парлы жөндеу ПМХЗ-ға ауыстырылды. Алдымен жөн­деу жұ­мыстарын 24 шілдеде 24 күн бойы бі­рін­ші қайта өңдеумен бас­тау жос­пар­ланған болатын. Іс жүзінде жөн­деу жұмыстары биылғы 1 қазанда бас­талады. Жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізе алмаймыз, себебі зауыттың одан әрі қауіпсіз жұмыс істеуі осыған байланыс­ты», деп түсіндірді спикер.

Министрлік өкілінің айтуына қара­ғанда, биыл елімізде дизель отынын рекордтық өндіру мүмкіндігі бар екен. Мұның өзі елімізде шикізат шығаруға қара­ғанда өңдеу ісінің басым түсе бас­тағанының тағы бір дәлеліндей. Нақ осы мәселені биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы да атап өткен болатын. «2020 жылдың қорытындысы бойынша индус­трияландыру жүзеге асырылып жат­қан 10 жыл ішінде тұңғыш рет өңдеу өнер­кәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі тау-кен өндірісі саласынан асып түсті. Біздің орта мерзімдегі мақсатымыз – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 мил­лиард долларға жеткізу. Ал еңбек өнім­ділі­гін 30 пайызға арттыру» деген еді Мемлекет басшысы.

Елде жүріп жатқан осындай өзгеріс­тер аталған брифинг барысында тағы да қуатталды. Республикада 8 айдың қорытындысы бойынша 3,2 млн тонна дизель отыны өндіріліпті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 9%-ға артық. Сонымен қатар биыл дизель отынын өндіру көлемі рекордтық көрсеткішке жеткізілмек. Энергетика министрлігінің болжамы бо­йынша өндіру көлемі шамамен 5 млн тоннаны құрайтын болады. Б.Сәлімгереевтің айтуынша, МӨЗ-ді жаңғыртуды аяқтау 2017 жылғы деңгейден 1 млн тоннаға жуық дизель отынын көп өндіруге мүмкіндік берді.

«Сонымен қатар биыл дизель отынын тұтынудың айтарлықтай өсуі байқалады. Тұтынудың ең жоғарғы өсімі 2021 жылдың тамыз айында болды. Тамыздағы тұтыну көлемі 519 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 84 мың тоннаға және 2019 жылмен салыстырғанда 37 мың тоннаға артық. Мұны елдің ішкі нарығының тарихындағы тұтынудың рекордтық көрсеткіші деп айтуға болады. Қыркүйектің бірінші жартысының қоры­тындысы бойынша тұтынуға қатыс­ты осын­дай жағдай тағы байқалды. Тұтыну­дың өсуінің негізгі себептерінің бірі тран­зиттік жүк тасымалдарының маусымдық ұлғаюы болып саналады. Бүгінгі таңда Қазақстанда дизель отыны көрші елдерге қарағанда арзан. Айырмашылықтың жоғары болуына байланысты, бізде барлық транзиттік жүк көліктері толтырылады. Ірі ЖМҚС ақпараты бойынша қалалық ЖМҚС шамамен 70% бензин және 30% дизель отынын, ал трассаларда орналасқан ЖМҚС, керісінше, 70% дизель отынын сатады», деді ол.

Б.Сәлімгереевтің айтуынша, Ресей Феде­рациясымен 2021 жылға арнал­ған индикативтік теңгерімге сәйкес Қазақстандағы ықтимал импорт көлемі 530 мың тоннаны құрайды. Іс жүзінде 8 айда 145 мың тонна импорттал­ды, сәйкесінше жыл соңына дейін 385 мың тонна импорттауға мүмкіндік бар. Импортқа ешқандай шектеу жоқ. Ми­нистр­лік өз тарапынан Ресейдегі әріптестерімен қажетті көлемді импорттау мәселесін пысықтау үстінде.

«Әдетте мұнай өнімдері нарығы аса құбылмалы болатыны белгілі. Оған көптеген фактор әсер етеді. Соның ішін­де салық салу, баға белгілеу жүйесі және Қазақстанның ішкі нарығында және көрші елдерде ЖЖМ-мен қамтамасыз ету, сұраныстың маусымдылығы, МӨЗ-дегі технологиялық іркілістер немесе күрделі жөндеулер туралы ақпарат­тар да бар. Мысалы, ішкі нарықта баға төмен болған жағдайда отандық өнімнің көрші нарықтарға ауысуына байланысты тапшылық қаупі туындайды. Ал бағалар жоғары болған жағдайда профицит болады. Соның салдарынан елдегі МӨЗ-де қайта өңдеу көлемін кейіннен төмендете отырып, қазақстандық қоймалардың отандық отынмен толып кетуі мүмкін. Жоғарыда атал­ған жағдайлар мұнай өнімдері нары­ғында үнемі баға «тепе-теңдігін» іздеуді қажет етеді», деді ол бұл мәселе жайында.

Брифинг барысында журналистерді осы мәселеде бағаның қалай қалыпта­са­ты­ны қызықтырды. Б.Сәлімгереевтің ай­туын­ша, әлемдік тәжірибе ЖЖМ-ға баға бел­гілеудің неғұрлым тиімді және ашық тетігі – биржалық сауда. «Бізде бір­неше жылдан бері электронды сауда алаң­дарында сұйытылған мұнай газымен сәт­ті сауда-саттық жүргізіліп келеді. Жанар-жағармай бойынша министрлік Бәсе­ке­лестікті қорғау және дамыту агент­­­тігімен бірлесіп, осы бағытта жос­пар­лы жұмыстар жүргізуде. Биыл нау­рыз айынан бастап бензин бойынша сауда-саттық жүргізілуде. Төртінші тоқ­санда дизель отынының биржалық сау­да-саттығын іске қосу жоспарланған. Со­нымен қатар министрлік мұнай өнім­деріне тапшылықтың туындауы­на жол бермеу үшін «Қазақстан Рес­пуб­лика­сының аумағынан мұнай өнім­дерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» бірлескен бұйрық әзірледі, онда қол­да­ныстағы тыйымды автомобиль көлігімен бензин, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге алты ай мерзімге ұзарту қарастырылған», деп хабарлады ол.

Мемлекет басшысы Жолдауда атап көр­сеткендей, «Жер қойнауы – ұлттың бай­лығы. Оны пайдалануға беруді оңаша кабинеттерде «бармақ басты, көз қыс­тымен» шешу заңсыз деп танылуға тиіс».

Биыл елімізде айналамыздағы көрші елдерге қарағанда дизель отыны баға­сының төмен болуы Президент айтқан бетбұрыстардың байқалып, тиісті органдардың бұл мәселе бойынша бақылау жасауды қолға алғанын көрсеткендей.