Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына және Қазақ КСР халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Серәлі Қожамқұловтың 125 жылдығына арналған фестиваль карантин шектеулеріне байланысты өзінің форматын өзгертіп, форум түрінде өтті. Соған сәйкес қатысуға ниет білдірген өнер ұжымдарының саны да шектеулі болды.
Жезқазған театры тарихындағы 50-ші маусымның басталуына дөп келген форум-фестивальдың ашылу салтанатында Қарағанды облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов облыс басшысының құттықтау хатын оқып берді.
Ал Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров фестивальдың еліміздегі ұлттық театрлардың өнерін насихаттау, Қазақстан халқының мәдениетаралық диалогін арттыру, дарынды әртістер мен режиссерлерге қолдау көрсету, қазіргі заманғы сахна өнеріндегі жаңа бағыттарды анықтау, өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге атсалысу мақсатын көздегенін ерекше атап өтті.
Форум-фестивальдағы айтулы оқиғаның бірі ресейлік режиссер, Мәскеудің Станиславский атындағы «Электра» театрының актері Азамат Нығманов қойған «Жұт» спектаклінің премьерасы болды. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына арналған қойылым көрермен тарапынан зор ықыласқа бөленді.
Режиссердің өзі бұл тақырыпты не себепті таңдағанын былайша түсіндірді. «Меніңше, – деді А.Нығманов. – Бұл тақырып әлі де толыққанды ашылмаған, зерттелмеген. Сонымен қатар бұл дерт қазақ халқының жүрегінен өше қойған жоқ. Қоғамға алға қарай жылжу үшін өткеннің қатесін мойындап, оларды түзетпейінше, болашақ жоқ деп санаймын».
Бұдан бөлек, ол тірі екеніңді білдіріп, бүгінгі уақыт алдыға тосқан сауалдарға жауап берудің және көрермендермен қазіргі өміріміз туралы туындылар призмасы арқылы сөйлесудің театр үшін ең маңызды критерий екенін атап өтті. «Театрға мықты шығармашылық табыс тілеймін, – деді режиссер. – Және ең бастысы көрерменмен тығыз байланыс екенін айтқым келеді. Оған көкейкесті мәселелер мен тереңірек тақырыптарды көтеру арқылы қол жеткізуге болады».
Сондай-ақ өнер байқауында драматург Иран-Ғайыптың Абай әлемін ұғындыруға ұмтылдыратын, сол заманның зарын жүрекке жеткізетін «Мен ішпеген у бар ма?» атты қойылымы да көрермен қауым көңілінен шықты.
Форум-фестиваль аясында Серке Қожамқұловтың 125 жылдығына арналған «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» атты көрме ұйымдастырылды. Іс-шара барысында есімі аңызға айналған, сахна майталманы болған өнер қайраткерінің жеке қолданыста болған эксклюзивті заттары, талай жылдық тарихы бар сахна киімдері, бүгінге естелік болған құнды суреттері көрермен назарына ұсынылды.
Сонымен бірге байқау бағдарламасы шеңберінде тәжірибе алмасып, жаңа дүние үйренуге деген құлшыныспен келген актерлерге «Сахна қозғалысы» және «Сахна сайысы» бойынша сахнада еркін эмоцияға, сезінуге баулитын шеберлік сабақтары өткізілді. Мұнда белгілі театр және кино әртістері, режиссерлер, өнертанушылар мен театр мамандары сарапшылар мен баяндамашылар рөлін атқарды. Павлодар облыстық Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театрының актері Әбіласан Нұржан
шеберлік сағаттарының білімді арттыруға, білгенді одан әрі жетілдіруге көп көмегін тигізгенін айтты.
«Бізге Жалынбек Ахан және Фархад Молдағали екі сабақ өткізді. Жалынбек сахнада дем алуды, дұрыс тыныстауды, күш-қуатты ырыққа бағындыруды үйретсе, Фархад аға көзбен жұмыс істеу жайында, сахнадағы серіктесіңе сену арқылы іске асатын дүниелер туралы дәріс берді. Осы фестивальға шақырту алғанда қатты қуанғанымыз рас еді. Себебі білімді арттырып отыру – әр актердің, әр маманның қасиетті міндеті. Жалғыз Жезқазған қаласында ғана емес, еліміздің өзге де қалаларында осындай фестивальдар өтсе екен деген тілегіміз бар», дейді ол.
Ал Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық драма театрының актері Ардақ Жарқынбеков аталған форум-фестивальдың арқасында пандемияға байланысты өзге қалалардағы әріптестерімен арадағы үзіліп қалған байланыстың қайта жанданғанына қуанышты екенін жеткізді.
«Әріптестерімізбен сағынысып көрісіп, тәжірибе алмасып, бар білгенімізді ортаға салдық. Ең алдымен, бізге осындай керемет әсерлерді сезінуге мүмкіндік сыйлаған театрымыздың басшыларына, шақыртуымызды аяқасты етпей, ат терлетіп жеткен қонақтарымызға, неше күн бойы дәріс беріп, актерлік өнердің қыр-сырын ұғындырып жатқан спикерлерге үлкен алғыс білдіреміз», деп ағынан жарылды ол.
Ал форум-фестивальды ұйымдастырушылардың бірі, Серәлі Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық драма театрының директоры Досхан Сәкен өнер байқауында қатысушыларға мүмкіндіктерінің қандай деңгейге дейін жететінін көрсеткісі келгендіктерін атап өтті. «Олардың Қазақстан мен Ресейде ғана емес, әлемнің барлық театрында сұранысқа ие екендіктеріне көздерін жеткізуді мақсат еттік. Бүгінде бұл фестивальдың дәрежесі республикалық деңгейге жетті деп сеніммен айтуға болады», деп ой қорытты ол.
Аталған өнер байқауына Қостанай, Шымкент, Көкшетау, Қызылорда, Өскемен, Қарағанды және Жезқазған театрларынан келіп қатысқан жас әртістер, басқа да құрметті қонақтар форум-фестивальдың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын бірауыздан атап өтті.
Жезқазған