Парламент • 01 Қазан, 2021

Мәулен Әшімбаев: Қазақ радиосы – ұлтымыздың бір ғасырлық шежіресі

393 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев радио қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев: Қазақ радиосы – ұлтымыздың бір ғасырлық шежіресі

«Құрметті радио қызметкерлері! Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысының бастамасымен белгіленген бұл күн биыл елімізде алғаш рет аталып өтуде. Оның өзіндік мәні бар. Себебі, биыл отандық радиолардың қарашаңырағы Қазақ радиосының хабар тарата бастағанына тура 100 жыл толып отыр. Осы жылдардың ішінде Қазақ радиосы халқымыздың күнделікті тыныс-тіршілігінен бастап тарихымыз бен дәстүрімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үлкен үлес қосты», деді Сенат Төрағасы.

Сондай-ақ жоғары палата басшысы әр жылдары осы ұжымда Әміре Қашаубаев, Ахмет Жұбанов, Шәкен Айманов, Шәмші Қалдаяқов сияқты біртуар тұлғалар еңбек еткенін, қазақ дикторлық мектебінің шыңында тұрған Әнуар Байжанбаев, Мина Сейітова, Сауық Жақанова сияқты майталман мамандар ұлт мақтанышына айналғанын атап өтті.

«Қазіргі таңда Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған әндер мен күйлер, сұхбаттар мен әңгімелер, жаңалықтар мен шолулар ұлтымыздың бір ғасырлық шежіресі десе, артық емес. Бауыржан Момышұлы, Мұқағали Мақатаев сынды ұлы тұлғаларымыздың даусы сақталған сирек жазбалардың бүгінге жетуі соның жарқын көрінісі. Тәуелсіздік отандық радио саласының дамуына тың серпін берді. Бұрын бір ғана Қазақ радиосы болса, егемендік кезеңінде ондаған жаңа радиолар ашыла бастады. Олардың тақырыптық аясы да айтарлықтай кеңейе түсті», деді ол.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта елімізде бұл сала бұдан да ерекше екпінмен дамитынына сенім білдірді.

«Еліміздегі барша радио қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтай отырып, зор денсаулық және шығармашылық табыс тілеймін! Ұлтты ұйыстыратын және отаншылдыққа үндейтін хабарларыңыз көп болсын!» деп аяқтады сөзін ол.