Экономика • 03 Қазан, 2021

Жастарға – жаңа тұрғын үй бағдарламасы

4551 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Отбасы банк Elorda zhastary тұрғын үй бағдарламасын іске қосады.Төркіні «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» бастау алатын Отбасы банкінің оңды оқиғаларына жылдар бойы ортақтаса жүріп, «Армандар қалай орындалады, адамдар қалай мақсатына қол жеткізеді?» деген сауалдар туралы жиі ойланған екенбіз. Аталған банктің бастамаларына қалам тербей келе, көзіміз жеткен дүние – әрекетте берекет бар.

Жастарға – жаңа тұрғын үй бағдарламасы

Банк құрылғалы бері біраз бағдарлама іске асырылды. Талай рет үйлі болсам деп армандағандардың қоныс тойы­на ортақ болдық, қуаныштарына қо­сыл­­дық. Бірақ армандау жеткіліксіз. Жеке ша­ңыраққа ие болудың жолдарын, шарт­тарын қарастырып, банктің бағ­дар­ламаларынан хабардар болып отыр­ған да жөн.

Дегенмен, осы арада айта кету керек, жинаған қоры, артық ақшасы жоқ жас­тар банк арқылы үйлі болуға тәуекел ете бермейді, яки тиімді жолдарынан бейхабар. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Отбасы банкімен бірге елор­да­лық жастарға тиімді шарттармен тұр­ғын үй сатып алуға көмектесетіндігі тура­лы баяндамас бұрын, «Алматы жас­тары» бағ­дарламасы арқылы баспаналы бол­ған әріптесіміз Арайлымның нақ­ты мы­салын айта кетуге болады. Атал­ған бағ­дарлама арқылы бір арманы орын­дал­ған Арайлымды қоныс тойымен құт­тықтай отырып, қуанышты оқиғаның жай-жапсарын сұраған едік.

– Қазіргі таңда «31 арнаның» digital продюсерімін. Биыл мемлекет ұсынған «Алматы жастары» бағдарламасы ар­қы­лы 26 жасымда баспаналы болып отырмын. Ата-анам мен туған-туыстарымның қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әке-шешелеріміз Алматыдан бас­пана алу үшін кезінде қаншама жылдар бойы тоқтаусыз еңбек еткен еді. Ал бұл бағдарлама – қазіргі жастар үшін мемлекет ұсынған үлкен демеу! Алғашқы жарнаны жылдар бойы жинамай-ақ, баспаналы болуға таптырмас мүмкіндік. Қазіргі таңда көп жастар баспаналы болу мақсатында шетелге қара жұ­мыс­қа кететіні бәрімізге мәлім. Осының сал­дарынан қаншама қазақ жастары елге қайтпады. «Алматы жастары» бағ­дар­ламасы арқылы көптеген жас отандастарымыз өз елімізде еңбек етіп, үйлі болып жатыр. Оның бірі – мен. Өз үйімнің болғаны маған үлкен құлшыныс берді. Мемлекеттің жастарға осындай мүмкіндік бергенін ескере отыра, елімізге адал қызмет етуге талпынамын, – дейді Арайлым Қапасбек.

Дәл осы «Алматы жастары» бағ­дар­ла­масының Elorda zhastary деген баламалы түрі Нұр-Сұлтан қаласында да ашылады. Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы – елорда әкімдігі мен Отбасы банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) бірлескен жобасы. Жоба жас мұғалімдерге, дәрігерлерге, журналистерге, мәдениет саласының қызметкерлеріне, спортшыларға, әлеу­мет­тік және коммуналдық қызмет қыз­мет­керлеріне, жетім балаларға жеке тұр­ғын үй сатып алуға жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, Elorda zhastary бағдарламасы бойынша қарыз алушылардың жасы 35-тен аспауы тиіс.

Ендігі жерде осынау бастама алға жылжып, жуырда Нұр-Сұлтан қала­сы­ның әкімі Алтай Көлгінов пен Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибра­ги­мова ынтымақтастық туралы тиіс­ті ме­морандумға қол қойды.

