Аталған тур шымылдығы «Жетісу» (Талдықорған) мен «Астана» (Нұр-Сұлтан) кездесуімен ашылды. Екі команда турнир кестесінде қарама-қарсы жағдайда тұр. Елордалық клуб көш басында келе жатса, талдықорғандық футболшылар соңғы орында келеді.
Биыл бас жүлдеден басты үміткер ретінде саналып отырған «Астана» бұл кездесуде де сүрінген жоқ. Кездесу барысында елордалық клубтан Марин Томасов 21, 39, Фатос Бечирай 39-минуттарда соққан үш голына алаң иелері қатарынан Айбар Жақсылықов 37-минутта жалғыз голмен жауап қайырды. Осылайша «Астана» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті. «Астананың» чемпиондықтан басты қарсыласы - Қостанайдың «Тобылы» да бұл жолы сүрінген жоқ.
Қостанайлық команда бүгін Шымкенттің «Ордабасы» клубымен кездесуінде алдымен алаң иелері сапынан 25-минутта Иван Сергеев есеп ашса, одан кейін «Ордабасы» ойыншысы Сұлтанбек Астанов таразы басын теңестірді. Бұдан кейін тобылдық Зоран Тошич 74, Роман Асранқұлов 86-минутта есеп айырмасын ұлғайтты. Кездесуде «Тобыл» қарсыласын 3:1 есебімен тізе бүктірді. Турнир кестесінде 52 ұпаймен екінші орында тұр. Олардың көш басындағы «Астанадан» бір ұпайы кем.
Сондай-ақ, бүгін 19.00-де «Тұран» (Түркістан) мен «Шахтер» (Қарағанды), 20.00-де «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ақтөбе» жасыл алаңға шығады.