Жердің кіші жасанды спутниктерінің инновациялық конструкторларын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары ойлап тапты. Құрылғы оқушылар мен студенттерді ғарыштық аппаратты жобалау және құрастыру негіздеріне үйретуге арналған. Жабдық мемлекеттік тілде бағдарламалық қамтамасыз етумен және қажетті әдістемелік материалдармен жарақталған. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Илон Маск компаниясы ЖОО ғалымдары әзірлеген «Al-Farabi-2» наноспутнигін іске қосқан болатын.
«Конструктормен жұмыс істеу барысында білім алушылардың технология саласындағы дағдысы дамиды. Олар осы ғарыш аппаратын жобалауда практикалық білім алады. Конструктордың көмегімен оқушы немесе студент өз наноспутнигін жинап, оны гелий шарының көмегімен стратосфераға жібере алады. 2017 жылы ҚазҰУ-дың «Al-Farabi-1» алғашқы наноспутнигі ғарышқа ұшырылғанын атап өткім келеді. 2018 жылы Илон Маск компаниясы біздің университетте құрылған «Al-Farabi-2» екінші наноспутнигін іске қосты», деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми-технологиялық паркінің директоры Әмірхан Темірбаев.
Сондай-ақ ҚазҰУ ғалымдары физика заңдарын зерттеу үшін мобильді аппараттық-бағдарламалық кешен құрды. Жабдықтың көмегімен әртүрлі зертханалық жұмыс жүргізуге болады. Кешен басқа жабдықтармен салыстырғанда бірқатар артықшылыққа ие. Мобильді аппараттық-бағдарламалық кешен ықшам және мобильді: бүкіл кешен портативті чемоданға салынып, батареямен жұмыс істейді.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары медициналық имплантант үлгілерін шығаратын тәжірибелік-өнеркәсіптік учаскі құрды. Өнімдер жергілікті шикізат — жоғары сапалы титаннан жасалған. Жоба жоғары технологиялық саланың импортын алмастыруға бағытталған. Отандық импланттар өзіндік құны бойынша айтарлықтай төмен, яғни азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына қолжетімді.
«Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесе сынықтарға арналған 12-ден астам сұранысқа ие имплантатты анықтадық. Біз жасаған инновациялық титан кейдждер омыртқа аралық дискілерді ауыстыру үшін қолданылады. Олар құрылымы мен қасиеті бойынша адам сүйегіне барынша ұқсас. Имплантаттарды 3D-принтерде басып шығарамыз, қазір тәжірибелі үлгілер клиникалық сынақтардан өтіп жатыр. Титан имплантаттарының адам ағзасына тез бейімделетіні байқалады», деді орталықтың ғылыми қызметкері, PhD доктор Бағдат Азаматов.
Dulaty University студенттері инсульт алған науқастарды оңалтуға арналған инновациялық тренажер ойлап тапты. Олар құрылғыны «Science Slam-Қазақстан» ғылыми шоуында таныстырып, жас ғалымдар арасындағы байқаудың жеңімпазы атанды.
«Алдымызға инсультпен ауыратын науқастарды оңалтуға арналған арзан әрі тиімді тренажерды әзірлеу міндетін қойдық. Дизайны әртүрлі бұлшықет топтарына жаттығулар жасау үшін ыңғайлы етіп жасалды. Жүктеме дәрежесін және серіппелердің кернеуін өзгертуге болады. Сондай-ақ тренажер көмегімен инсульт алған науқастарды оңалту үрдісін айтарлықтай тездететін жеке курс ұйымдастыруға болады. Тағы бір артықшылығы –металдан, ағаштан және былғарыдан жасалған. Сондықтан көп уақыт пайдалануға жарамды, тозбайды», деді әзірлеушілердің бірі, жас ғалым Александр Скалкин.
«AMANAT»-та «Ұлы дала» әдеби байқауы қорытындыланды
Руханият • Кеше
Деректер журналистикасы бойынша оқу курсының таныстырылымы өтті
Аймақтар • Кеше
«Egemen» де, домбыра да сыйлады
Руханият • Кеше
Қасым-Жомарт Тоқаев «Жетісу» волейбол клубының жай-күйімен танысты
Президент • Кеше