Қоғам • 01 Қазан, 2021

Халық санағы: Қатысушылардың 86 пайызы смартфон арқылы жауап берді

188 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов Ұлттық халық санағының аралық қорытындыларын баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Халық санағы: Қатысушылардың 86 пайызы смартфон арқылы жауап берді

«Ұлттық халық санағының басталғанына бір ай болды. Өздеріңіз білетіндей, бүгінге дейін санақ тек онлайн режимде өтті. Бұл мүмкіндік 15 қазанға дейін қолжетімді болатынын атап өткім келеді. Санақ сұрақтарына жауап берудің бірнеше жолы бар. Бұл sanaq.gov.kz мамандандырылған сайты, E-Gov порталы арқылы, сондай-ақ Aitu мобильді қосымшасын пайдалана отырып авторизациядан өтуге болады», деді Н. Айдапкелов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

1 қазан сағат 11:00-дегі жағдай бойынша онлайн санақтан 6 429 018 адам немесе 33,8% азамат өтті. Атап өтерлігі, респонденттердің 86 пайыздан астамы смартфон арқылы санақтан өткен.

«Санақтан онлайн режимде өткендер саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өңірдің 865 мың тұрғыны санақтан өткені туралы хабарлама алды. Алматы облысында 705 мың адам тіркелген. Көшбасшылар үштігін Шығыс Қазақстан облысы түйіндейді. Мұнда халық санағының сұрақтарына 612 мың адам жауап берді. Осы көрсеткіш бойынша Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарын соңғы орындарда. Бұл өңірлерде санақтан сәйкесінше 181 024 және 155 779 адам өтті», деді спикер.

Ал нақты өңірдің онлайн санақпен қамтылған халқы бойынша, Қызылорда облысы көш бастап тұр. Мұнда 48,8 % адам қамтылған. Екінші орында Шығыс Қазақстан облысы. Мұнда бұл көрсеткіш 45%-ға жеткен.