Бірақ мұндай әлеуметтік ахуал ел болашағы – жас ұрпаққа теріс әсерін тигізбеуге тиіс. Жастар өз отбасыларының материалдық жағдайына қарамастан, лайықты білім алулары керек. Өйткені, мемлекетіміздің ең маңызды құндылығы – адами капитал. Оны дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болуы қажет.
Жыл сайын елімізде 150 мыңға жуық оқушы орта мектепті бітірсе, олардың 74 мыңы, яғни жартысындайы – ауыл жастары.
«Ауыл – ел бесігі» деп бекер айтылмайды. Көптеген жыл бойы еліміздегі ең ірі аграрлық университетті басқарған адам ретінде ауыл балаларының табиғатынан дарынды болатынын, оларды үлкен еңбекқорлық пен ерекше патриотизм сезімі ерекшелендіріп тұратынын айтқым келеді. Бірақ өкінішке қарай, аз қамтылған отбасылардан шыққан көптеген дарынды бала мемлекеттік білім беру гранттарын ала алмай, жоғары білімнен тыс қалады.
Мұның себептері ауыл мектептерінің мәселесімен байланысты. Оқушылардың жетістіктерін сыртқы бағалаудың қорытындыларына сүйенсек, ауылдық және қалалық оқушылар арасындағы білім сапасы бойынша айырмашылық орта есеппен 8 ұпайға жетіп отыр. Ал PISA нәтижелері бойынша бағаласақ, бұл айырмашылық 22-ден 37 ұпайға дейін жетеді. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері бойынша ауыл мектептерінің түлектері өздерінің қалалық құрдастарынан орта есеппен 5-6 ұпайды аз алып отырады.
Ауылдарда 200 білім беру нысаны жетіспейді. 25 мектеп апатты жағдайда, 75 мектеп үш ауысымдық режімде жұмыс істейді. Ал педагогтердің тапшылығы 2100-ден астам адамды құрайды, бұл – республиканың педагог кадрларға деген барлық қажеттілігінің 60 пайызы. Ауыл мектебінде бір мұғалім физика, әдебиет және музыканы оқытатын жағдайлар бар. Көптеген оқытушылардың білімі мен тәжірибесі жеткіліксіз. Қала мен ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасы салыстыруға келмейді. Мәселен, өткен жылы біз ауыл тұрғындары арасында әлеуметтік сауалдама жүргіздік. Оған қатысқандардың бірде-біреуі өз ауылында «интернет жақсы жұмыс істейді» деп жауап берген жоқ.
Еліміздегі 22 ауданда тіпті колледж де жоқ. Жұмыс істеп тұрғандарының көпшілігінде шалғай ауылдардан келген оқушыларға жатақхана жетіспейді.
Жоғары оқу орындарына келетін болсақ, көптеген ауыл балалары мектептерде алған білімдерінің төмендігіне байланысты мемлекеттік білім беру гранттарын алу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша қажетті ұпай жинай алмайды. Ал олардың көбінде ақылы негізде оқуға мүмкіндік жоқ.
Аграрлық университеттерде тіпті қисынсыз жағдай қалыптасып отыр. Ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінген мемлекеттік гранттарды, ең алдымен, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге қажетті уәждері бар адамдар алуы керек қой. Ал олардың дені ауылдық жерлерден келген жастар екендігі анық. Олар бала кезінен ауыл шаруашылығы жұмысының не екенін біледі және ауыл өмірімен таныс.
Парламент депутаттары көптен бері Білім және ғылым министрлігінің алдында ауыл мектептерінің түлектеріне аграрлық мамандықтарға түсу үшін ауылдық квотаны 30 пайыздан ең болмаса 50 пайызға дейін арттыру мәселесін көтеріп келеді. Мұндай ұсыныс парламенттік тыңдаулардың және екі дөңгелек үстелдің қорытындылары бойынша берілді. Бірақ мәселе мүлдем шешілер емес! Бұл ретте «Парламенттік тыңдаулардың ұсыныстары неге орындалмайды?», деген сұрақ туындайды. Жыл сайын аграрлық университеттерді бітірушілердің тек 30 пайыздайы ғана ауылдық жерлерге жұмысқа орналасады, қалғандары мемлекеттік қаражат есебінен оқыса да, жұмыссыздар қатарын толықтыра отырып, қалаларда қалады. Осы себептен жыл сайын кем дегенде 1,5 млрд теңге бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалады.
Аграрлық ЖОО-ларда жатақханалар жетіспейді, бұл ауылдан келген және аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттер үшін қосымша қиыншылықтар туғызады. Оның үстіне, болашақ агроөнеркәсіп кешені мамандары стипендияларының мөлшері педагогикалық және медициналық университеттерге қарағанда 1,6 есе аз.
Егер шетелдік жетекші университеттердің тәжірибесін қарастыратын болсақ, оларда оқуды өтеудің екі түрлі құны бар: барлығы үшін шартты құны, және әлеуметтік осал топтардағы студенттерге арналған арнайы құн. Атап айтқанда, көптеген америкалық университеттерде жағдайы төмен студенттер үшін оқу ақысы бойынша жеңілдіктер беріледі. Оларға стипендия тағайындаудың басты өлшемшарты – жай ғана үлгерім емес, отбасының табыс деңгейі. Сонымен қатар мұқтаж студенттерді қолдайтын басқа да бағдарламалар бар. Яғни бұл мемлекеттерде әлеуметтік және материалдық жағдайына қарамастан, оқимын деген және іріктеуден өткен барлық жасқа жоғары білім алуға мүмкіндік берілген.
Қазақстанда биыл мемлекеттік білім беру гранттарына 300 млрд теңге бюджет қаражаты бөлінді. Олар тестілеу нәтижелері бойынша беріледі. Әлеуметтік осал топтардың әртүрлі санаттарына қарастырылған квота небәрі 0,5-5 пайызды құрайды. Әрине, бұл мәселені шешпейді.
Еліміздің жоғары білім беру саласындағы білім беру гранттарын бөлу жүйесіне өзгеріс енгізетін уақыт жетті. Мемлекеттік гранттар мен стипендияларды тестілеу нәтижелері мен үлгерімі негізінде ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің қолдауынсыз оқи алмайтындарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында бөлген жөн.
Бұл шаралар мемлекет қаражатын әділ бөлуді қамтамасыз етіп қана қоймай, аз қамтылған отбасылардан шыққан жастардың мансаптық өсуіне әлеуметтік лифт бола отырып, елімізде адам капиталын жан-жақты дамытуға мүмкіндік береді.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Сенат депутаты