Спорт • 01 Қазан, 2021

Қазақстан шахматшылары ширек финалда ұтылды

701 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Испанияның Ситжес қаласында шахматтан өткен командалық әлем чемпионатында Қазақстанның әйелдер құрамасы ширек финалдан аса алмады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан шахматшылары ширек финалда ұтылды

Жарысқа қатысушы 12 команда алты-алтыдан екі топқа бөлінді. Құрамында Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Меруерт Камелединова және Гүлмира Дәулетова сынды сұлулары бар қазақстандықтар Германия (2,5:1,5) және Америкадан (2,5:1,5) басым түскенімен, Украинаға (1,5:2,5) есе жіберді. Турнирдің басты фавориттерінің бірі – Грузиямен (2:2) тең ойнадық. Соңғы кездесуде қазақстандықтар Польшамен кездесіп, көздеген нәтижесіне қол жеткізе алды. 7 ұпайды олжалаған жерлестеріміз В тобында үшінші орынды иеленді. Алдымызда – Грузия (8 ұпай) мен Украина (7 ұпай). Америка елдерінің құрамасы (3 ұпай) төртінші сатыға табан тіреді.

Ал А тобында Ресей озды. Олар 100 пайыздық нәтиже көрсетті. Одан кейінгі орындарды Үндістан (7 ұпай), Армения (5 ұпай) мен Әзірбайжан (4 ұпай) еншіледі.

Ширек финалда Үндістанмен шеберлік байқастық. Алғашқы кездесуде тең есеп (2:2) тіркелгенімен, екінші матчта жерлестеріміз (1,5: 2,5) жеңіліс тауып, жарысты аяқтады.