– Elorda zhastary – табысы жоғары емес жастарға тұрғын үй мәселесін шешуге арналған. Біз олардың Отбасы банкінің есепшоттарында құлшыныспен ақша жинап жатқандарын және де пәтер алуға дайын екенін білеміз, бірақ олардың қаражаты мен мүмкіндіктері жеткіліксіз. Ал жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылса, олар биыл жаппай қоныс то­­­йын тойлауға мүмкіндік алады. Оның дәлелі ретінде Алматы қаласын келтіруге болады. Аталған қалада осыған ұқсас бағ­дарлама үлкен сұранысқа ие. Оның көмегімен қазірдің өзінде тұрғын үй мәселесін 2 мың алматылық шешті, – деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Elorda zhastary тұрғын үй бағдар­ламасы бойынша қарыз алушыларды несиелендірудің алғашқы траншы –
1 млрд теңгеге тең. Оның 500 миллионы Нұр-Сұлтан мәслихатының шешімімен, тағы 500 миллионы Отбасы банкінің жеке қаражаты есебінен бөлінген. Бұл қаражат бағдарламаның 100 қатысушысына несие беруге көмектеседі.

Әлеуетті қарыз алушылардың тізімін жергілікті атқарушы билік қа­лып­тас­ты­ра­ды. Бағдарламаға қатысу үшін qatysu.zhilfond.kz сайтында жақын арада өтініш беруге болады. Авторизациядан өту үшін электронды цифрлы қолтаңба қажет, оны онлайн режімінде немесе жақын орналасқан халыққа қызмет көрсету орта­лы­ғында алуға болады.

Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқ­тал­ған соң қатысушыларды іріктеу басталады. Үміткерлер пулы балдық жүйе бо­йынша қалыптасады. Ол еңбек өтілін және өтініш берушінің (ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе олардың балаларының) 1, 2, 3 мүгедектік тобына жататын-жатпайтынын ескереді.

Пул құрылғаннан кейін оның қаты­су­шылары Отбасы банкінен несие алуға жолдама алады. Банк бағ­дар­ла­ма қатысушысының төлем қабі­лет­­тілігін тексеріп, жылдық 5 пайызбен же­ңілдетілген несие береді. Алғаш­қы жарна – 10%. Елордалық жас тұр­ғын­дар­ға берілетін несиенің ең жоғары сомасы – 13 млн теңге, алайда өтініш беруші өз қаражаты есебінен айырмасын төлеуге дайын болса, үйдің бағасына шектеу қойылмайды. Мерзімі – 25 жылға дейін. Оның көмегімен алғашқы немесе қайталама нарықтан, сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-тың кепілдемесімен үлестік қатысу шартымен салынып жатқан тұрғын үйге қол жеткізуге болады.

Сонымен Elorda zhastary қаты­су­шыларына қойылатын талаптар төмен­де­гідей:

Өтініш берген уақытта қатысушының жасы 35-тен (қоса алғанда) аспауға тиіс.

Қатысушының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 1 жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласында үздіксіз тұрақты тіркеуі болуы қажет;      Қатысушының Отбасы банкінде сатып алатын баспана құнының 10% мөлшеріндегі алғашқы жарнасы бар депозиті болуға тиіс (салымның бар екендігі туралы анықтама немесе шот бойынша үзінді көшірме).

Соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағында сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйі немесе меншік құқығында тұрғын үйі болмауы қажет.

Қатысушының өтініш берген кезде кемінде соңғы бір жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласында таңдалған саласын­да ресми жұмыс тәжірибесі болуға тиіс. Ол зейнетақы шотының үзінді көшір­ме­сі­мен расталады.

Отбасының 1 мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы табыс 3,9 ең төменгі күнкөріс деңгейінен немесе 133 778 тең­ге­ден аспауға тиіс (зейнетақы жарналары, жеке табыс салығы және басқа да міндетті жарналарды қоспағанда).

Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.

Есептеуге оңай болу үшін, былай да түсіндіре кетуге болады. Егер несиеге 13 млн теңге (ең жоғары сома) тұратын үй немесе пәтер алатын болсаңыз, Банк талаптарына сәйкес, екі адамның айлық табысы 210 мың теңгеден кем болмауға тиіс. Несие шарттарына сәйкес, алғашқы 8 жылда 101 000 төлеп отыру керек болса, тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйе­­сінің икемді артықшылықтарының арқа­сын­да, несие мөлшерлемесі 5 пайыздан 3,7 пайызға дейін төмендеп, кейінгі жылдардағы төлем екі есеге, яғни 52 720 теңгеге азаяды.

Реті келіп тұрғанда, Отбасы банк пайда болғалы бері Нұр-Сұлтан қаласында жасы 18-35 аралығындағы салымшылар саны – 112 433, адам басына шаққанда жи­нақ­талған сома – 771 779 теңге бол­ға­нын айта кетуге болады. 2016 жылдан бері елордада 18-35 жастағы салымшылар саны – 20 637 адамға жетті.