Банк құрылғалы бері біраз бағдарлама іске асырылды. Талай рет үйлі болсам деп армандағандардың қоныс тойына ортақ болдық, қуаныштарына қосылдық. Бірақ армандау жеткіліксіз. Жеке шаңыраққа ие болудың жолдарын, шарттарын қарастырып, банктің бағдарламаларынан хабардар болып отырған да жөн.
Дегенмен, осы арада айта кету керек, жинаған қоры, артық ақшасы жоқ жастар банк арқылы үйлі болуға тәуекел ете бермейді, яки тиімді жолдарынан бейхабар. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Отбасы банкімен бірге елордалық жастарға тиімді шарттармен тұрғын үй сатып алуға көмектесетіндігі туралы баяндамас бұрын, «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы баспаналы болған әріптесіміз Арайлымның нақты мысалын айта кетуге болады. Аталған бағдарлама арқылы бір арманы орындалған Арайлымды қоныс тойымен құттықтай отырып, қуанышты оқиғаның жай-жапсарын сұраған едік.
– Қазіргі таңда «31 арнаның» digital продюсерімін. Биыл мемлекет ұсынған «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы 26 жасымда баспаналы болып отырмын. Ата-анам мен туған-туыстарымның қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әке-шешелеріміз Алматыдан баспана алу үшін кезінде қаншама жылдар бойы тоқтаусыз еңбек еткен еді. Ал бұл бағдарлама – қазіргі жастар үшін мемлекет ұсынған үлкен демеу! Алғашқы жарнаны жылдар бойы жинамай-ақ, баспаналы болуға таптырмас мүмкіндік. Қазіргі таңда көп жастар баспаналы болу мақсатында шетелге қара жұмысқа кететіні бәрімізге мәлім. Осының салдарынан қаншама қазақ жастары елге қайтпады. «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы көптеген жас отандастарымыз өз елімізде еңбек етіп, үйлі болып жатыр. Оның бірі – мен. Өз үйімнің болғаны маған үлкен құлшыныс берді. Мемлекеттің жастарға осындай мүмкіндік бергенін ескере отыра, елімізге адал қызмет етуге талпынамын, – дейді Арайлым Қапасбек.
Дәл осы «Алматы жастары» бағдарламасының Elorda zhastary деген баламалы түрі Нұр-Сұлтан қаласында да ашылады. Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы – елорда әкімдігі мен Отбасы банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) бірлескен жобасы. Жоба жас мұғалімдерге, дәрігерлерге, журналистерге, мәдениет саласының қызметкерлеріне, спортшыларға, әлеуметтік және коммуналдық қызмет қызметкерлеріне, жетім балаларға жеке тұрғын үй сатып алуға жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, Elorda zhastary бағдарламасы бойынша қарыз алушылардың жасы 35-тен аспауы тиіс.
Ендігі жерде осынау бастама алға жылжып, жуырда Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова ынтымақтастық туралы тиісті меморандумға қол қойды.
– Elorda zhastary – табысы жоғары емес жастарға тұрғын үй мәселесін шешуге арналған. Біз олардың Отбасы банкінің есепшоттарында құлшыныспен ақша жинап жатқандарын және де пәтер алуға дайын екенін білеміз, бірақ олардың қаражаты мен мүмкіндіктері жеткіліксіз. Ал жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылса, олар биыл жаппай қоныс тойын тойлауға мүмкіндік алады. Оның дәлелі ретінде Алматы қаласын келтіруге болады. Аталған қалада осыған ұқсас бағдарлама үлкен сұранысқа ие. Оның көмегімен қазірдің өзінде тұрғын үй мәселесін 2 мың алматылық шешті, – деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Elorda zhastary тұрғын үй бағдарламасы бойынша қарыз алушыларды несиелендірудің алғашқы траншы –
1 млрд теңгеге тең. Оның 500 миллионы Нұр-Сұлтан мәслихатының шешімімен, тағы 500 миллионы Отбасы банкінің жеке қаражаты есебінен бөлінген. Бұл қаражат бағдарламаның 100 қатысушысына несие беруге көмектеседі.
Әлеуетті қарыз алушылардың тізімін жергілікті атқарушы билік қалыптастырады. Бағдарламаға қатысу үшін qatysu.zhilfond.kz сайтында жақын арада өтініш беруге болады. Авторизациядан өту үшін электронды цифрлы қолтаңба қажет, оны онлайн режімінде немесе жақын орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығында алуға болады.
Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң қатысушыларды іріктеу басталады. Үміткерлер пулы балдық жүйе бойынша қалыптасады. Ол еңбек өтілін және өтініш берушінің (ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе олардың балаларының) 1, 2, 3 мүгедектік тобына жататын-жатпайтынын ескереді.
Пул құрылғаннан кейін оның қатысушылары Отбасы банкінен несие алуға жолдама алады. Банк бағдарлама қатысушысының төлем қабілеттілігін тексеріп, жылдық 5 пайызбен жеңілдетілген несие береді. Алғашқы жарна – 10%. Елордалық жас тұрғындарға берілетін несиенің ең жоғары сомасы – 13 млн теңге, алайда өтініш беруші өз қаражаты есебінен айырмасын төлеуге дайын болса, үйдің бағасына шектеу қойылмайды. Мерзімі – 25 жылға дейін. Оның көмегімен алғашқы немесе қайталама нарықтан, сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-тың кепілдемесімен үлестік қатысу шартымен салынып жатқан тұрғын үйге қол жеткізуге болады.
Сонымен Elorda zhastary қатысушыларына қойылатын талаптар төмендегідей:
Өтініш берген уақытта қатысушының жасы 35-тен (қоса алғанда) аспауға тиіс.
Қатысушының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 1 жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласында үздіксіз тұрақты тіркеуі болуы қажет; Қатысушының Отбасы банкінде сатып алатын баспана құнының 10% мөлшеріндегі алғашқы жарнасы бар депозиті болуға тиіс (салымның бар екендігі туралы анықтама немесе шот бойынша үзінді көшірме).
Соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағында сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйі немесе меншік құқығында тұрғын үйі болмауы қажет.
Қатысушының өтініш берген кезде кемінде соңғы бір жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласында таңдалған саласында ресми жұмыс тәжірибесі болуға тиіс. Ол зейнетақы шотының үзінді көшірмесімен расталады.
Отбасының 1 мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы табыс 3,9 ең төменгі күнкөріс деңгейінен немесе 133 778 теңгеден аспауға тиіс (зейнетақы жарналары, жеке табыс салығы және басқа да міндетті жарналарды қоспағанда).
Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
Есептеуге оңай болу үшін, былай да түсіндіре кетуге болады. Егер несиеге 13 млн теңге (ең жоғары сома) тұратын үй немесе пәтер алатын болсаңыз, Банк талаптарына сәйкес, екі адамның айлық табысы 210 мың теңгеден кем болмауға тиіс. Несие шарттарына сәйкес, алғашқы 8 жылда 101 000 төлеп отыру керек болса, тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесінің икемді артықшылықтарының арқасында, несие мөлшерлемесі 5 пайыздан 3,7 пайызға дейін төмендеп, кейінгі жылдардағы төлем екі есеге, яғни 52 720 теңгеге азаяды.
Реті келіп тұрғанда, Отбасы банк пайда болғалы бері Нұр-Сұлтан қаласында жасы 18-35 аралығындағы салымшылар саны – 112 433, адам басына шаққанда жинақталған сома – 771 779 теңге болғанын айта кетуге болады. 2016 жылдан бері елордада 18-35 жастағы салымшылар саны – 20 637 адамға жетті.