Жарысты Қазақстанның өрендері жақсы бастады. Құрамында Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Айдос Кенжеғұлов, Ирисбек Артукметов сынды сайыпқырандары бар жерлестерміз Ирактың ойыншыларын 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Іле-шала Мальдив аралдарынан айласын асырды – 3:1. Одан кейін Иорданияның тас-талқанын шығарды – 3:0.
Еліміздің әйелдер құрамасы Бангладеш және Шри-Ланкамен шеберлік байқасты. Бұл бәсекелерде Қазақ елі намысын Сарвиноз Миркадирова, Анастасия Лаврова, Зәуреш Ақашева және Әнел Бақыт қорғады. Екі кездесуде де жерлестеріміздің үстемдігі еш күмән туғызған жоқ – 3:0. Соңғы ойында ирандықтардан мерейіміз үстем болды – 3:1.
Осы жеңістерінің арқасында жерлестеріміз жарыстың екінші кезеңіне шығып қана қоймай, әлем чемпионатының жолдамасына иелік етті.