Білім • 03 Қазан, 2021

Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді мерекемен құттықтады

891 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін – Мұғалімдер күні. Мерекеге орай, Білім және ғылым министрі әріптестеріне құттықтау жолдады, деп жазады Egemen.kz.

Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді мерекемен құттықтады

«Қымбатты әріптестер, сіздерді кәсіби мерекеңіз – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мұғалім мамандағы әлемдегі ең құрметті, ең асыл мамандықтың бірі. Сіздер балаларды білім нәрімен сусындатып, оларға тәлім-тәрбие беру арқылы еліміздің дамуына баға жетпес үлес қосып келе жатырсыздар. Өйткені мұғалім балаларды білім әлеміне жетелеп, кейінгі буын өкілдерін тәрбиелейді», деді БҒМ басшысы.

Министр атап өткендей, пандемия мұғалім жұмысының маңыздылығын айқындап берді.

«Ата-аналар балаларды оқыту қаншалықты қиын екенін түсініп, мұғалімнің оқушы өмірінде маңызды орын алатынына тағы бір мәрте көз жеткізді. Ел Президентінің қолдауымен мұғалімдердің жалақысы артып, жаңа қосымша ақылар мен санаттар пайда болды. Мұғалімдерді өзіне тән емес функциялардан және қағазбастылықтан арылту үшін жүйелі әрі нақты шаралар қабылдадық. Педагог мәртебесін көтеру бойынша жұмыс жалғасын табады», деп атап өтті ол құттықтауында.

Аймағамбетов биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл екенін де тоқталды.

«Осы уақыт аралығында елімізде айтарлықтай өзгерістер болды. Білім беру жүйесі де өзгерді. Білімімізді шыңдап, жаңа дағдыларды игердік. Бұл жетістіктерге қол жеткізуде әріптестеріміздің, мұғалімдердің еңбегі мен кәсібилігінің үлесі орасан», деп айтты ол.

Осы орайда бас ұстаз әріптестеріне мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат, табыс тіледі.

«Қажырлы еңбектеріңіз, шыдамдылықтарыңыз және балаларға деген сүйіспеншіліктеріңіз үшін алғыс айтамын. Мереке құтты болсын!» деп Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді атаулы күнмен құттықтады.